Жетісуда жеке кәсібін шуға бел буған ынталы адамдар саны көбейіп келеді. Оны өткен жылдың есебіне көз жүгіртіп байқауға болады, Мысалға, облыс бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 122 мыңнан асып отыр. Ал бизнестің бұл түрінен түсетін салық көлемі 1,3 есеге артып, 113 миллиард теңгені құраған екен. Яғни, өңірде өндірілген жалпы ішкі өнімнің 32 проценті осы шағын және орта бизнес нысандарының үлесіне тиеслі.
Жалпы, барлық кезеңде экономиканың табысты болуы шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты екені анық. Ал мемлекет бұл бағыттағы жұмысқа қарқын беріп, барлық жағдайды қашан да дайын. Алматы облысында да кәсіпкерлерді ынталандыру мен мемлекеттік қолдау да өз деңгейінде екен. Былтыр шағын және орта бизнесті қолдауға қазынадан 11,8 миллиард теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде облыс бойынша 48 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылған. Бір жыл ішінде отыз бір мың адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Шағын және орта бизнестің аяғынан тұрып, шаруасының дөңгеленуіне мемлекеттік бағдарламалар да оң әсерін тиігізіп келеді. Оның ішінде аймақтарға пайдалы бағыт ретінде «Бастау бизнес» жобасын айтуға болады. Жетісуда жаңадан іс бастауға осы жобаның жәрдемі тиіп отыр екен. Мұның артықшылығы, ынтасы бар адамды бизнеске баулып, өндіріс пен өнеркәсіптің қыр-сырын меңгергеннен кейін барып, бюджет тарапынан қаржыландыру тетіктері іске қосылады. Басқаша айтқанда, кәсіпкер іскерлер нарығына қажетті дайындықпен келеді. Мәселен, былтыр осы «Бизнес бастау» жобасы аясында 4360 адам аранйы курстан өтіп, іскерліктің қыр-сырын меңгерген екен. Оның ішінде алғашқы алты айда 1500 адам қажетті білім алып, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған. Ал бағдарлама бойынша қаржыландырылған 417 жоба нақты жүзеге асыпты.
- Өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен облыс тұрғындарын бизнеске баулу бағытында біршама жұмыс істелді. Алғашқы кезеңде «Бастау бизнес» жобасымен 1500 адам оқыды. Олардың өз бизнесін бастауына жеңілдетілген несие мен мемлекеттік гранттар берілді. Алты айда 417 адамға нақты көмек беріліп, оның ішінде 172 кәсіпкер микронесие және 245 адам грант иегері болды. Ал «Бастау бизнес» жобасының екінші кезеңінде 2860 адам іскерлік әліппесін оқып, олар ұсынған 603 жоба қаржылай қолдауға лайық болды, - дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының төрағасы Әсет Шаяхметов.
Аймақтағы шағын бизнестің қалыптасуына «Жас кәсіпкер» жобасы да жақсы көмек болуда. Бұл бағдарлама 29 жасқа дейінгі жастарға іскерліктің қыр-сырын үйретіп, өз бизнесін жүргізуге бағытталуымен құнды. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Былтыр Алматы облысы бойынша 1450 жас кәсіпкер осы бағдарлама аясында даярлықтан өтіпті. Бұл тізімдегі 439 жас кәсіпкердің 439 жобасы мемлекет тарапынан мақұлданып, оларға «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант алған.
Жалпы, шағын және орта бизнестің гүлденуі еліміздегі орташа әлеуметтік санат үшін қол жетімді кәсіп көзі мен табысты жұмыс орны ретінде маңызға ие екені рас. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет өз ісін ашуға ынта білдірген тарапты қолдауға мүдделі. Іскерлік әліпесін үйрету мен қаржылай қолдаудан бөлек кәсіп түрінің дамуына қолайлы орта туғызып, инфрақұрлым жасақтауға атқарушы билік міндетті болып отыр. Алматы облысының мысалында айтар болсақ, өткен жылы дәл осы шағын және орта бизнеске қолайлы өндірістік инфроқұрылымды дамыту үшін 11 жоба жасалып, оған 2,3 миллиард теңге қаражат бөлініпті.
Тоқ етерін айтқанда, аймақта «Бастау бизнес» жобасы мен «Жас кәсіпкер» жобасы қарқынды жүрген 2017-2019 жыл аралығында тұрғындарға өз кәсібін жүргізу үшін 2 657,5 миллиард теңгенің көтерме жәрдемі берілген екен. Атап айтқанда, іріктелген 586 жобаға 2 082,5 миллион теңге жұмсалып, мемлекеттік грант бойынша 1272 жоба 574,8 миллион теңгеге қаржыландырылған екен.
Алматы облысы