Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі сала. Ішкі жалпы өнімнің 4,4%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі болғанымен, дәл осы ауыл шаруашылығында еліміздің еңбекке қабілетті тұрғындарының 14%-ы жұмыс істейді, ауылдық елді мекендерде 7,7 миллион (ел тұрғындарының 42%) халық тұрады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарында экономиканың салалары бойынша ең төменгі орташа жалақы ауыл шаруашылығында және ол 127,3 мың теңгені құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,6% жоғары, алайда өсім – елдегі орташа көрсеткіштен біршама төмен.
Кірістердің жалпы өсіміне қарамастан ауыл адамдары дәулетті өмір сүріп жатқан жоқ екенін айтып ешкімді таңғалдыра алмайсың. Мүмкін осыдан елімізде ауыл шаруашылығы тұралап тұрған шығар? Бірақ бұған ауыл адамдарының кіріс деңгейінің төмендігі – себеп емес, бұл тікелей отандық Агроөнеркәсіп кешеніндегі процестердің салдарынан деп ойлаймын.
28 ақпанда Парламент Сенатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Оған дайындық барысында депутаттар ұйымдастыру және мазмұндық жағынан ауқымды жұмыстарды атқарды. Бейінді ведомстволардың, мемлекеттік корпорациялардың өкілдерімен, өңірлерде ауыл шаруашылығының адамдарымен жұмыс істейтін аграрлық сала мамандарының кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен ондаған кездесу өткізілді. Сала проблемаларын терең тануға мүмкіндік беретін материалдар жиналды.
Көріп отырғанымыздай, қалыптасқан ахуал кәсіби тұрғыда қоғаммен, әсіресе өңірлердегі ауыл тұрғындарымен кеңінен талқылауды талап етеді. Келешегі бар немесе келешегі жоқ ауыл деп тану сияқты ауылдың тағдырына қатысты маңызды шешімдер көп жағдайда жергілікті мамандар мен тұрғындардың пікірлерін ескерместен, министрлік кабинеттерінде қабылданады.
Аталған жұмыстардың кейбір қорытындыларын тұжырымдағым келеді.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі шарттары
Еліміздің басты игілігі – жер.
Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы және жер ресурстарының үлкен қорын қамти алғанда оның табиғи-климаттық жағдайы (ел алқаптарының 74%-ы егіншілікке жарамды), ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін бірнеше есе арттыруға және жақын орналасқан елдерге экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Біздің табиғи артықшылықтарымыз:
– 30 млн дейінгі шартты мал басын бағуға жарамды 180 млн га табиғи жайылымдардың болуы (Қытайдан, Аустралиядан, АҚШ-тан, Бразилиядан кейінгі 5-ші орын). Ағымдағы жүктеме – 12 млн шартты мал басы;
– 10,6 млн га тыңайған жерлерді қоса алғанда 35,4 млн га (әлемде 10-орын) егістіктің болуы. Астық тұқымдастарды қайта шығару, теңізге шығусыз жағдайдың өзінде астықтың орташа жыл сайынғы экспорты 7 млн тонна;
– 4 млн га егістікті суару үшін су ресурстарының болуы;
– табиғи өткізу нарығының жақын орналасуы: ҚХР, Иран, Ресей, Парсы шығанағы елдері, Өзбекстан, Ауғанстан.
Егер статистиканың ресми деректеріне қарасақ, онда ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай бізде жаман емес. АӨК-нің жалпы өнімінің көлемі тек 2015 жылы 3 307,0 млрд теңгеден 2018 жылы 4 474,1 млрд теңгеге өсті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісіндегі өсімдік шаруашылығы өнімінің үлесі 54 %, мал шаруашылығы өнімінің жалпы үлесі 46 %-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің тұрақты өсуі, бірінші кезекте, инфляцияның және анағұрлым тиімді ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәндi-бұршақтық, майлы дақылдарын) өсіруге көшудің есебінен қалыптасады.
Ірі қара мал (ІҚМ) басы санының өсуі мардымсыз – 2014 жылы 6 032,7 мың бастан 2019 жылы 7 437,6 мың басқа дейін өсті. Ұсақ қара мал (қой мен ешкі) басының саны 2019 жылдың соңына қарай 19 092,0 мың басты, жылқы саны – 2 825,9 мың басты, құс саны – 45 197,1 мың басты құрады.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,4 есеге ұлғайды, АӨК өнімінің жалпы экспорты 2018 жылы 24,5 %-ға артты, оның ішінде қайта өңдеу өнімінің экспорты 3,5 %-ға өсті.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының абсолюттік көрсеткіштері болмашы дәрежеде өсіп, әлемдік көрсеткіштерден айтарлықтай артта қалған.
Сыртқы саудада үлкен мөлшерде диспропорция байқалады. Жыл сайын тауар айналымының теріс теңгерімі тіркеледі – 500 млн АҚШ долларынан – 1 млрд АҚШ долларына дейінгі шамада, яғни елімізге ауыл шаруашылығы өнімі көп әкелініп, аз әкетіледі.
Бұл ретте Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 80%-ы қайта өңделмей шикізат түрінде өткізіледі (яғни өте төмен қосылған құн салығымен сатылады).
Мұндай жағдай АӨК-нің барлық сегменттеріне тән. Мысалы, мал шаруашылығы экспортының негізгі үлесін рентабельділігі төмен және кейіннен қайта өңдеу үшін шикізат ретінде пайдаланылатын тірі мал құрап отыр.
Бұл ретте қазақстандық экспорттың орташа бағасы 1 тоннаға 200 АҚШ долларын құрайды, ал азық-түлік импортының жылдық бағасы 1 000 АҚШ долларынан асады. Ірі қара мал, көкөністі, жеміс-жидектерді, сүт өнімдерін және басқа да ауыл шаруашылығы жануарларын әкелудің есебінен импорт өсіп отыр.
Неге бәрі бұлай?
Сенатта жүргізілген талдау қалыптасқан ахуалдың себептері жүйелі сипатқа ие екенін көрсетіп отыр, демек ауыл шаруашылығындағы жағдайды реттеу шаралары да жүйелі болуы керек.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында нарықтық қатынастарға өту, аграрлық экономиканы реформалау және ауыл шаруашылығының жұмыс істеуінің нарықтық моделін қабылдау саланы басқару жүйесінің түбегейлі түрде трансформациялануына, экономиканың аграрлық секторы мен ауылдың әлеуметтік саласын мемлекеттік қолдаудың күрт қысқаруына алып келді.
Ауыл шаруашылығындағы реформалар кезеңінде адам факторы анағұрлым үлкен өзгеріске ұшырады, бұл ауыл шаруашылығы еңбегінің құнсыздануынан; демографиялық жағдайдың нашарлауынан; ауылдағы жұмыс орындары санының қысқаруынан және жұмыспен қамтудың төмендеуінен; еңбектің аграрлық нарығының төмендеуінен және алаңдаушылық коэффициентінің артуынан; әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтердің қысқаруынан көрінді.
Тек соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамту, 2015 жылы 1 362,9 мың адамнан 2018 жылы 1 228,2 мың адамға дейін қысқарды.
Сала негізгі кіріс ресурстары – жер мен қаржыға деген қолжетімділік бойынша кешенді мемлекеттік шешімдердің жоқтығынан дұрыс дами алмай отыр.
Жер және ақша
Ауыл шаруашылығы жерлерін берудің қолданыстағы тәртібі жергілікті атқарушы органдарға субъективті дәлелдер мен пікірлердің негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді (яғни, билікті теріс пайдалануға және сыбайлас жемқорлыққа қолайлы орта). Бұл ретте жер заңнамасының тұрақсыздығы тұтастай алғанда жерге деген құқықтың сақталуына кепілдікті қамтамасыз етпейді.
Фермерлер әлі күнге дейін бос жер телімдері, олардың орналасқан жерлері, аумағы, пайдаланылатын жерлердің құрамы, сапалық сипаттамасы туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізе алмай отыр (бонитет балы, тұздылығы, сумен қамтамасыз етілуі және басқалар). Бұл өз кезегінде билікті теріс пайдалануға зор мүмкіндіктер береді.
Жер төңірегіндегі қулық-сұмдық пен әділетсіздік, әсіресе, ол билік өкілдерінің (немесе оларға жақын құрылымдардың) тарапынан жасалып отырған жағдайда адамдардың санасында өмірге деген әділетсіздік сезімін тудырады, әлеуметтік тұрғыдан наразылықтың өсуіне алып келеді.
Осы жерде не істеу керек екендігі айдан анық. Адалдық пен жүйелілік. Рәсімдердің ашықтығы. Барлық жерде цифрландыруды енгізу. Белгіленген рәсімдерді бұзғаны үшін қатаң әрі міндетті түрде жазалау қажет.
Ақша қайда?
Ауыл шаруашылығын субсидиялау мен АӨК кредиттеуге қатысты көп сұрақ туындайды. Қолжетімді және ұзақмерзімді кредиттердің жоқтығы АӨК өсімін тежеп келеді.
Екінші деңгейлі банктер агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруді жылдан жылға қысқартуда. Соңғы 5 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін қаржыландыру үлесі орташа есеппен 40%-ға қысқарған. Жылдық 6%-дық мөлшерлеме тым жоғары, бәсекеге сай емес, тіпті өте қымбат қаржыландыру деп айтуға болады.
Шикізаттың басым бөлігі импорттық шикізат екендігін және бағаның халықаралық биржаларда белгіленетінін ескерсек, теңге бағамы өзгерген кезде аграршыларға қажет айналым қаражатының мөлшері пропорционалды түрде өсіп шыға келеді, сәйкесінше салаға түсетін кредиттік жүктеме де ауырлай түседі.
Соңғы жылдары «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдарының АӨК-ге кредит беруі 2 есеге ұлғайғанымен, әлі де қаражат тапшылығы сезіледі. Бұдан басқа, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның тәжірибесіне талдау жасайтын болсақ (сенаторлар осындай талдау жүргізді), ол даму институтынан шаруаларға қаражатты қайтару үшін ақылға қонымсыз қатаң талаптар қойып отырған кезекті банкке айналғаны көрінеді.
Біздің шығарған қорытындымыз – саланы субсидиялау тетіктері түпкілікті қайта қарауды талап етеді.
Мал шаруашылығы
Парламенттік тыңдауға дайындық барысында біз мал шаруашылығы және ет-сүт кешенінің өкілдерімен бірнеше кездесу өткіздік.
Ең бірінші және басты проблема: мемлекеттік бағдарламалардың ұзақтығы, айналым қаражатының тапшылығы және кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы ұзақ мерзімді жоспар құруға және инвестициялар салуға кедергі келтіріп отыр, ал мемлекет тарапынан саланы жалпы қолдау ДСҰ шеңберіндегі келісімдерде рұқсат берілген деңгейден анағұрлым төмен.
Отандық шикізаттың тапшылығы мен сапасының төмендігі, логистикалық шығындардың жоғарылығы, импорттық қаптама материалдарға, ингредиенттерге, жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектеріне тәуелділік өнім өндірушілер мен өңдеушілерді тығырыққа тіреп отыр.
Реттеуші органдардың әрекеттері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін кедергі келтіретін жағдайлар да орын алып отыр, олар көбінесе игі мақсат көздегенімен, диқандарға залал келтіріп жатады.
Осы жылы мал терісін экспорттауға қойылған бір ғана шектеу елімізде жүздеген тері жинау орталықтарының жабылуына алып келді, мемлекет экспорттан түсетін қомақты валюталық түсімнен тыс қалды.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің өз шешімдерін, нарықтағы іс-қимылдарды еш талқылаусыз әрі дайындықсыз кенеттен өзгертуге бейімдігі туралы құс өсірушілер мен өңдеушілер де айтқан болатын. Жұмыртқа өндіруге берілетін субсидияны алып тастау, әсіресе, жем-шөпті, жабдықты, асыл тұқымды құсты, дәрумендер мен вакцинаны шетелден валютаға сатып алып отырған көптеген кәсіпорындарды қиын жағдайға душар етті.
ЕАЭО шеңберіндегі әріптестерімізбен қарым-қатынасты жеке тақырып ретінде қарастыруға болады. Өте қарапайым сұрақ: Ресей және Беларусь мемлекеттері өздерінің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне неліктен қолдау көрсетеді, ал біздің мемлекет неге қолдау көрсетпейді? Ресей мен Беларусьтің жұмыртқа шығару саласындағы мемлекеттік қолдауы Қазақстанға қарағанда анағұрлым жоғары. Яғни Еуразиялық Одаққа ортақ нарықтағы бәсекелестік әлдеқашан мемлекеттік субсидиялар бәсекелестігіне айналған.
Осы бағытта – ұлттық өнім өндіруші мен өнімді экспортқа шығарушының мүдделерін қорғау ісінде біз қатаң әрі дәйекті ұстанымда болуға тиіспіз.
Ал астықтың жағдайы қандай?
Қазақстан өзінің астық өндірісімен дүние жүзіне әйгілі.
2019 жылы астық дақылдарына арналған жалпы егіс алаңы ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егіс алаңының (22,2 млн га) 80 %-дан астамын (немесе 18,3 млн га) құрады.
Бүгінгі таңда астық дақылдарына арналған егіс алаңдары құрамының шамамен 82 %-ын (немесе 14,9 млн га) дәнді дақылдар, 16%-ын (немесе 2,9 млн га) майлы дақылдар, сондай-ақ 2 %-ын (немесе 470 мың га) бұршақ дәнді дақылдар алып жатыр.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде бидай сияқты негізгі дақылға арналған егіс алаңы соңғы 10 жылдың ішінде 25%-ға – 14,8 млн гектардан 11,4 млн гектарға дейін қысқартылды. Сонымен бір мезгілде майлы дақылдар алаңы 2,5 есеге, сондай-ақ бұршақдәнді дақылдар алаңы 7 еседен астам ұлғая түсті (65 мың гектардан 470 мың гектарға дейін).
Сонымен қатар өндірілетін астықтың сапасы 10 жыл бұрын болған сапамен салыстырғанда біршама төмен. Егер 2011 жылы жиналған астықтың 88%-ы 3-сыныпқа жатқызылған болса, қазір ондай астықтың үлесі 40-45%-дан аспайды, яғни сапасы 2 есе төмендеген.
Агротехникалық іс-шараларды дұрыс жүргізбеу, ауыспалы егістің оңтайлылығын сақтамау, минералды тыңайтқыштарды қолданудан бас тарту, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық заттарды және топырақты механикалық өңдеудің қарқынды түрлерін сауатсыз пайдалану және тағы басқа көптеген аумақтарда жердің құнарлылығын күрт төмендетіп, оның азып-тозуына алып келді.
Ветеринариялық қадағалау
Әрине отандық АӨК-тің барлық мәселелерін бір мақала аясында қамти алмаймыз. Алайда бұл саланың бірнеше негізгі бағыттары бар, олардың жай-күйімен жекелеген өндірістік сегменттердің ғана емес, тұтастай алғанда отандық ауыл шаруашылығының жағдайы мен перспективасы тығыз байланысты.
Оларға ветеринариялық көмек пен осы ғылымның жай-күйі жатады.
Ветеринария қазіргі заманғы мал шаруашылығының өзегі болып табылады. Мал дәрігерлік көмектің сапасы жоғары болмайынша, экспорт та, ішкі нарықтың өніммен қамтамасыз етілуі де болмайды. Бұл айдан анық мәселе, алайда мемлекеттік бағдарламаларда малды немесе жем-шөпті сатып алуға үнемі қаражат бөлінеді, ал ветеринарияны дамыту ісі тыс қала береді. Неліктен бұл салаға қаржы көзделмеген?
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында ауыл шаруашылығы жануарларын тиісінше сою талаптарының сақталуы үшін бақылау, қадағалау, сондай-ақ әкімшілік жауаптылық көзделген. Бұдан басқа, «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес экспорттаушыларды (импорттаушыларды) қоса алғанда, жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізілуі міндетті.
Алайда ветеринарияда жүргізілген көптеген реформа осы салаға бақылауды едәуір әлсіретіп жіберді. Жануарлар арасындағы қауіпті аурулардың жиілеп кетуі осыған дәлел. Бұл орайда теріс құбылыстардың орын алуына отандық мал дәрігерлерінің құрамы әсер етіп отырғаны жасырын емес. Өңірлерде білікті мамандар жетіспейді.
Соған қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және өндірушілер арасында бір-бірімен байланысты ветеринарлық бақылау функциялары үш бөлікке бөлінген. Ол қадағалау мен бақылаудың тиімділігін арттыра ма? Ауылдан келген көптеген хаттарға және жер-жерлердегі кездесулерге қарағанда бірлескен үйлесімді тетіктің болмауынан ветеринарлық қадағалау өкілеттіктерін жамылған, малшыларды тонайтын, алдайтын алаяқтарға жол ашылып отыр.
Ветеринарияның қазіргі жай-күйі бұл саладағы жалпы жағдайды көрсетеді. Бұл саладағы қалыптасқан жүйені өзгертпейінше ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес. Біз онсыз да көп уақытымызды жоғалтып алдық.
Біз өзіміздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз ба?
Кез келген мемлекет үшін ауыл шаруашылығы стратегиялық маңызы бар сала болып табылады. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсізідігі ауыл шаруашылығы секторын дамыту сапасы мен деңгейіне тәуелді.
Республикада ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында осы саланы дамытудың үш бірдей бағдарламасы қабылданды: «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы, «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама» және қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
Осы уақыт ішінде АӨК салаларын субсидиялауға шамамен 2 трлн теңге жұмсалды. Бұдан басқа, ұлттық және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық белсенділік, аграрлық сектордың келешегі бар салаларын дамыту біршама ынталандырылуда.
Бағдарлама көп, бірақ олар жұмыс жасап жатқан жоқ, қазіргідей мемлекеттік субсидиялау жағдайында қоғамның лайықты қайтарым күтуі орынды.
Бағдарламаларды іске асыру кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияларды төменгі салалар арасында бірінен алып біріне беріп, басымдықтарды жиі ауыстырды.
Аса қуатты мемлекеттік қолдауға және инвестициялар тартылғанына қарамастан бүгінгі таңда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жеткілікті қарқынмен дамымай келеді. Еліміздің ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі небәрі 4,4 пайызды ғана құрайды, яғни 13 пайызға қысқарды және соңғы он жылда 5 пайыздан аспай отыр. Экспорттың жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы экспортының үлесі де көп емес, соңғы үш жылдағы көрсеткіш орташа есеппен 4 пайыз ғана.
Статистикалық есептердің әділдігі мен нақтылығы – өз алдына жеке мәселе. Егер экономикалық нәтижеге қол жеткізіп, инвестицияны қайтарғың келсе, біздің статистикаға сеніп қалуға болмайтынын жермен жұмыс жасап жүрген шаруалар бұрыннан-ақ жақсы біледі. Бұл – мүмкін емес. Әкімдіктер орталық органдарға жалған ақпарат береді, соған қарап республикалық органдар нысаналы бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет жобаларына АӨК-тегі жағдай бойынша сенімсіз есеп-қисапты қосады. Мұндай тұйықталған шеңберді бұзу керек. Ауыл шаруашылығына аудит жүргізіп, ақпаратты бұрмалауға және қосып жазуға жол берген статистика үшін жауапкершілікке тарту қажет.
Қазір біз 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөнінде міндет қойдық.
Бірақ біз өзімізге қажет деңгейде жұмыс істемейтін бағдарлама шындыққа сәйкес келмейтін (яғни жалған жазбадан тұратын) статистикалық есептілік негізінде жұмыс жасасақ, бұл мақсатқа қол жеткізе аламыз ба?
Не істеу керек?
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Агробизнес-2020» бағдарламасының жүзеге асу нәтижелері АӨК-ні дамыту бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Өйткені салада өндірістің құлдырауы мен тоқырауы анық байқалады, қолда бар ресурстар тиімді жұмсалмайды, ал көптеген шешім экономикалық тұрғыда негізделмеген.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеудің стратегиялық міндеті елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауылшаруашылық шикізаты мен азық-түліктің экспортын арттыратын тиімді және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өндірісін қалыптастыру болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өндірістік, қаржылық, инвестициялық қызметті ынталандыру және нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыру мақсатында тауар өндірушілердің дамуына әсер ететін өзара шартты нысандар мен әдістердің жүйесін қамтитын мемлекеттік реттеудің тиімді экономикалық тетігін әзірлеудің қажеттігі туындады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басымдық болашақта экспорт нарығына шыға отырып имортты алмастыру болуы тиіс.
Сенаторлар осы өткен тыңдаумен шектеліп қалмайды – ауылшаруашылық тақырыбы алдағы уақытта да Парламенттің Жоғарғы палатасының ерекше назарында болады.
Парламент Сенатының жанынан АӨК бойынша мамандандырылған Кеңес құрылады, ол консультативтік-кеңестік орган қызметін атқарады. Кеңеске еліміздің ауыл шаруашылығы проблемаларының барлық мәселелері бойынша өте ауқымды кәсіби диалогты қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.
Сенатта АӨК-ті тұрақты дамытуды қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар топтамасы әзірленуде.
Біздің кейбір ұсыныстарымызды қазірдің өзінде атап өткім келеді.
Саланың жағдайына терең ғылыми-зерттеу жүргізу қажет. Ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге кешенді диагностика жасау, ресурстарды – кадрларды, құдықтар мен ұңғымаларды, техникаларды түгендеу, сақтау және өткізу инфрақұрылымы. Алдыңғы жылдардағы жіберілген кемшіліктерді анықтау. Статистикалық есептіліктің әдістемесін толығымен қайта қарау. Бағдарлама дұрыс мәліметтерді негізге алуы тиіс. Мұндай зерттеулер тұрақты түрде жүргізіліп, мемлекет тарапынан қаржыландырылуы керек. Басымдықтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері нақты белгіленген, қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген ұзақ мерзімді тұрақты мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу. Мұндай құжат мемлекет қаржыландыратын барлық бағдарламалар жазылған заңның мәртебесіне ие болуы тиіс. Ол – ережелері екіұшты мазмұнда түсіндірілмейтін, егжей-тегжейлі нақтыланған, анық ұғымдарды қамтитын заң. Бұл субсидиялар беру процесін барынша ашық және айқын етеді.Мысалы, АҚШ-та мұндай заңды Конгресс әр бес жыл сайын қабылдайды!
Даму бағдарламалары өңірдің ерекшелігіне, оларға қажет мамандармен байланыстырылған болуы керек.
Мұндай заңның табысты болуының кепілдемесі – аграрлық саланың мемлекет қаржыландыратын ғалымдармен тығыз ынтымақтастық жасауы және жаңа технологияларды ендіруі болып табылады. Ғылымға қолдау көрсету және жаңа технологияларды ендіру мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болуға тиіс. Субсидиялар уақыт талаптарымен байланыстырылуы керек.
Негізгі ресурс – ЖЕРГЕ қол жеткізуді оңайлату жөнінде кешенді мемлекеттік шаралар қабылдау.Ауыл шаруашылығы саласын реттейтін көптеген заңға тиімді мониторинг жүргізу және бақылау жасау қажет. Іс жүзінде жайылымдар туралы, кооперация туралы заңдар және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою туралы заң нормалары жұмыс істемейді. Біздің алдымызда осының себептерін анықтау және қажетті түзетулер енгізу міндеті тұр. Мәслихаттар жергілікті жерлерден ұсыныстар жинауды ұйымдастырады деген ойдамыз.
Біз заңнамалық тұрғыда фермердің өз пайларымен кооперациядан тез шығуына мүмкіндік беруге тиістіміз.
Елдің барлық өңірлері бойынша мониторингті дұрыстау керек, жер қорына беру үшін пайдаланылмай жатқан және есепке алынбаған жерлерді анықтау қажет.
Барлық деректер цифрландырылып, электронды форматқа көшірілуі және жариялануы тиіс.
Барлық қолданыстағы инспекцияларға (жер, орман, ветеринариялық, экологиялық, балық, және т.б.) талдау жасалуы және оларды қайта құру, реформалау жөніндегі шаралар қабылдануы қажет. Олардың көпшілігі тиімсіз және ресми түрде жұмыс істейді.
Мемлекеттік инспекцияларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ете отырып, оларды едәуір нығайту қажет деп санаймын.
Басқа елдердің үлгісі бойынша осы инспекциялардың барлығын біріктіретін (мысалы, Ресей Федерациясында – Росприроднадзор) жеке тәуелсіз құрылым құру туралы мәселе зерделеуді талап етеді.
Жер учаскелері туралы барлық деректерді қамтитын Электронды жер кадастрын ендіруді жеделдету керек.
Сенат депутаттары осы мәселені шешу үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер мен өзгерістер топтамасын енгізуге бастама көтереді.
Өңірлер бөлінісінде жерлерді нақты айқындай отырып, суармалы жерлерді кеңейту бағдарламасын ерекше бақылауға алу керек. Су шаруашылығы, сумен қамтамасыз ету мәселелері Аймақтарды дамыту бағдарламасының маңызды бөлігі болуы тиіс. Су объектілерін реттеу, орталық және жергілікті атқарушы органдардың арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелері шешуді талап етеді.
Жерді жалға алу құқығы нарықтық қатынастардың толық нысанына айналуы тиіс.
Қаржыға, ұзақ мерзімді және арзан кредиттік ресурстарға қол жеткізу бойынша кешенді мемлекеттік шешім қабылдау.Әртүрлі қаржы институттарын тарта отырып, ауыл шаруашылығын қаржыландырудың тәсілдері мен тетіктерін қайта қарау қажет деп есептейміз.
Жеңілдікпен кредиттеу, ең алдымен, техниканы жаңартуға, жердің құнарлылығын арттыруға, заманауи ирригациялық жүйелерге, заманауи агротехникалық жабдықтарды өндіруге және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға бағытталуы тиіс. Саланы автоматтандыруға және компьютерлендіруге, логистиканы, өнімді жинау, сақтау мен өткізу инфрақұрылымын дамытуға, отандық вакциналар мен дәрілерді шығаруды дамытуға, биокомбинаттарды салуға бағытталуы керек. Биопрепараттарды сатып алу жүйесі жаңа тәсілдерге көшуді талап етеді.
Машина мен жабдық жинау және өндірісті толық оқшаулаудың арасындағы кезеңнің уақытын шектеу қажет.
Субсидиялау қағидалары жиі өзгертіледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының ақпараты бойынша субсидиялау қағидалары соңғы 5 жылда 47 рет өзгерген. Субсидиялар уақтылы төленбейді. Олар өндірістің тиімділік көрсеткіштерін ескермей бөлінеді. Субсидияларды беру механизмі айқын емес. Субсидия берудің құқықтық негізі заңда нақты жазылуы тиіс. Осындай маңызды мәселені заң актілері деңгейінде реттеу қателік болды. Осы қателігіміз біз үшін тым қымбатқа түсіп тұр. Субсидияларға салық салынбауы керек.
Кредиттер де, субсидиялар да қазіргі заманғы стандарттарға жауап беретін өңдеуші кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуін ынталандыруы тиіс. Сондай-ақ ғаламторға қолжетімділігі бар болса, өндірісті цифрландыруға көшкен шаруашылықтар мен кәсіпорындарға ғана бөлінуі керек.
Әлем нарықтарындағы ауыл шаруашылығындағы бәсекелестік іс жүзінде «субсидиялар қақтығысын» білдіреді. Сондықтан субсидияларды көбейте түсу қажет.
Қазақстандықтар – біздің баға жетпес ұлттық байлығымыз. Агроөнеркәсіптік кешендегі кадр тапшылығы туралы бізге жер-жерде айтылып жүр. Егер білімді, кәсіби даярлығы мықты жастар өз болашағын ауылмен байланыстырса, ауылдағы өмірдің деңгейі мен сапасы айтарлықтай жақсарған болар еді. Біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруіміз керек. Агрономдардың, зоотехниктердің, ветеринарлардың, машинистердің, механизаторлардың, электр мамандарының, токарьлардың жаңа легі келмейінше, біз аграрлық саланы дамыта алмаймыз.Бейінді институттардың және колледждердің негізінде ауылдағы мамандар мен фермерлер үшін тұрақты біліктілікті арттыру курстары қажет.
Субсидиялардың берілуін фермер- лердің құзыреттілік деңгейімен, олардың мамандарды тарта білуімен, оларды тұрақты оқытумен байланыстыру кадрлар дайындау саласын сапалық жағынан жандандыруға септігін тигізеді.
Үздік тәжірибемен бөлісу бойынша салалық орталықтарды құру жөніндегі ұсынысты біз қолдаймыз.
Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы ауыл шаруашылығына арналған кәсіптердің тізбесін кеңейтуге тиіс. Бұл бағдарлама бойынша кемінде 300 маман даярлау қажет.
Аграрлық ЖОО-лар мен колледждер заманауи материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтауды қажет етеді. Мамандарды тиімді даярлау үшін оларға бірігу керек, теориялық сабақтардан гөрі практикалық сабақтардың көбірек болуы үшін өз жер телімдері мен шаруашылықтары болуы қажет. Субсидиялар кәсіпкерлерді кадрлар даярлауға белсенді жәрдемдесуге де ынталандыруға тиіс. Өңір экономикасының қажеттіліктері үшін әкімдіктер жанында кадрларды мақсатты даярлау мәселелерін мониторингтеу және реттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар болуы міндетті.
Өнім өткізетін тұрақты нарықты, ойластырылған мемлекеттік сауда саясатын, биржалық сауданы дамытпай аграрлық сектордың орнықты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.Жыл сайын бізде ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қымбаттауы мәселесі көтеріледі. Бұл экспортты шектеуге, тұрақтандыру қорларына және өндірушілердің апта сайынғы жәрмеңкелеріне қарамастан орын алып отыр.
Ауыл шаруашылығында көбіне ұсақ тауар өндірілетінін ескеретін болсақ, өнімдерді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін қойма инфрақұрылымын құруға қаражат қажет. Сонда фермерлер өнім бағасының арзандауына алып келетін қайта өңдеу қажеттігінен қауіптенбейтін болады және біртіндеп өндіріс көлемін ұлғайтады.
Бағаны реттеу тек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге қатысты болуы тиіс. Басқа азық-түліктер бойынша мұндай практикадан сауда және импорт саласындағы неғұрлым ұтымды саясат есебінен біртіндеп бас тарту қажет.
Өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы делдалдардың санын қысқарту бойынша шаралар қабылдауға тиіспіз. Бақылауды күшейту және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы өндірушіге тауарды дүкенге дейін ең қысқа жолмен жеткізуге мүмкіндік туғызу керек.
Еуразиялық тауар биржасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің мол ассортиментін сату мүмкіндігінің болуына қарамастан, көптеген мәміле биржадан тыс өтіп жатыр. Мәмілелердің жариялылығын арттыру және ұсынымды ұлғайту есебінен неғұрлым объективті баға белгілеу процесін дамыту мақсатында тауар өндірушілердің биржаға шығуын ынталандыру шараларын дайындау қажет.
Экспорттық әлеуетті арттыру үшін бізге шетелдерде және бірінші кезекте Қытай мен Ресейде кәсіби сауда өкілдіктері қажет. ҚХР-мен еркін сауда туралы шарт жасасу, экспортты мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу керек.
Ішкі нарықты қорғау.Іс жүзінде барлық елдер өз тауар өндірушілерін қорғау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына шектеу қою механизмдерін қолданады. Біздің экспорттаушыларымыз бұл практикамен жақсы таныс. ДСҰ-ның ережелеріне қайшы келмейтін барлық ықтимал тетіктерді, оның ішінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын пайдалану керек. Ішкі өндірушілер тәртібі және ішкі нарыққа сапасыз тауарлардың енуіне бөгет болатын тауардың сапасына қатысты тосқауылдарға ерекше назар аудару керек. Халықаралық талаптарға сай келетін Өсімдіктер мен жануарлар саулығының стандарттарын бекітетін, олардың сақталуына қатаң бақылау қоятын уақыт жетті. Бұл біздің тауарларымызды бәсекеге қабілетті етеді. Осы мақсаттарда Мемлекеттік бағдарлама фермерлерді қолдайтын ауқымы кең шараларды қарастыруы тиіс.
Жергілікті өзін өзі басқаруАуылдық жерлердегі өмір сүру сапасын арттыру мәселесі жергілікті өзін өзі басқару базасында тиімді шешілетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Ауылдық елді мекендердің жұмыс істеуінің жаңа қаржы-экономикалық үлгісі қажет. Өмір сүру сапасы таза ауыз суға, жақсы жолдарға, мектептерге, ауруханаларға, мәдениет және спорт нысандарына қолжетімділікке байланысты. Төртінші деңгейдегі бюджеттің табыс бөлігін арттыру, әкімшілендіру жүйесін жетілдіру, басқарудың қыр-сырына үйрету – осы бағыттағы қажетті қадамдар.
Ауыл шаруашылығындағы басқару мен әкімшілендіру жүйесін тұтастай қайта қарау қажет. Баға индикаторларын түбірімен өзгерту керек.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау.Тек жоғарыда айтылған барлық шараларды бекіткеннен кейін саланы мемлекеттік қолдауды күшейту мәселесін қоюға болады.
ДСҰ шеңберінде Қазақстан саланы мемлекеттік қолдау деңгейін ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін жеткізе алады, бірақ қазіргі таңда 5 пайызын ғана пайдаланып отыр. Біздің ЕАЭО бойынша серіктестерімізде ол 10-15 пайызға жеткен (Ресей, Беларусь). Оны ұсыну тетіктері объективті, ынталандырушы, нәтижеге жұмыс істейтін және бақылауда болуы тиіс.
Саланың мәселелерін есту және оған ден қою
Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық барысында фермерлік одақтар мен аграрлық қауымдастықтардың өкілдерімен бірнеше кездесу топтамасы өткізілді. Мал өсірушілермен және етті қайта өңдеу өнеркәсібінің өкілдерімен, сүт пен құс өнімдерін өндірушілермен, астық өндірушілермен, картоп пен көкөніс өсірушілермен, май және балық шаруашылығы өнеркәсібінің өкілдерімен, су шаруашылығы мен инвестициялық компаниялардың, ғылым және білім беру мекемелерінің өкілдерімен жан-жақты маңызды сұхбаттар өтті.
Біз өз саласының нағыз білікті де білімді мамандары, өз елінің нағыз жанашырларымен кездестік. Отанымыздың игілігі үшін қызмет етуге дайын Қазақстанның нағыз патриоттарымен әңгімелестік.
Олар Сенатқа шағымдану үшін келген жоқ, біз ауыл шаруашылығын қазіргі жағдайдан шығару жолдарын іскерлік тұрғыдан талқыладық.
Бұл кездесулер қарапайым ақиқатқа тағы да көзімді жеткізді – мемлекет пен бизнес, билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнатпайынша, біз елімізде ештеңені көркейте алмаймыз.
* * *
Ауыл шаруашылығы – тек қана бизнес емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүрімізді, өмір сүру салтымыз бен мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі. Сондықтан біз барлық шешімдерді мұқият саралауға әрі терең ой елегінен өткізуге тиіспіз.
Қазақстан – біздің туған жеріміз. Баршамыз ол үшін ата-бабамыздың және балаларымыздың алдында жауаптымыз.
Бізге сырттан келетін жау жоқ. Біз ешқашан, ешкімге бір сүйем де жер бермейміз.
Біздің негізгі жауымыз – жауапкершіліктің жоқтығы, сауатсыздық, шешім қабылдаудағы асығыстық, қағаз есептілікте істің мән-жайына дұрыс баға бере алмау және қазіргі заманның күнделікті сын-тегеуріндеріне икемділікпен жауап беруге қабілеттіліктің болмауы.
Біздің еліміздің ауыл шаруашылығына өзгерістер қажет.
Ауылдарымыз сол оң өзгерістерді күтіп отыр.
Дариға НАЗАРБАЕВА,
Парламент Сенатының Төрағасы