• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Наурыз, 2020

Арыстағы ағайын Жетісу жұртына алғыс айтты

320 рет
көрсетілді

1 наурыз – Алғыс айту күнінің қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінің Талдықорғандағы тілшілер қосынына Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова хабарласып, Алматы облысындағы ағайынға шын аналық ақ тілегін айтып, жерлестерінің атынан ақжарма алғысын жеткізді.

 

 

– Мен жақында Талдықорған­ға арнайы барып, облыс әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынына қатысқан едім. Жина­лыстан соң арнайы сөз сұрап, сын сағатта Арыс халқының қиын­­­дығын бөлісіп, жанымыз­дан та­былған, қираған үй-жайы­мыз­ды қалпына келтіруге көмек бер­ген Жетісу жұртына, әкім­ші­лік қызметкерлерге, құрылыс­шылар­ға рахметімді айттым. Алғыс айту күніне орай жерлестерімнің атынан сіздердің газет арқылы тағы да ризашылығымызды жеткізгіміз келеді, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова.

Өткен жылы Арыс қаласында орналасқан әскери қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, бейбіт тұрғындар зардап шеккен-ді. Көптеген үй қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Арыс трагедиясының салдарын жоюға тұтас Қазақстан жұрты жұмы­лып, мемлекет тарапынан арнайы шара қабылданған еді. Қала­дағы қираған үйлерді жөндеуге еліміздің барлық аймағы кірісіп, облыс әкімдіктерді әр аумақ бо­йынша жауапты болды. Қалыпқа келтіру жұмыстарына Алматы облысы да бел шеше кірісіп, құ­рылысқа қарқын қосты.

– Арыс оқиғасы Жетісу хал­қы­ның да қабырғасын қайыс­­тырды. Тұрғындар зардап шеккен адамдарға ерікті түр­де көмек көрсетуді қолға алып, азық-тү­лік, киім-кешек, құрылыс­қа қа­жетті заттар жинауды ұйым­дастырып, ақшалай да көмек беруге кірісті. Облыстан бірнеше рет қайырымдылық керуені жа­сақталып, Арысқа жөнелтілді. Мұның бәрі қазақ халқының қиын­дықты бірге жеңуге жұмыла­тын ауызбірлігін көрсетті. Ал Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ар­найы барып, тұрғындармен кездесті. Осы жолы зақымданған үй мен ғимараттарды толық жөн­деуге тапсырма берді. Бұл ауырт­палықты әр облыс көтеретін болды. Қаланы жекелеген секторға бөліп қалыпқа келтірудің жолын айтты. Алматы облысы­ның үле­сіне 15 учаске тиді. Біз қалып­қа келтіру жұмысын жедел бастадық. Сондай-ақ Арыс мектептерінде оқитын 150 баланы Жетісудың табиғаты тамаша шипажайларында тегін демалу­ға шақырып, жазғы каникулді қызықты өткізуге күш салдық, – деп еске алады бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов.

Былтыр Арыс қаласын қал­пы­на келтіруге Алматы облысы­ның бюджетінен 1 млрд 393 млн теңге бөлінген екен. Бұдан бө­лек ел Үкіметінің қосал­қы қо­­ры­­нан бөлінген 1 м­лрд тең­ге қаржыны да облыс­тың құрылыс компаниялары иге­ріп, қалпына келтіру жұмыс­тарына жұм­са­ды. Жетісу­лық құры­лыс­шы­­лар жөндеу жұмыстарын толық аяқ­тап, тұрғын үй мен ғимарат­­­тар­ды көрсетілген мерзімде пай­да­лануға берді. Яғни, 802 жеке бас­­пана толықтай жаңғыртылып, 18 тұрғын үйдің құрылысы дер кезінде бітті.

– Өткен жылдың 24 маусымы – арыстықтардың басына ауыр қайғы түскен күн ретінде есімізде қалды. Орын алған төтенше жағ­дай халқымыздың қабырғасын қайыстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, қазақстандықтарды Арыс­қа көмек қолын созып, қаланы қалпына келтіруге шақырды. Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен Арысқа көмек ағылды. Қаланы қалпына келтірудің жос­пары жасалып, тұратын аума­ғы­мыз 17 бөлікке бөлінді. Солар­дың ішіндегі тұрғын үйлері, әлеумет­тік, коммерциялық нысандары көп, адамдар тығыз орналасқан біз тұрған аумақты қалпына кел­тіру міндеті Алматы облысына берілді. Жетісулықтарға дән ризамыз. Облыс әкімінің бірінші орын­басары Ләззат Тұрлашев бастаған топ жаз бойы Арыста, құрылыс басында жүрді. Амандық Баталовтың өзі де бірнеше рет келіп, жұмысты көрді. Біз күн суы­ғанға дейін баспанамыз жөн­дел­се деген тілекпен жүрдік. Рах­мет, жетісулықтар азамат екен. Арада бірнеше ай өтпей қала қал­пына келіп, үйлеріміз жөнделді, кейбірі жаңадан салынды. 2020 жылды сол жаңа үйімізде қарсы алдық. Жетісу жұртынан айналайын, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова.