• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2020

Қалқаманда хакімнің мерейтойы аталып өтті

431 рет
көрсетілді

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Павлодар облысындағы Ақсу ауылдық аймағына қарасты Қалқаман ауылында ерекше форматтағы кешенді шара ұйымдастырылды. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты қалалық семинар барысында  6 бөлімге негізделген рухани шара бір мезетте өтті. Сайыстың басты ерекшелігі – әр алуандығында.

«Бүгінде еліміз бойынша ұлы ақынның есімін дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бастысы науқаншылдыққа салынбай, ұлы тұлғаға арналған әр ісіміз сапалы болуы керек. Кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты да жақсы ойнағанын білеміз. Сондықтан біз шығармашылық сайыстармен қатар асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлерін де жарыс бағдарламасына енгіздік, дейді Қалқаман ауылдық мектебінің директоры Арыстанбек Солтанхан.

Тәрбие мен тағылымға толы шараға өңірдегі ұлт руханиятына өзіндік үлес қосып жүрген «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының басшысы, ақын Жарқынбек Амантай, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері, қоғам белсендісі, ұлттық өнердің жанашыры Асылбек Туғанбай, сатирик ақын, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері Алпысбай Хонж қатысып, сайысқа қазылық етті.

Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Оразалин, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлан Байбәкіров сайысқа қатысушыларға ақ жол тілеп, шараға қолдау білдірді.

Кешенді бағдарламаға толы шара «Абайды оқыған соң» эссе жазу, «Өлең сөздің патшасы» мәнерлеп оқу, «Құлақтан кірап бойды алар...» әндер сайысы, «Абай – дана, Абай - дара» үш тілдегі брейн-ринг ойыны, «тоғызқұмалақ», «асық ату» секілді 6 түрге бөлініп өтті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алғыс хатпен, естелік кубок және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ ерекше өнерімен көзге түсіп, «Өлең сөздің патшасы» мәнерлеп оқу номинациясында жеңімпаз атанған Береке орта мектебінің 11-сынып оқушысы Әдебиет Құрманәліге  ұлт жанашыры Асылбек Туғанбай ақшалай сыйлық табыс етті.