Тақырып мәлім, көркем шығарма жетерлік. Мән-мағынасын терең түйсін де мәнерлеп оқып, жүректерге жеткізе біл. Түркістан облысы, Түлкібас ауданында өткен дәстүрлі «Салбурын – мереке ғой саятшыға» атты іс-шара биыл жаңа форматта өтті.
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Ата-бабамыздан қалған дәстүрді кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында саятшылар мерекесі бұл жолы әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен байланыстырыла көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ретінде ұйымдастырылды. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау, әл-Фараби, Абай және басқа да классиктердің шығармаларын орындау арқылы көркем әдебиетке жастардың ықыласын арттыруды мақсат еткен байқауда жүлделі орынға лайықтылар көп болды. Іс-шара барысында көрермендерге ұлы тұлғалардың өмір жолына және саятшылық дәстүрге қатысты көрме ұйымдастырылып, облыс және аудан өнерпаздары тарапынан ән-шашулар тарту етілді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Ахметов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ұлттық салт-дәстүрді бұқара халық арасында насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Мағжан Бекеев жеңіп алса, ІІ орынға Нұрсезім Күндебай, Алуа Кеңесбай ие болды, ал ІІІ орынға Асмира Абдалиева мен Мейірхан Топанбай лайық деп танылды. Жеңімпаздарға аудан әкімінің алғыс хаты мен сертификаттар табыс етілді. Айта кетейік, соңғы жылдары өңірдің әрбір аудан, қалаларының табиғи ерекшеліктеріне сай түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
Түркістан облысы