Тәуелсіздік алғалы халықтың тұрмысын көтеріп, әлеуметтік деңгейін жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, білім мен медицина саласын жүйелеу мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Өкініштісі, уақыт пен нәтижелер көрсетіп отырғандай, бағдарламалар уақтылы орындалмай, тіпті сыбайлас жемқорлықтың көзіне айналды. Ел игілігі үшін қабылданған бағдарламалардың нәтижелі болмауына не себеп?
2007 жылы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Тұңғыш Президент үш жылдың ішінде мектеп пен ауруханаларға мұқтаж өңірлерде аталған нысандарды салуды тапсырған еді. Осы орайда мемлекет-жекеменшік әріптестікті қолға алып, соның көмегімен әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру жолға қойылған-ды. Бағдарлама белгіленген уақытта аяқталмай, жылдан-жылға шегеріле берді. Жоспардың үш жылда орындалмайтыны алғашқы 2 жылда-ақ білінгендей. Өйткені 2007 жылы 11 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталып, 2008 жылы оның қатары 10-ға көбейген. Бұл негізгі меженің жартысына да жетпейді. Ал тек ауруханалардың құрылыс жұмыстарына 2008 жылға 53,1 млрд теңге қарастырылған. Уақытында орындалмай, мерзімінің ұзаруымен қоса, Қаржы полициясының «қара тізімінің» көшін де бастаған кез болды. 2010-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тексеру барысында ұлттық қазынаға бағдарламаның дұрыс орындалмауы салдарынан 1,5 млрд көлемінде шығын келгені, сонымен бірге 34 қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Ал жалпы, сол 2010-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тексеру кезінде 262 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке 2,2 млрд теңге көлемінде шығын әкелгені хабарланды. Жоғарыдағы 262 істің тек 184-і сотқа жіберіліп, 157 адам жауапқа тартылды.
Одан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де жағдай түзеле қоймады. «Ауыз су» бағдарламасы жемқорлықтың шырмауынан шыға алмай, Қазақстан халқының 20 пайызы ауыз сусыз отыр.
Бұл 4 млн-нан астам адамның таза суға қолы жетпегенін көрсетеді. 2016-2019 жылдар арасында Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сумен қамту бағдарламасына қатысты 69 қылмыс фактісін тіркеп, мемлекетке 1,8 млрд көлемінде шығын келгенін анықтады. Жауапқа тартылған 32 адамның 24-і сотталды.
Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына жауаптылар да мінсіз нәтиже көрсете алмады. Алғашқы 3,5 жылдың ішінде жемқорлыққа қатысты 100 қылмыс тіркеліп, 2,7 млрд теңге көлемінде шығын келгені белгілі болды. 55 шенеунік жауапқа тартылып, 24-і сотталды.
Көріп отырғанымыздай, бағдарламалардың орындалмауына ең үлкен әрі жиі кездесетін себеп – жемқорлық. Күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қатысты ақпарат берген азаматтардың 10 млн теңгеге дейін сыйақы алуға мүмкіндігі болатыны туралы хабарлады. Бәлкім, бұл жағдайды түзер. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалардың кейбірінде грант қарастырылған. Ал тәжірибе мен уақыт бөлінген гранттардың игерілуі мен грант иегерлерінің жұмысын қадағаламайтынын көрсетіп отыр.
Transparency International ұсынған сыбайлас жемқорлықтың әлем елдері рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орынға жайғасқан. Осы орайда заңгер Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар коллегиясының қорғаушысы Жандос Тұяқов елде сыбайлас жемқорлықты азайту үшін халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек дейді.
«Сыбайлас жемқорлық нақты осындай себептермен болады деу қиын. Дегенмен, осыдан бірнеше жыл бұрын судьялардың жалақысы көтерілді. Бүгінде сот саласында сыбайлас жемқорлық айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Сонымен бірге біздің сот жүйесінде судьяның ішкі сенімі деген түсінік пен сот прецендентінің болмауы бар. Бұл бірдей қылмысқа әр түрлі үкім шығуы мүмкін дегенді білдіреді. Яғни, жағдай түзелуі үшін сот үкімі бәріне бірдей болуы керек. Бізде бірдей қылмыс жасаған бір адам ақталып жатса, екіншісі ауыр жазаға тартылады. Халықтың сотқа сенімі болуы үшін сот преценденті енгізілуі керек. Яғни, қылмыс жасаған адам міндетті түрде қатаң жазаланатыны анық болуы керек», деді маман.
Жақында Nur Otan партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысының олқылықтары туралы сөз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдан бері аталған бағдарламаға 1,3 млн азаматтың қатысқанын мәлімдеді. Үш жылда кәсіпкерлікті дамытуға 186 млрд теңге бөлініп, 39 мың несие берілген. Алайда, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова 3 жылдың ішінде 88 жемқорлық фактісі тіркеліп, 56 істің сотқа жіберілгенін айтты. Жоғарыда айтылған бағдарлама қатысушыларының тек 23 мыңы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Сәйкесінше, 6 млрд теңге нарықта сұранысы жоқ мамандықтарды оқытуға жұмсалған.
2019 жылы бағдарламаны іске асыруға үш жылға 363 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен 243 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 120 млрд теңге қарастырылған. Үш жылда бағдарламаға 659,6 мың азамат қатысты. Оның ішінде 528 мың азамат – жұмыссыз, бұл 80 пайызды құрайды. Бағдарлама нәтижесінде 449 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 383,4 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы нәтижелерге қарамастан, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға негізделген бағдарламаны іске асыру барысында заң бұзушылықтарға, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілген. Талдау бюджеттен бөлінген қомақты соманың тиімсіз жұмсалып, талан-таражға салынып жатқанын, оған лауазымды тұлғалардың тікелей қатысы бар екенін көрсетті.
Қай істің болсын ілгерілеуі үшін үш шарт бар. Ең әуелі – ниет, одан кейін күш, ал одан соң тәртіп керек. Бізде тәртіп мәселесі сын көтермейді», дейді Бақытгүл Хаменова. Депутат ұсынған мәліметке сүйенсек, Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде оқытылған 80 мың адамның 23 мыңы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылған. Соның нәтижесінде нарықта сұранысы жоқ мамандарды оқытуға шамамен 6 млрд теңге жұмсалған.
Nazarbayev University-де қазақ жастарына дәріс оқып жүрген мемлекеттік саясат бойынша философия докторы, профессор Колин Нокс Қазақстан секілді қазба байлығы мол дамушы елдерде бәріне тез арада қол жеткізуді қалайтын құмарлық бар, дегенмен оған қол жеткізу тетіктері дұрыс жолға қойылмаған деген пікірде.
«Қазақстанның алға қойған мақсаты биік. Мұндай үлкен талаптың болуы құптарлық жағдай. Дегенмен соған жету барысында өзінің қарым-қабілеті мен уақыт тапшылығын ескере бермейді. Мәселен, Қазақстанды дамыған елдермен салыстыратындар көп. Бірақ экономикасы мен саясаты оза шапқан мемлекеттер қазіргі деңгейіне бір күнде жеткен жоқ. Олардың болмысы ғасырлап қалыптасты. Ал Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небәрі 25 жыл толыпты. Елдің ертеңін анықтайтын бағыттардың болғаны өте тиімді. Алайда, Қазақстанда сондай бастамалардың орындалуы ақсап жатады. Қазақстан Президенті ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарын алып қараңыз. Онда елдің дамуына керекті бағыттар анық айтылған. Қазақстан мұндай стратегия жасау жөнінен ешкімге дес бермейді. Әйтсе де, сол бағыттарды бірқатар салада жүзеге асыру қиындық туғызады. Мемлекеттік саясатты зерттеп жүрген маман ретінде, Қазақстандағы ең үлкен кемшілік деп стратегиялардың дұрыс орындалмауын айтар едім. Яғни, жүзеге асыру тетіктерінің жетіспеуі бағыттардың орындалуын баяулатады», дейді сарапшы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын сыбайлас жемқорлық салдарынан Қазақстан экономикасы шамамен 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жоғалтады. Бұл – ІЖӨ-нің 2 пайызы. Жемқорлыққа қарсы күрес әлі де нәтижесіз екенін келесі статистика дәлелдеп отыр. Мәселен, 2012 жылы 279 шенді жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, олардың 239-ы жауапқа тартылса, 2014 жылы олардың саны 403-ке жеткен. Ал 2019 жылы 1590 адам аталған қылмыс бойынша қолға түскен. Көріп отырғанымыздай, көрсеткіш арифметикалық прогрессия күйінде өсіп отыр. Агенттік басшысы Алик Шпекбаев соңғы үш жылда қылмыс санының азайғанын айтады. Жемқорлар саны азайғанымен, мемлекетке келетін шығын көлемі ұлғайған. Мәселен, 2018 жылы 13,5 млрд теңге көлемінде ақша ұрланса, былтыр 23,2 млрд теңге жымқырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлық деген әлеуметтік аурумен бірігіп күресу керек екенін айтты. Жемқорлықпен ұсталған қызметкерлердің бірінші басшыларын жауапқа тарту, тіпті жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін құрылымдар қызметкерлерін қатаң жауапқа тартуды қарастыруды ұсынды. Алайда, қолға алынған шаралар да, үгіт жұмыстары да, халықты ынталандыру да әзірге оң нәтижесін көрсетер емес. Қысқасы, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар баянды деп айту қиын әзірге.