Қызылорда облысының әкімдігінде білім саласындағы жаңа басқару жүйесі мен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жайын талқылаған аппарат мәжілісі өтті. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен жиында халық санағын өткізуге дайындық жұмыстары туралы да айтылды.
Білім саласындағы жаңа басқару жүйесі туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов баяндама жасады. Оның айтуынша жаңа басқару жүйесі екі кезеңде жүзеге асырылмақ.
Енді аудан, қала әкімдіктеріндегі білім беру саласындағы функциялар облыстық басқармаға берілмек. Осыған сәйкес, «Білім туралы» Заңның 6-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде және 2021 жылғы қаңтардан бастап білім саласын қаржыландыру облыстық жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне беріледі.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы жұмыстардан хабардар етті.
1 қаңтардан бастап АӘК алатын еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамту үшін 4164 шара жоспарланған, оның 926 тұрақты жұмыс орындары. Бүгінгі күнге АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 11177 адамның 1652-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 39,8 пайызы немесе 657 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Атаулы әлеуметтік көмекті тек мұқтаж отбасылар ғана алуы тиіс.
Облыс бойынша 2 айда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы еңбекке жарамды адамның тек 39,8 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ең төменгі көрсеткіш Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында. Қазалы ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды адамдардың небәрі 4,9 пайызы ғана жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Қазалы ауданы әкімдігі бұл мәселені қатаң бақылауға алсын. Сонымен қатар биыл өткізілетін санаққа байланысты, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру жұмыстарын аяқтап және шаруашылық кітабындағы есепке алу деректері бойынша нақтылау жұмыстарын жүргізсін, деді облыс әкімі.
2020 жылғы халық санағын өткізуге дайындық жұмыстары туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева баяндама жасады.
Аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.