«Мемлекетте арифметикалық көпшілік пен саяси көпшіліктің арасын айқын ажырата білу керек» деген екен француз жазушысы әрі қоғам қайраткері Антуан де Ривароль.
Елімізде арифметикалық көпшілік дегеніміз кім? Ол, әрине, қарапайым халық, соның ішінде мемлекеттегі ел мен жердің тарихи иесі саналатын қазақ халқы. Ал саяси көпшілік дегеніміз кім? Олар – саны аз болса да елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, соның ішінде билікке ықпалы бар адамдар тобы.
Стефан Киселевскийдің сөзінше, көпшілік табиғи құрылса, азшылық саналы түрде қалыптасатын көрінеді. Еліміз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін мемлекетіміз де бастапқы кезеңде саяси көпшілікті қалыптастыруға ұмтылыс танытты. Өйткені жас мемлекеттің мызғымастығының бір кепілі осы, яғни саяси көпшіліктің болуы еді. Кешегі әлемнің жартысына жуығына үстемдік құрған алып империя Кеңес Одағы неден құлады? Әрине әр түрлі тұжырымдар айтылады. Азық-түлік мәселесін шеше алмады, жылымыққа байланысты демократиялық үдерістер белең алды, капитализммен күреске төтеп бере алмады дегендей. Бірақ ең бастысы бұл емес. Ең бастысы Кеңес Одағында мемлекеттің мызғымастығына материалдық жауапкершілік арқалайтын әлеуметтік топ болған жоқ. Ешкімде құр сөзден басқа қорғайтын ештеңе болмады. Сондықтан Кеңес Одағын қорғауға ешкім белсеніп шықпады. Мәселен, сіз АҚШ-тағы, еуропалық мемлекеттердегі саяси жүйені құлатуға талап қылып көріңіз, дүниенің қалай шайқалғанын сонда көрер едіңіз. Сондықтан да бұл мемлекеттер ғасырлар бойы өмір сүріп келеді және сүре де береді.
Тәуелсіздігіне ие болысымен елімізде де әлемнің көптеген еліндегі секілді нарық экономикасын орнату басталды. Мемлекеттік мүліктер жекешелендірілді. Кәсіпкерлік қозғалысқа дем берілді. Байлардың пайда болуына қолдау жасалынды. Сөйтіп нарықтық экономика жағдайында өзінің ұлттық буржуазиясын тарихи тұрғыдан қалыптастырған әлемнің көптеген еліндегі секілді біздің елімізде де капиталдың алғашқы шоғырлану үдерісі белсенді түрде жүрді.
Осы уақытқа дейін арифметикалық көпшіліктің, яғни халықтың саясатта шаруасы болмағаны белгілі. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұран көпшіліктің көңілінен шыққандай болды. Еліміздің тыныш жағдайда ес жинауына ең бірінші кезекте қазақ халқының өзі мүдделі болды. Тәуелсіздік бүкіл қазақтың мұраты болғандықтан арифметикалық көпшілік қазақтың қолына тәуелсіздіктің тиюін қанағат тұтып келді.
Тәуелсіздіктің игілігін көреміз деп ойлады. Бірақ экономикалық дағдарыстардың орын алуы, теңгенің жиі құнсыздануы, халықтың қалың бөлігі еңбек ететін ауыл шаруашылығындағы жағдайдың нашарлауы секілді факторлар бұл үміттің ақталуына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне Қазақстанда барша ұлт пен ұлысты, диаспораларды біріктіруші мәнге ие болуы тиіс қазақ тілі отыз жылда төрге шыға алмады. Сот, прокуратура, құқық қорғау реформасындағы сәтсіздіктер, жемқорлықтың жойылмауы арифметикалық көпшіліктің өмір сүруінің мүмкіндік аясын тіптен тарылта түсті. Сөйтіп бұл топ енді жедел түрде саяси көпшілікке айнала бастағанын көріп отырмыз. Қазір біз ашығын айтқанда, саяси әлеуметтік жағдайдың осындай кезеңіне кіріп келе жатырмыз, тіпті кіріп те қойдық деп айтуға болады.
Әрине арифметикалық көпшілік әрдайым саяси көпшілік болып тұра алмайды. Өйткені оның табиғаты солай. Әдетте оның саяси белсенділігінің табиғи апаттар секілді белгілі бір кезеңдік қана, яғни техногендік сипаты болады. Арифметикалық көпшілік өзіне тән тиесілі құқыққа ие болған кезде ол қайта басылады.
Міне, осы жағдай қоғамға залалсыз жүру үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен қоғамға демократия керек. Демократия тек көпшіліктің ғана емес, сонымен қатар азшылықтың мемлекетте мойындалған құқын қорғаудың (соның ішінде адам құқы мен меншікті қорғаудың) ең озық үлгісі саналады. Ол әрі байлар мен кедейлердің, орта тап өкілдерінің, ұлт пен диаспоралардың мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын диалог алаңы секілді дүние: түрлі кикілжіңдер мен жанжалдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қоғамның қолтығындағы қызуды немесе қан қысымын өлшегіш секілді іште ненің қайнап жатқанын бейбіт жағдайда анықтауға және соған сай шаралар қабылдауға жәрдемдеседі. Мәселен, бір ғасыр бұрын Ресейдегі патша өкіметі неден құлап еді? Ол демократиялық үдерістердің тым кешеуілдеп, содан халық бойында революциялық пиғылдың етек алуынан, оның ақыры жаппай бүлікке ұласуынан құлаған болатын.
Әдетте демократиясы дамыған елдерде митингілер көп болғанымен, қоғамды бүлдіретіндей, бас жарып, көз шығаратындай жанжал бола бермейді. Өйткені демократия дегеніміздің өзі – бүліктің алдын алу құралы. Митингілерге және оның көтерген мәселесіне, оған халықтың жиналу көлеміне қарап, мемлекет арифметикалық көпшілікті не толғандыратынын тез аңғарады. Соған сай шаралар белгілейді. Сондықтан болар әлемдегі ең ақылды саясаткерлердің бірі Уинстон Черчилль: «Демократия – басқарудың ең келеңсіз формасы, бірақ одан артықты адамзат әлі ойлап таба алған жоқ» деген екен.
Осыған бір мысал ретінде кезінде Малайзияның ұлтаралық кикілжіңдер мен саяси қақтығыстардан қалай аман шыққанын келтіруге болады.
Малай халқы 1957 жылы Британиядан тәуелсіздігін алғанда ел халқының 53%-ын ғана құраған екен. Қалғаны қытайлар мен үнділер болған. Малайлар да қазақтар секілді ауылдарда ғана өмір сүріп келген. Ал білім жағынан қазақтардан көп төмен болып, көбінесе ауыл молдасынан оқып хат таныған. Сондықтан елдің бүкіл капиталы, бизнес көздері өзге ұлттардың қолында шоғырланып, олар қалаларда шалқып өмір сүрген. Ағылшынша, қытайша, хиндише сөйлеп, малай тілі жетімнің күйін кешкен. Осылайша 1969 жылы үлкен ұлтаралық қақтығыс болып, ресми деректер бойынша 200 адам, ал бейресми ақпарат бойынша 2 мыңнан астам адам қаза тауыпты. Осы оқиғадан кейін Малайзия үкіметі батыл қадамдар жасап, барлық қытай және үнді мектептерін жауып, тек малай тілінде білім беретін жүйе қалыптастырған. Ағылшын тілін де барлық саладан ығыстырып, ең алдымен Үкімет, Парламент, Сот сияқты барлық жүйе тек малай тіліне көшкен. Көп ұзамай бизнес пен өндірісті де малай тіліне көшірген. Малайларға бизнеспен, мемлекеттік қызметпен айналысуға көптеген жеңілдік жасап, жерді, кәсіпорындардың акцияларын тек малайлар сатып алатын заң шығарған. Ауылдағы малайларды урбандап, құлдық санадан арылуға бар күштерін салған. Соның өзінде бұл халық басында білімсіздік салдарынан өздеріне берілген акцияларды арзан бағаға қытайлар мен үнділерге сата бастаған кезде елдің премьер-министрі Мохадхир Мохамад тағы да көмекке келіп, малай халқы нарыққа еркін араласып көзі ашылғанша акцияларды сатуға тыйым салып, тек олардың дивидендін төлеп тұратындай жағдай туғызған. Оның «Малай халқы, сенің қолыңда кедейлік пен ауылдан басқа не қалды?!», деп артта қалған малайлықтарды еңбекке, білімге, іс жүргізуге шақырып, ашына сөйлейтіні осы тұс.
Қазір Малайзияда малай тілі 100 пайыз қолданылады, малай халқы озық ойлы, жан-жақты сауатты, әлемдік бәсекелестікке еш қиналмай араласа алатын еркін ұлтқа айналды. Елдегі өзге ұлт өкілдері де өздерін бөтен санамай, малай тілінде сөйлеп, малайзиялықпын деп мақтанышпен айтатын деңгейге жетті.
Міне, осы малайлықтардан біздің қазақ халқы кем бе?! Қазақ жастары да білімді, оқуға қабілетті. Нарық келгелі бері еңбектің де сынағынан өтіп жатырмыз. Әрбір қазақ өзінің отбасы жағдайын, балаларының болашағын ойлайды. Балалары әке-шешелеріне қамқорлық көрсетуге бейім. Бұл – өте жақсы қасиет. Халықты дамуға бастайтын қасиет. Тек билік тарапынан халықтың қойып отырған талабына құлақ асу қажет. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру идеясы дөп келеді.
Халық үнін тыңдайтын мемлекет құру – қазіргі кезең үшін өте маңызды мәселе. Өйткені халықпен келісімді жағдайда ақылдасып шешілетін мәселелер ауқымы өте үлкен, ал оны айналып өту мүмкін емес. BRIF Research Group-тің алдағы он жылдықта елдің саяси-әлеуметтік өмірінде болатын өзгерістерге қатысты жүргізген зерттеуі нақ осыны көрсетеді. Алдағы он жылда жастардың қандай әлеуметтік тобы қазақстандық өмірді белсенді құрушыға айналады? Зерттеу міне, осыны анықтауға арналған. Оның кейбір деректеріне назар аударып көрейік: Зерттеуге Қазақстанның 7 қаласындағы 14-25 жас аралығындағы 1 мың қыз-жігіт тартылған. Егер 1999 жылы еліміздегі қазақтардың үлестік саны 53%-ды құраса, 2019 жылы 67%-ға өскен. Демографтар болжамы бойынша 2030 жылы бұл көрсеткіш 80-85%-ға жететін болады.
Егер 2000 жылдар басында білім саласындағы орыс тілінің үлесі 70%-ды, ал қазақ тілі 30%-ды құраса, соңғы 15 жылдың ішінде мұнда да үлкен өзгерістер орын алған. Енді қазақ тілінің үлесі 65-70%-ға жетіп, орыс тілінің үлесі 30-35%-ға төмендеп отыр. Демек, 2030 жылы білім саласында ғана емес, өмірдің барлық саласында қазақ тілінің басымдығы айқын аңғарылатын болады.
«Демек, енді 5-10 жылдан кейін біз басқа Қазақстанда өмір сүретін боламыз. Қазіргі 15-25 жас аралығындағылар 2030 жылы сол Қазақстанды белсенді құрушыға айналады. Сондықтан бізге қазірдің өзінде оларды түсіну, кім екендіктерін білу, нені қалайтындықтарын және қандай құндылықтарды жоғары қоятындықтарын анықтау қажет», дейді зерттеу авторлары.
Осыған орай зерттеушілер өз істерін одан әрі тереңдете отырып, сол жастардың әлеуметтік ортақ бейнесін жасап шыққан. Сонда олардың ұлттық құндылықтарды жоғары қоятын, қазақ тілінде сөйлейтін жастар болатыны белгілі болған. Зерттеушілердің мәліметінше, қазіргі қоғамда еуропалық құндылықтарды аңсайтын жастар қатары 17 пайызды құрап отыр. Олардың көбі Еуропадан білім алып келген жастар. Бірақ алдағы он жылда олардың қатары төмендемесе, көбеймек емес. Себебі мұндай жастардың арасында шетелге кетушілер көп.
Сонымен Қазақстанның саяси-әлеуметтік бейнесінде соңғы кезеңде пайда болған құбылыстар мен өзгерістер және алдағы өмірімізге жасалған зерттеулер арифметикалық көпшіліктің бұрынғы өмірге енді еш көндіге алмайтынын, сондықтан оның саясилануға барынша бейім тұрғанын көрсетеді. Мемлекет үшін мұны ескермеу қауіпті. Біз мұны ескергенде ғана жақсы өмірге қарай сенімді қадам баса аламыз. Ал оны ескерудің тиімді әлемдік тәжірибесінің бірін жоғарыда келтірдік.