Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттау мәселесіне ерекше мән бергені белгілі.
Әсіресе ұлттың терең тарихынан бастау алатын мәдени-рухани құндылықтарды сақтай отырып, оны өскелең ұрпаққа жеткізуге айрықша ден қойылған. Осы мақсатта жыл сайын Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылады. Аталған акция биыл да жалғасын табуда әрі оған үн қосушылар да баршылық.
Жуырда мұражай қоры тағы да бірнеше жәдігермен толықты. Атап айтар болсақ, Көптерек ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылының тұрғыны Аят Әбілдаев музейге өз қолымен жасаған ат әбзелі – ер тоқым мен алты өрімді қамшыны сыйға тартты.
Бірнеше жылдан бері көпшіліктің тапсырысымен ер тоқым, жүген, ауыздық, шылбыр, қамшы тағы басқа жабдықтарды жасап, халқымыздың қазыналы өнерін дамытып отырған қолөнерші бұл бұйымдарын мұражайға сыйлауды жөн көріпті.
– «Әу бастан-ақ ата-баба тұрмысы жылқы малымен тікелей байланысты болғандықтан, оның бұйым-жабдықтарын жасап, пайдалану да өзіндік өнер саналады. Бұл істі жаныма серік еткеніме бірнеше жыл болды. Мұндай тұрмыстық бұйымдар кейінгі ұрпақ үшін аса бағалы мұра болады деп есептеймін. «Музейге сый» акциясы жөнінде басылым бетінен хабардар болып, мен де өз үлесімді қосуым керек деп шештім. Бұл әрбіріміздің азаматтық парызымыз, – дейді Аят Ақжолтайұлы.
Ал біз өз кезегінде шеберге үлкен алғысымызды білдіре келе, оның қолынан шыққан ер тоқым мен қамшыны музейдің этнография залына орналастырып, халқымыздың ат әбзелдерін ұстап-тұтынудағы мақсат-мүдделерін музей келушілеріне түсіндірудеміз.
Айдана ШОТБАСОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы