Біз қазақ ауылында туып-өстік, анамыз алты ұл мен қызды аман-есен жетілдірді. Әкем соғыс мүгедегі еді, ерте қайтыс болды. Ұжымшардың төрағасы Әлкен ағай үнемі біздің үйге қарасып, бір сиырымыз бен бес-алты ұсақ тұяқтың жем-шөбін, үйімізге жағатын отынның кем болып қалмауын көзінен таса қылмай, қадағалап жүретін.
Біз қазақ мектебінде оқыдық, қазақ балаларының ортасында өстік. Мектепте оқытатын қазақ әдебиеті мен тілін қазақтардан артық білмесек, кем білген жоқпыз. Бізбен бірге бір неміс, сосын украин баласы да оқыды. Көптеген қазақ баласы сияқты біз де орысшаға икемсіздеу болып өстік. Қазақша өлеңдер мен әндерді жұрттан бұрын жаттап алатынбыз. Анам Әнипа кейбір қазақ сөздерін дұрыс айтпай, татаршыласа күлетін едік. Қазақша қалай дұрыс айту керектігін үйрететінбіз. Өзі барлық көршілес қазақ әйелдерімен тату болды. Қолы ісмер еді. Ұзатылатын қыздың, түсетін келіннің – барлық той-томалақ болатын үйдің жасауларына менің анам белсене қатысып жүретін. Бір үйде той болса, біз қуанатынбыз, өйткені шешеміз сол үйден ылғи ыстық сорпа-суан ала келіп, бізді бір тойдыратын.
Қазақтар мейірімді халық қой. Ешқашан бізді басқа ұлтсың деп шеттеткен емес. Біз бәрімен де туыстары секілді араласатынбыз. Біздің ең кішіміз Рамильден басқамыздың бәрі қазақпен отау құрдық. Қыздарымыз да қазаққа тұрмысқа шығып, қазір қазақ отбасыларының түтіндерін түтетіп отыр.
Мен қазақ ортасында өсіп, қазақтармен тығыз араласқанымды өзімнің бір бақытым деп санаймын. Біз барлық қазақ дәстүрін өзімізге қабылдағанбыз. Басқа халықтардікін сыйлағанымызбен дәл біздікіндей емес екен деп кемшілік тауып тұрамыз. Кіші інім Рамиль татар қызын алды. Сонда олардың құда күтулеріне көңіліміз толмады. Біздегі сияқты ет асып, астау толы қазы-қарта болмаған соң біз татардың бәліш-мәліштеріне қанағаттанбадық. Үйге келген соң қайтадан өзімізше ет асып едік...
Бүгінгі Алғыс айту күнінде мен алдымен қазақ халқына ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл халықтың мейірімі мол, жүрегі кең. Ешқашан ешкімге алауыздық жасамайды. Сондықтан қазақ халқы жасай берсін деп тілеймін.
Рашид ГАТАУЛЛИН,
«Татар-башқұрт» этномәдени орталығының мүшесі,
қарт ұстаз
Солтүстік Қазақстан облысы