• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2020

Қашқансудан құт таптық

177 рет
көрсетілді

Біз – Қармақшы ауданындағы Қашқансу аумағына кешегі депортация кезінде Қап тауынан келгендердің ұрпағымыз. Әкелеріміз сол бір қиын-қыс­тау шақта қабақ шытпай, қайта қолындағы барын берген қазақ­тар­дың қонақжайлығы туралы айтып отыратын. Өзімнің де кішкентайдан бірге өскен достарымның арасында қазақ жігіттері көп.

Қармақшыда ІІІ Интер­на­цио­нал атты ауыл бар. Сан ұлт­тың басын қосқан елді мекен ежелден бірлік арқылы жеткен берекесімен танымал. Осы ауыл­да тудым, ер жеттім, еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Әскерден оралып, кәсібімді қайта жалғастырдым. 2005 жылдан бастап тәуекел ердің ісі деп, «Ақниет» шаруа қожалығын аштым.

Бұл жерде айтпағым, қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген жақсы сөз бар ғой. Кезінде аталарымыз арып-ашып жеткенде, олардың қолтығынан демеп, жарты дәнді жарып берген қазақтар болмаса біз бұл күнге жетпес едік.

 Шүкір, еңбек адамы ретінде елеусіз қалған кезім жоқ. Бір­не­ше мәрте грамоталар алдым, «Ауыл шаруашылығы сала­сындағы үздік кәсіпкер» номи­нациясының иегері атандым. Осы жетістік биігінде тұрған сәтте есіме ең алдымен қазақтардың бізге жасаған жақсылығы түседі.

«Саусақ бірікпей, ине ілік­пейді» деген бар. Біз талай кезеңнен бірлігіміздің арқа­сын­да аман өттік. Қазақстан ер­кіндік алған жылдары «көп этносты мемлекет енді іштен іриді» деген мысықтілеулі болжам жасағандар да болмай қалған жоқ. Бірақ қазақ ба­уыр­ла­рымыздың дархан­ды­ғының арқасында олардың дегені бола қойған жоқ, қайта бірлігіміз беки түсті.

Бізде басқа Отан жоқ. Үлкен ұлым Абдулла жергілікті уни­вер­ситетті бітіріп, мұнай сала­сын­да жұмыс істеп жатыр. Екін­ші ұлым Изнул да – жоғарғы бі­лімді маман. Қазір шаруа қожа­лығында маған қолқабыс етіп жүр. Қызым Рабия медицина саласын таңдады. Ол да бола­шақта маман ретінде осы өңірдің, елдің өркендеуіне үлес қоспақ.

Қашқансудың табанынан құт тапқан түріктердің қазақ бау­­ыр­лармен мұраты ортақ, мүд­десі бір.

 

Аштар МУРАТОВ,

«Ақниет» ШҚ төрағасы

 

Қызылорда облысы