• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 03 Наурыз, 2020

Иранда 23 депутат коронавирус жұқтырған

876 рет
көрсетілді

Қытайдан басталып, әлемнің 70-ке жуық еліне жайылған коронавирусқа қатысты соңғы ақпарат осында.

19:26

Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандар саны 51-ге жетті

Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок Ұлыбританияда індет жұқтырғандар саны 51-ге жеткенін мәлімдеді. 

Сонымен қатар, ол Ұлыбритания үкіметі мен елдің ұлттық денсаулық сақтау қызметі дағдарысқа қарсы әрекет етуге дайын екенін жеткізді.

________________________________________________________________________________________

18:40

Иранда 23 депутат вирус жұқтырған

Иранда індеттен көз жұмғандар саны 77-ге жетті. 

Елдің денсаулық сақтау органдары 2336 адам коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алиреза Раиси мемлекеттік БАҚ-қа соңғы тәулікте 835 науқас анықталғанын және 11 адам қайтыс болғанын хабарлаған.

Иран Қытайдан кейін вирустан көз жұмғандар саны ең көп ел.

Кейбір мәлімет бойынша Иранда коронавирустан қаза болғандардың саны әлдеқайда көп. 

 _________________________________________________________________________________________

18:15

Францияда 100-ден астам мектеп жабылды

Франция билігі вирус көп тараған аймақтарда орналасқан 120-дан астам мектепті жауып тастады.

Әзірге елдің солтүстік бөлігінде орналасқан Уаза аймағындағы бастауыш және орта мектептер жұмысын тоқтатқан, қашан қайта ашылатыны белгісіз.    

Жалпы елде 191 адам індетке шалдыққан және 3 адам өлімі тіркелді.

Білім министрі Жан-Мишель Бланке елдегі барлық оқу орындарын жабу туралы шешім қабылданбағанын айтты.

Билік қазірдің өзінде шетелге баруды жоспарлаған сыныптық сапарларды тоқтатты.

 _____________________________________________________________________________________________

16:35

Коронавирус Украинаға жетті

Украинада вирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелді.  

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық орталығының өкілі Игорь Кузин жексенбі күні Черновцы қаласында ер адам індет жұқтырды деген қауіппен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Науқастың қазіргі жағдайы тұрақты.

Індетті жұқтырған азамат елге Румыниядан автокөлікпен келген, ал оған дейін оның Италияда болғаны анықталды.

Қазір украин билігі Бухарестпен байланысып, Румынияға ұшқан рейс жолаушыларын тексеруді ұсынып жатыр.

Науқас әйелімен бірге саяхаттаған, ол қазір карантинде. Шекарадан өткен кезде екеуінің де температурасы қалыпты болғаны айтылды.

 _____________________________________________________________________________________________

16:00

Олимпиада жыл соңына шегерілуі мүмкін

Жапонияның Халықаралық Олимпиада комитетімен жасалған келісімшарты ойынды жыл соңына дейін өткізуге мүмкіндік береді. 

«Келісімшарт бойынша ойын 2020 жылы өткізілуі тиіс, нақы уақыты көрсетілмеген. Яғни, бұл Олимпия ойындарын кейінге шегеруге кедергі болмайды дегенді білідреді»,- деді Сейко Хасимото.

Ойын биылғы жылдың шілде айында Токио қаласында жоспарланған.

_____________________________________________________________________________________________

15:52

Малайзияда тағы 7 адам вирус жұқтырды

Малайзия денсаулық министрлігінің хабарлауынша, елде вирус жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Қазір науқастардың жалпы саны 36-ға жетті.

 _____________________________________________________________________________________________

15:16

Тағы бір қытай дәрігері вирустан көз жұмды

The Global Times Қытайдың мемлекеттік басылымының мәліметінше, коронавирустан тағы бір қытай дәрігері қаза болды.

Дәрігер Мэй Чжунмин осыған дейін коронавирус туралы ескертпек болған Уханда көз жұмған дәрігердің әріптесі екен.

___________________________________________________________________________________________

12:35

Мароккода алғашқы жағдай тіркелді

Марокко Денсаулық сақтау министрлігі кеше кешке елде коронавирус жұқтырған алғашқы науқасты анықтады.

Індетті жұқтырған мароккандық азамат Италияда тұрады, қазір ол Касабланкадағы ауруханада емделіп жатыр.

 _____________________________________________________________________________________________

12:07

Гонконг тұрғындарын Уханнан эвакуациялайды 

Гонконг билігі ел тұрғындарын індетттің ошағы болған Қытайдың Ухан қаласынан эвакуациялау туралы шешім қабылдады.  

533 адамды елге қайтару үшін төрт чартерлік рейс жалданған. Гонконг тұрғындары сәрсенбі және бейсенбі күндері елге жеткізіліп, 14 күн карантинде болады.

______________________________________________________________________________________________

11:00

Оңтүстік Корея вирусқа «соғыс» ашты

Сейсенбі күні Оңтүстік Кореяда коронавируспен ауырғандар саны 4800 адамнан асты. Инфекция елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Дэгу қаласында өршіп тұр.

Тек дүйсенбінің өзінде 600 жағдай тіркелген, нәтижесінде науқастар саны 4812-ге жеткен. Бұл туралы Індетті бақылау және алдын алу бойынша корей орталықтары (KCDC) хабарлады. 

Осы уақытқа дейін Қытайда таралған коронавирустың жаңа түрінен 28 адам қайтыс болды.

Елде тіркелген науқастардың 60%-ға жуығы 2,5 миллион халқы бар Дэгуде орналасқан Синчхондзи діни сектасының филиалымен байланысты.

Президент Мун министрлер кабинетімен өткізген кездесуде Дэгу мен Кёнсан провинциясындағы жағдай шегіне жеткенін айтып, корей елі вирусқа «соғыс» ашатынын хабарлады. Кездесудің барлық қатысушылары маскамен келді.

 

______________________________________________________________________________________________

09:20

Әлемдегі жағдай қандай?

Індет әлем бойынша 70-ке жуық елге тарап үлгерген. 90 мыңнан астам адам жұқтырды деген дерек бар. Науқастардың көпшілігі Қытайда болғанымен, коронавирус соңғы аптада басқа елдерде де кеңінен тарап жатыр.   

Қытайды есептемегенде, әлем елдерінде 8800 адам вирус жұқтырған. Науқастар саны көп тіркелген елдер қатарында Иран, Оңтүстік Корея, Италия және Жапония бар. 

Кеше Италияда вирустан көз жұмғандар саны 18-ден 52-ге көтерілсе, жұқтырғандар саны 1835-ке жеткен.   

Иран да тағы 12 адамның өлімін тіркеді. Қазір елде жалпы 66 адам коронавирустан көз жұмды. Қаза болғандар қатарында ел билігінде жауапты қызмет атқарған саясаткер де бар.   

Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны - 39.