Қайбір жылы Шардара ауданы, Сүткент елді мекеніндегі Сырдария өзені жағасындағы қорғаныс дамбасын тасқын су шайған болатын. Жауапты мекемелер ондай жайттың биыл қайталанбайтынын айтуда. Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдариямен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Бүгінгі таңда Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 66 текше метр су жіберілуде. Өзен арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ.
– Түркістан облысы аумағында суқоймалардағы жағдай қалыпты, тұрақты бақылауда, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов. Жалпы, облыс бойынша суқоймалардың орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Облыста болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу іс-шаралары дер кезінде және сапалы орындалуда. Суқоймалар мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. «Бүгінде Шардара су қоймасында – 4185 млн текше метр су бар, толуы – 80%, шығып жатқан су көлемі – секундына 400,5 текше метр. Ал Көксарай су реттегішінде жиналған су қоры – 1061,88 млн текше метр, толуы 35%-ды құрап отыр», деді департамент бастығы.
Өңірде орналасқан 40 суқойманың 18-і республикалық, 17-сі қала, аудандық коммуналдық меншікте болса, 5-еуі жекеменшік иелігінде. Яғни қараусыз қалған суқоймалар жоқ. Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілген. Қапталған 53 тонна құм, 584 шатыр, 4622 кереует, 36 мың адамға арналған төсек-орын дайындалған. Сондай-ақ облыс аумағындағы өзендердің 26,9 шақырымына жаға бекіту және арна түзеу жұмыстары жүргізілсе, 29,9 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылыпты. Арық-атыздардың арнасы, каналдар да тазартылған. Ал Шардара суқоймасында жүргізіліп жатқан сейсмикалық төзімділікті күшейту және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды аяқтау келер жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Түркістан облысы