Кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олег Дёминді оның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.
Кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Олег Дёминді оның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде екіжақты қарым-қатынастардың тереңдеуіне айтарлықтай үлес қосқаны үшін украин дипломатына ризашылығын білдірді. Осы ретте М.Тәжин Украинаның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымен құттықтай отырып, Астана декларациясының ережелерін, оның ішінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастықтың қауіпсіздігін жүзеге асыруға барынша жәрдемдесуге Қазақстанның дайын екенін жеткізді. Мемлекеттік хатшы Украина елшісін оның Қытай Халық Республикасына елшілік қызметке тағайындалуымен құттықтай келіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.
Елімізде үш жыл қатарынан елшілік қызмет атқарған О.Демин екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуында Қазақстан Президентінің қосқан үлесін ерекше атай келіп, украиндықтар Н.Назарбаевты «жақын адам» ретінде танитындықтарын да жеткізді. Және елші Қазақстандағы қызметі барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуда жемісті жұмыстар атқарылғандығымен бөлісті. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Украина арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгендігін ерекше атады.
Жалпы, Қазақстан Украинаның саяси, экономикалық және гуманитарлық бастамаларына үнемі қолдау білдіріп келеді. Екі елдің ұстанымдары барлық бағыттар бойынша ұқсас екендігін де айта кеткен жөн.
Украиналық елші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингінде екі ел арасындағы ынтымақтастық артып келе жатқанын және де ол үнемі даму үстінде екендігін баса атады. Елшінің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Украиналық автокөліктерді Қазақстанда шығаруға қатысты бірлескен жобалар да жүзеге аса бастаған. Ұшақ жасау және ғарыш саласы бойынша да екі ел арасындағы ынтымақтастық артуда.
Елші қазақстандық кадрларды Украинада даярлау барысына да тоқталды. Атап айтқанда, қазақстандық жастар Киев техникалық университетінің қосымша емтихандарын тапсырып жатыр екен.
Бұдан бөлек дипломат Украинаның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Астана декларациясының ережелері рухында жалғасарын қуаттай келіп, осы елдің Сыртқы істер министрі әрі ЕҚЫҰ төрағасы үстіміздегі жылдың қазанында Астанаға сапар жасайтынын, сол кезде «Бейбітшілік үшін, қарусыздану үшін және экономикалық даму үшін» атты жалпыеуропалық қозғалысты дамыту барысы сөз болатынын алға тартты. Кеден одағына қатысты сөзінде елші бұл Ұйымға деген Украинаның ұстанымы оңды екенін, ұйым елдердің бір-бірін түсінуіне жақсы орта қалыптастыратынын атады. Украина Кеден одағы мен Еуропалық Одақ арасын жалғайтын көпір бола алар еді, деді елші сөзін қорытындылай келіп.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».