Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеуге бағытталған технологиялық шешімдер жобасы басталды.
Жоба қатысушылары мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеуге және олардың толыққанды өмірін ұйымдастыруға бағытталған инновациялық шешімдер ұсынады. «TOM: Nur-Sultan» деген атпен бастау алған мейкатон 3 кезеңде жүзеге асырылады. Мейкатон форматында өнертапқыштар 72 сағат ішінде өз үлгілерін ұсынулары қажет.
Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек креативті әрі дарынды жас өнертапқыштар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосатын бұл алаңда мүгедектердің күнделікті тұрмысында кездесетін кедергілерді жеңуге бағытталған тың технологиялық шешімдер ұсынылатынына сенімді.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының атқарушы директорының орынбасары Александр Хоркин жобаға қатысу арқылы тобымен бірге өзі сияқты ерекше қажеттілігі бар жандардың өмірін жеңілдетуді көздейді.
«Марафонда түрлі сала мамандарынан құралған ерекше тобымыз бар, жобаға қатысу өз мүмкіндігімізді көрсету ғана емес, әлеуметтік кәсіпкерлікте өзімізді сынап көру болып отыр. Осындай мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, өзім секілді жандардың жаңа қырын танытуға бағытталған жобалар көп болса екен деймін»,- деді А. Хоркин.
Ұйымдастырушылардың бірі Тель-Авив университетінің достар қауымдастығының вице-президенті Сания Арапова биылғы мейкатонның басты ерекшелігі жаңа кезіңнің қосылуында дейді.
Жаңа кезеңде жоғары оқу орындары мен колледждер жобаларын ауызша таныстыра алады. Бұл елордадағы оқу орындарының студенттерін жобаға қатысуға шақыруға мүмкіндік бермек. Осылайша ұйымдастырушылар мейлінше көп жасты игі бастамаға жұмылдыруды көздейді.
Шара Назарбаев Университетінің Инновациялық кластерінің Fab Lab зертханасының алаңында өтеді.
Қатысам деушілер 2 наурыз - 1 сәуір аралығында тіркеле алады. Жобаға жеке немесе топпен қатысуға болады.
Ideathon кезеңі осы жылдың 11-13 наурыз күндері өтпек. Ал 15 сәуір күні өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, прототиптерді дайындауға кіріседі. Соңғы кезеңде 15-18 мамыр күндері 72 сағат ішінде қазылар алқасына дайын жобалар таныстырылады.
Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 7 команда қатысқан мейкатон өткен еді. Сәтті шыққан екі прототип пайдалануға берілді.
Жоба мүгедек жандардың мәселесін шешіп қана қоймай, әлеуметтік кәсіпкерлі дамытуды мақсат еткен.