Жуырда Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ерекше қорғалатын таулы аймақта «Қызыл кітапқа» енген, бүгінде қар барысы аталып жүрген ілбістің бейнетаспаға түсіп қалғаны туралы ақпарат көпшілікті таңдандырған болатын.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Меркі ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің мәліметінше, Қырғыз Алатауының жергілікті маңызы бар «Меркі» қаумалына кіретін жерлерінде арнайы орнатылған фототұзаққа тұңғыш рет бір қар барысы түскен. Таулы аймақта аталған мекеме қызметкерлерінің жабайы аңдар мен жануарларды қорып-күзету жұмыстарының барысында фототұзаққа тағы үш бірдей қар барысы түсіпті. Сондай-ақ бүгінде қар барысымен қатар, арнайы құрылған фототұзаққа 23 бас арқардың түсірілгені де анықталған.
Мекеме директоры Жасұзақ Ибраимовтің айтуынша, Біріккен ұлттар ұйымының бағдарламасы бойынша мекемеге арнайы фототұзақ берілген екен. Бұл құралды пайдаланудың нәтижесінде қар барысының Меркі орман қоры жерлерінде бар екеніне көз жеткіздік. «Бұл дегеніміз – қар барысының Жамбыл облысының Меркі ауданы тауларында бар екенін дәлелдейтін нақты дерек. Өңірде қар барысының пайда болуы табиғи орман қоры жерлерінің жақсы сақталғанын көрсетеді. Сонымен қатар жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де ол жерде қар барысы қоректенетін жабайы аңдардың жеткілікті екенін анықтап отыр», дейді ол.
Мұндай табиғи байлықты қорғау міндет. Енді Біріккен ұлттар ұйымы бағдарламасының одан арғы жұмыс мақсаты – Меркі аймағында ерекше қорғалатын табиғи парк құру. Бұл ретте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов күн тәртібінде арнайы жоба дайындап, сол маңнан парк ашу мақсаты тұрғанын айтады. Яғни парк аумағында аңшылық жүргізуге және жеке шаруашылықпен айналысуға тыйым салынады. Алдағы уақытта парк құрылып жатса, бұл да табиғат байлығын сақтап қалуға септігін тигізер еді. Өткен жылдың өзінде заңсыз аң аулауға байланысты 12 хаттама толтырылған.
«Меркі ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің мәліметінше, аталған аумақта бүгінде 4 қар барысы, 120 арқар, 8 үнді жайрасы және 12 түркістан сілеусіні пайда болған. Дегенмен, аңдардың қауіпсіздігі үшін бейнетаспаға түскен жерлердің нақты аумағы айтылмайды. Ал ақпан айында Алматы қаласынан зоология институтының мамандары өңірге арнайы келіп, қар барысының бейнетаспаға жазылған жерлеріне зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бейнетаспаларды қарау кезінде қар барысының және үнді жайрасының бейнелері расталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында қар барысының және өзге де «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен жануарлардың бар екені анықталып отыр.
Жамбыл облысы