Шымкентте көктемгі тазалық жұмыстарына орай қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық іс-шарасына Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, ЖОО-ның студенттері және еріктілерді қамтыған 46 мыңнан аса адам атсалысты.
Үшінші мегаполис басшысының бастамасымен Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шарада қала аумағы қоқыстан тазартылып, көшет отырғызылды.
«Қаламыздың атының өзі қайырымдылық ұғымын айтып тұрғандай. ТМД елдерінің Мәдени астанасы жылына орай қала көшелері тазартылудан тыскөпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қаспеті жөндеуден өткізілуде. Бұған жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер өз үлестерін қосуда», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бүгінгі жалпықалалық сенбілікке 60-тан астам арнайы техника жұмылдырылды. Барлығы 210 345 шаршы метр аумақтан 295 текше метр қоқыс қала сыртына шығарылып, 385,4 метр ирригациялық арық, 31 271 шаршы метр жол жиегі тазаланды. Сонымен қатар, жасыл желекті түрлі зиянкестерден қорғау мақсатында 8160 ағаш əктеліп, Н.Назарбаев даңғылы, Арғынбеков, Жангелдин көшелеріне, Қошқар ата өзені мен Дендросаябаққа 6000-ға жуық көшет отырғызылды.