Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қармақшы ауданына сапарлап, бірқатар нысан жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен аудан аумағындағы Қурайлы каналын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Каналды қайыр басып, ауданның егістік жерлеріне су жеткізу мәселесі қиындық тудырып келген. Қазір құны 168 млн теңге болатын жоба сметалық құжат әзірленіп, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы каналды тазалауда.
Аймақ басшысы бұл жұмысты шаруа қожалықтарымен бірігіп жүргізуді тапсырды.
Сапар аясында Қуанышбек Досмайылұлы аудан орталығында орналасқан кварталішілік газ тарту жұмыстарының барысымен де танысты. Кентте өткен жылдан бастап жалпы ұзындығы 160 шақырым болатын ішкі газдандыру жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин осы бағыттағы жұмыс барысын таныстырды.
- Мамыр айындағы атаулы мерекелер қарсаңында Қармақшы және Сырдария ауданы тұрғындарының бір бөлігіне газ беру мәселесін шешіңіздер. Жалпы жоспарланған үш ауданға көгілдір отын күзге дейін толық берілуі керек, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы Қ.Ысқақов Қармақшы аудандық электр тарату торабының және Қармақшы аудандық аграрлы-техникалық колледжінің жұмысымен де танысты.