Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы жұмысқа алынып, бірқатар құжат талқыланды.
Ең алдымен депутаттар Асхат Дауылбаевтың Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметіне тағайындалуын дауысқа салды. Мәжіліс Төрағасы өз кезегінде А.Дауылбаевтың Конституциялық Кеңестегі өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты оны қайта тағайындау үшін кандидатурасы ұсынылып отырғанын айтып өтті. Нәтижесінде, Асхат Дауылбаевты Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындау туралы қаулы қабылданды.
Одан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсованың баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде баяндама оқыды. Депутаттар дауысқа салып, заң жобаларының қорытындысын әзірлеу жөнінде шешім қабылдады.
Ал Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы баяндамасында басқа мемлекеттердің аумағында жауынгерлік қимылдар атқарған ардагерлерді, Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындаған әскери қызметшілермен бірге жеке санатқа бөлуді ұсынды. Заң жобасында ардагерлер үшін әлеуметтік қолдаудың бірнеше шарасын белгілеу қарастырылғанын, сонымен бірге комитет заң жобасын жұмысқа алуға әрі ол бойынша қорытындыны 2020 жылдың 24 маусымына дейін ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Аталған заң жобасы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында ардагерлер үшін бірқатар әлеуметтік құқықтық кепілдік белгілеу қарастырылған. Осылайша құжатта Социалистік Еңбек Ерлеріне және үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне 138,6 АЕК-ке дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін арттыру көзделген. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағында болған соғыс қимылдарына қатысушы ардагерлерге 6,19 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады», деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Одан әрі депутаттар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Заң жобасын таныстырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын орындау мақсатында әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге конституциялық құқықтарын іске асыру, сондай-ақ елді мекендердегі арнайы орындарды анықтау. Ол комитеттің заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2020 жылғы 27 қарашаға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ отырыс барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әділет министрі Марат Бекетаев жариялық, құқықтық дауларды шешу мәселесі әлі де шешімін таппағанын ескерте келе, бүгінде жария-құқықтық даулар, әсіресе азамат пен мемлекеттік аппарат мәселелерінде тараптардың теңсіздігі және азаматтардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппарат ресурстарымен сәйкес келмейтінін айтты. «Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Осыған байланысты Президент әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігін белгіледі. Осы міндеттерді шешу үшін Әділет министрлігі Жоғарғы сотпен бірлесіп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын әзірледі. Кодекс жобасы бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту ескерілген. Екіншіден, жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу қарастырылған. Билік өкілеттігін тек мемлекеттік органдар ғана емес, өзге де тұлғалар жүзеге асыратынын ескере отырып, «әкімшілік орган» ұғымын бекіту ұсынылады. Кодекстің жобасында міндетті түрде даулардың сотқа дейінгі шағымдану институты енгізіледі. Алайда бұл салық және кеден дауларына таралмайды. Шағымды қарау бойынша іс жүргізу жеделдетілген тәртіппен, 15 күнге дейін өтеді. Аталған институт азаматтардың мәселелерін тез шешуге, уақытты үнемдеуге және сот шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сот актілерінің орындалуына сот бақылау институты енгізіледі», деді Марат Бекетаев.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова баяндама жасады. Аталған заң жобасы негізінде ауылдарға білікті мамандарды тартудың жаңа тетіктері таныстырылып, Мемлекеттік қызметшілерге арналған конкурстық рәсімдер 14 күнге қысқартылатыны мәлім болды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық мәселесі де назардан тыс қалмады. «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілігі қаралатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылады. Осындай шектеулер құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершіліктен босатудың жолын кесу үшін қолданыстағы заңда өз еркі бойынша жұмыстан босату да қарастырылған», деді А.Жайылғанова.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ядролық залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәселесін де қозғады. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда заңнамалық деңгейде 1997 жылғы Вена конвенциясының ережелерін қолдану шарттары регламенттелмеген.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші оқылымы өтті. Баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман «оралман» сөзінің орнына, алдағы уақытта «қандас» атауы қолданылатынын айтты.
Талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған пікірлер ескеріле отырып, заң жобасы одан әрі жетілдірілмек. Заң жобасымен 9 кодекске және 21 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.