Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металл бағасының айтарлықтай төмендеуі байқалуда.
Биылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы барреліне 34 долларды құрап, күрт төмендеді. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Оған қоса бір күннің ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендеді. Металдар бағасы да мәз емес. Мырыш бағасы – 16%-ға түсті, мыс – 12%-ға, темір кені – 4%-ға, ферроқорытпалар 1,2%-ға төмендеді.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, сыртқы конъюнктурамен жағдайды назарға ала отырып, дамудың сценарийлік болжамдары мен тиісті шаралар топтамасы әзірленді. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету бойынша тәсілдер қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде орындалады.
«Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары жұмыс істеуде. Еңбек нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізілуде. Инвестициялық жобалар пулы іске асырылуда. Аталған шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған» деді Р.Дәленов.
Жалпы, биылғы екі айдың қорытындысы бойынша оң қарқын сақталуда. Сонымен қатар сыртқы қауіптердің әсерін төмендету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар сыртқы қауіптерге мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету шараларын қабылдау; көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу үшін өңірлер қауіптерінің картасын анықтау; азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру; мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті өндірушілердің қатысуын көбейту бойынша шараларды күшейту; жағдайдың жедел мониторингін қамтамасыз ете отырып, еңбек нарығындағы тұрақтылық мәселесін ерекше бақылау; инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін нақты шаралар қабылдау; әлеуметтік шығыстар мен шағын және орта бизнесті қолдайтын шығыстарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерге назар аударуы қажет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев сыртқы экономикалық конъюнктураның өзгерістерін ескере отырып, өнеркәсіптегі жағдайды тұрақтандыру үшін Үкімет шұғыл шаралар пакетін қабылдағанын айтты: бұл жұмыс орындарын сақтау; ішкі нарыққа бағытталған жаңа өндірістерді дамыту (импортты алмастыру); қазіргі сауда ағындарын сақтау үшін баламалы өткізу нарықтарын іздестіру мәселелеріне бағытталып отыр.
Сонымен қатар «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру аясында отандық кәсіпорындарды тауарларды жеткізу, жұмыстар мен қызметтерді ұсынуға барынша тартуға баса назар аударылады, бұл құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, химия және басқа да жақын секторларда кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру 2,6 мың шақырым республикалық маңыздағы, 4,3 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу және салу жұмыстары көзделген. Аталған шараларды іске асыру есебінен отандық жеткізілімдер үлесі 95%-ға дейін ұлғаюы тиіс.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, экономиканың маңызды салалаларында жұмыс істеп жатқан отандық кәсіпорындар жұмысын жақсарту мақсатында олар өндіретін өнімдер түрлерін субсидиялаудан бастап ішкі сұранысты ынталандыру мақсатында кешенді шаралар жобасы әзірленуде.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, осы жылғы ақпанда инфляция 0,6%-ды құрады. Жылдық мәнде ол 6%-ға дейін өсті. «Негізгі үрдіс азық-түлік тауарлары бағасының 8,6%-ға дейін өсуінен болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер тиісінше 5,4%-ға және 3,2%-ға дейін қымбаттады» деді Ұлттық банк төрағасы.
Биылғы ақпанның көп бөлігінде теңге шетел валютасының әкелінуі, экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуы және бюджетке кепілдік берілген трансферттер үшін Ұлттық қордың валюталық активтерін конвертациялау аясында нығая түскен еді. Осы жылғы 24 ақпанда коронавирустың әлемдік экономикаға таралу әсерінің күшеюі жағдайды күрт өзгертіп жіберді. «Оның үстіне, 2020 жылғы 6 наурызда ОПЕК+ отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленің талаптары туралы келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы ағымдағы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шешімін хабарлады» деді Е.Досаев.
Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін ұстанатынын растайды. Соған қарамастан, өзгерістер орын алғанда қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялардың жүргізілуін жоққа шығармайды.
«Ұлттық банк әлемдік экономикадағы және халықаралық нарықтағы жағдайдың дамуын мұқият бақылауда және қажет болған жағдайда Қазақстанның қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын» деді Е.Досаев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады.
Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 97,3%-ға, оның ішінде республикалық кірістер – 83%-ға, жергілікті бюджеттер – 145,3%-ға орындалды.
Ә.Смайыловтың айтуынша, республикалық бюджет кірістерінің толық орындалмауына сыртқы факторлар әсер етті. Біріншіден, 2019 жылдың соңында ҚХР-да пайда болған коронавирус індетіне қатысты жағдай импортқа ҚҚС түсіміне кері әсер етуде. Атап айтқанда, осы жылдың ақпан айында 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда Қытайдан келген импорт 11%-ға төмендеді, ал оның нақты көлемі 20%-ға төмендеді. Соның салдарынан Қытайдан тауар импортынан кеден баждары мен салықтарының түсуі 12%-ға азайды. Жалпы, осы жылдың 2 айында автокөлік санының 24%-ға және ҚХР-дан темір жол көлігінің келуі 14%-ға төмендегені байқалады. Бұдан өзге, осы жылдың ақпан айында ЕАЭО елдерінен тауарларды импорттайтын автокөлік құралдары санының 20%-ға төмендеуі тіркелді.
Жалпы, сыртқы фактордың теріс әсеріне қарамастан 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС бойынша өсу қарқынын 110,5%-ға қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 559 млрд теңгені құрап, 174 млрд теңгеге артығымен орындалды.
Ә.Смайылов сыртқы факторларға байланысты қалыптасқан экономикалық жағдайларда мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Алдымен республикалық бюджеттің шығыстары оңтайландырылатын болады. Біріншіден, бұл қымбат жиһаз бен көлік сатып алу, семинарлар, форумдар және басқа да имидждік іс-шаралар өткізуге қатысты. Аталған шығыстар бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазисектор субъектілерінің қадамдық іс-қимылдары мен жол картасы бекітілді. Екіншіден, ағымдағы жағдайлар үшін басым емес шығыстар, неғұрлым кейінге қалдыруға болатын жобалар мен іс-шаралар, сондай-ақ кейінге қалдыру шарттары бар, бюджетке енгізілгендерді қоса алғандағы жаңа жобалар. Сонымен қатар барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Бұдан өзге, инфляция дәлізінің қайта қарастырылуын ескере отырып – зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ теңге бағамына байланысты бірқатар шығындарды индекстеу талап етіледі. Бұл үкіметтік борышқа қызмет көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Қазақстан азаматтарын шетелде емдеу, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту және т. б. Үшіншіден, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету аясындағы тағы бір бағыт – квазимемлекеттік сектор компанияларының дивидендтік саясатын қайта қарау.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек нарығындағы ахуал туралы баяндап берді.
«Бүгінгі талқыланып жатқан ахуал аясында Үкімет азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындайтын болады. 2020 жылға мемлекеттік бюджетте 4 млн-нан астам әлеуметтік төлемдер алушыларға 3 377 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған», деді Б. Нұрымбетов.
Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан инфляция деңгейін ескере отырып, барлық әлеуметтік төлемдер 5%-ға өсті, оның ішінде зейнетақы мөлшері 7%-ға, яғни инфляциядан 2%-ға ілгерілеп арттырылды. «Сыртқы нарықта қалыптасқан жағдайды ескере отырып, халық үшін мүмкін болатын салдарын жеңілдету мақсатында барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшері инфляция деңгейіне сәйкестендірілетін болады» деді министр.
Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің күрт өсуіне жол бермеу шараларын іске асыру мақсатында әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеу жоспарланған. Ведомство субсидияланатын уақытша жұмыс орындарымен қамтуды кеңейтуді, жұмыстан босауы мүмкін жұмыскерлердің кәсіптік оқытуын ұйымдастыруды және микробизнесті дамытуға арналған гранттар санын арттыруды көздеп отыр.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы жедел әрекет ету республикалық штабын құрғанын атап өтті. Тиісті штабтар барлық өңірде құрылған. Үкімет жағдайды одан әрі дамытудың бірнеше нұсқаларын пысықтады, олардың әрқайсысы қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілген. Ұлттық экономикаға теріс сыртқы конъюнктурадан әсерлерді азайтуға бағытталған бірқатар шара әзірленді.
«Аталған шаралардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. Азаматтарымыздың ешқайсысы қиын жағдайда қалмайды» деді А. Мамин.
Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нарықтарда тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Біз отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар барлық ішкі резервтерді іске қосуымыз керек» деген Премьер-Министр, импортты алмастыруды күшейту жөніндегі нақты шаралар мен жоспар әзірлеуді тапсырды.
Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық банкпен келісуді тапсырды.
Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін ауыстыра отырып, бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақтылы әлеуметтік төлемдерді толық көлемде қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеуге тапсырма берді, оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
«Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалады. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақтылы әрі толық көлемде төленеді» деп түйіндеді А.Мамин.