Бүгінгі жаңа формация мұғалімі барлық педагогикалық құралдарды меңгерген, өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған шығармашыл тұлға болуы керек.
Шиелі ауданының тұрғыны Сандуғаш Үсенова осы қасиеттерді бойына сіңіріп, әдістемелік шеберлігін шыңдайды. Оның негізгі арманы алған білімін балаларға үйрететін білім беру орталығын ашу болатын. Сандуғаш аудандық кәсіпкерлер палатасы кеңесшілерімен ақылдаса келе «Жас кәсіпкер» жобасына қатысады. Жоба аясында ол жұмыс үдерісін оңтайландыру, бизнесті жүргізудің тиімді тәсілдеріне қанығады. Теориясы мен тәжірибесі үйлесім тапқан курстан соң жеке кәсібін ашуға кіріседі.
Мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаржының арқасында балаларға қажетті орталығымызға жаңадан құрал-жабдықтар алдық. Қазір бір топта алты баладан оқып жатыр. Орталықта 100-ден астам оқушы білімін жетілдіруде. Мұнда балаларға роботехниканы, ментальды арифметиканы, орыс, ағылшын тілдерін, ата-аналардың сұранысы бойынша мектеп бағдарламасындағы үй тапсырмаларын орындау қызметтерін көрсетудеміз, - дейді жас кәсіпкер.
Жас кәсіпкер ашқан «Дарын» балаларға білім беру орталығында 6 адам жұмыс істейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар тегін оқиды. Айына бір рет орталық ұстаздары ашық сабақтар өткізіп, апта сайын балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған шаралар ұйымдастырып тұрады.
Жас кәсіп иесі алдағы уақытта жоғары сынып оқушыларына арналған қызмет түрлерін енгізуді жоспарлауда.