Үшінші «Алтын адамды» тауып, әлемдік археологияға сенсациялық жаңалық әкелген профессор Әбдеш Төлеубаевпен әңгімелесіп, еліміздің шығыс өңірінен бастап ұлы дала төсіндегі бай тарихқа барынша саяхат жасағандай күй кештік.
– Әбдеш Төлеубайұлы, 1972 жылы Қазақ Ұлттық университетінде «Археология және этнография» деген кафедра ашылды. Сіздер алғашқы түлегі екенсіздер. Ел арасында аталған кафедраның ашылуына «Абай жолындағы» атақты Оразбайдың немересі – Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев мұрындық болды деген сөз бар. Соны тарқатып айтыңызшы...
– Әбекең археолог мамандығын Ленинградтан бітіріп келген жандардың бірі болды. Әлбетте кейін бұл салада отандық археологияға олжа салып, сол соқпақпен арамыздан талай мықты азаматтар шықты. Студент кезімнен бастап Әбдіманап Медеуұлының жанында төрт жыл экспедицияда болдым. Үнемі қасынан тастамайтын. Ол кісінің басқа археологтерден бір ерекшелігі – қазбаның басында көп отырмайтын, жер-жерді аралап, жаңа ескерткіштер іздеп, этнографияны, ел арасындағы фольклорлық материалдарды ыждағаттап, ерінбей-жалықпай жинайтын. Әбдіманап Медеуұлы өзінің елу жылға жуық ғылыми шығармашылығында Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде қола дәуірінің көптеген қорымы мен ірі жеті қонысында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми зерттеулерінің басым бөлігі қола дәуіріне арналған ғалымның өмірдегі мақсаты да, бақыты да тарихтың осы кезеңдерімен тікелей байланысты болды. Бұл да ғалымның басты мұраты саналатын жетістігі, өз мамандығына деген шын сүйіспеншілігі болса керек.
– Өміріңіздің аттай 48 жылы далалық экспедицияда өтіпті...
– Соның 17 жылы этнографиялық экспедициялар, қалғандары жалпы археологиялық экспедициялар болғанымен, елдің ішіндеміз ғой, сол Әбекеңнің үлгісі, қай елге барсам да этнографиялық материалдарды жинап жүремін. Этнография дегеніміз – халықтың жады. Қазақстанда араламаған облысым, ауданым, әй жоқ шығар. Көбінесе Солтүстік, Батыс, Шығыс, сонан соң Жамбыл облысына ат ізін көп салдым. Шымкент өңірін аздау аралаған болуым мүмкін, алайда Қызылорданың қырат-қыратын қалдырған емеспін. Жалпы, этнографиялық, фольклорлық экспедициялар болып бөлінгенімен, екеуінің де илейтіні бір терінің пұшпағы. Жер жердегі ақсақалдармен, шежірешілермен, бақсы-балгерлермен, жалпы халық мұрасын көп білетін адамдармен әңгімелесіп, кейбірімен таңды таңға ұрып сөйлессең де әңгіменің түбіне жете алмай, тіпті жандарында бірнеше күн қонып қалатын кездер көп болған. Солардан алған материалдарымды кітап қылып қаттадым, әрқайсысына сілтеме жасадым. Ғылым деген осы болса керек.
– Этнографиялық экспедициялардың археологиялық экспедициялардан қандай өзгешілігі бар?
– Ұлттың дүниежүзілік қоғамдастықтағы, жалпы өркениеттегі орнын анықтау үшін алдымен оның ұлы дала төсіндегі жеткен жетістіктерін саралау, бағалау қажет. Мәселен, Алтын адамды алайық. Еуразияның бірнеше жерінде: Тыва жеріндегі Аржанда, Қара теңіз, Дунай, Днепр бойындағы сақ-скиф ескерткіштерінен алтын әшекейлер табылды. Бірақ оларды толыққанды Алтын адам деп айта алмаймыз. Себебі табылған алтындар киімді қамти алмайды. Ал 1969 жылы Есік қаласының жанынан шыққан Алтын адамның жөні бөлек. Біздің ұстазымыз, қазақ археологиясының ақсақалы марқұм Кемел Ақышев пен Бекен Нұрмағамбетов ағаларымыз оны тауып қана қоймай, бүкіл сән-салтанатын қалпына келтірді. Ол қазақ мемлекетінің мәдени жетістіктерінің шыңы болды және ұлттық брендімізге айналды. Содан кейін 1999 жылы Батыс Қазақстандағы Аралтөбеден табылған алтын адам бар. Егер Есік Алтын адамы б.з.д. V-IV ғасырлар аралығына жатса, Аралтөбеден табылғаны б.з.д. І ғасыр мен б.з.д. І ғасырдың арасына тән болып келеді. Ал үшінші Алтын адамды біз 2003 жылы Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы сақ патшалары обаларының бірінен таптық. Кейін Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданынан, Қарқаралы жеріндегі Талдыдан, батыстағы Тақсайдан да табылды.
– Дегенмен, осындай жәдігерлерді табу бар да, соны қалпына келтіріп, зерттеп, ғылыми талдау жасау бар.
– Мен Шілікті Алтын адамын 10 жылдай зерттеп, киім тарихымен айналысатын технолог, дизайнер, сонымен бірге археолог, этнологтермен ақылдаса отырып, қалпына келтірдім. Бізге оның тек 4303 дана алтыны мен сүйегі ғана жетті. Бүкіл текстиль, мата шіріп, жойылып кеткен. Одан қала берді, қабір бір кездері тоналғандықтан, алтын әшекейлер топырақтың әр деңгейінде шашылып жатты. Сақ-скиф киімі жөніндегі деректер Геродоттың еңбегінде, Парсы жеріндегі жартастарға қашап салынған Персополь суреттерінде, Әмудария көмбесіндегі қаңылтыр пластинадағы сақтардың суретінде кездеседі. Біз соларға сүйендік. Бір жерге шатырыңды тігіп тастап, 20 шақты адаммен, өзіңмен өзің, қозғалмай тұратын археологиялық экспедицияларға қарағанда, этнографиялық экспедициялардың қызығы мол. Ол жылжымалы. Ел аралайсың. Көпті көресің, көптеген мұра табасың, бір жерден екінші бір мекенге үздіксіз ауысып отырасың. Түрлі оқиғаларға тап боласың. Түрлі тағдырларды кезіктіресің. 1983 жылы Бейнеуде Бекет атаның мешітіндегі шырақшымен әңгімелестім. Ол кісімен ұзақ сөйлесіп, ақыры кетпей қонып қалдым. Қарт адам бәйбішесімен сонда тұрады екен. Содан түннің бір уағында дәл жанымдағы үңгірден (бөлмеден) қасқырдың ұлығаны, шынжырдың шылдырлағаны естілді. Ертесінде ақсақалдан соны сұрасам, ол мені әлгі дауыс шыққан жерге ертіп барды. Қарасам, ішінде бір қолы, бір аяғы шынжырланған еңгезердей бір жігіт отыр. Сөйтсем ол шырақшының жалғыз ұлы екен. Босатсам бәрін шағады дейді. Жынданып кетіпті, ақсақал соған медет тілеп, дүниеден баз кешіп, осында шырақшы болып жүрген жайын баяндады. Адам айтса нанғысыз бұндай оқиғалар ел ішінде әлбетте көп. Оны зерттеу, зерделеу өте күрделі де кешенді ғылымды талап етеді. Тарих пен тылсымды қатар зерттеу – бір жағы қызық, бір жағы қиын.
– Кандидаттықты Мәскеуде, ал докторлықты Қазақстанда қорғапсыз. Мәскеудегі Миклухо-Маклай атындағы антропология институтының Орталық Азияны, оның дәстүрін зерттейтін тарихи мектептердің ғалымдарымен сыйластығыңыздың керемет екенін білеміз. Мәскеу мектебі ұстанымыңызға қалай әсер етті?
– Мен кейінгі ғылыми-оқытушылық, кафедра басқарушы қызметтерді атқарған кезімде солардың үлгісін, ең басты талабын қолдануға тырыстым. Олардың талабы: сізге дейін осы тақырыпты кім зерттеді, сол ғалымдардың бүкіл жетістігін, еңбектерін жақсы білуге тиіссіз және өз еңбегіңізде соларды толық көрсетуіңіз керек. Бұл ғылымдағы этика! Екінші, Әлкей Хақанұлы, Халел Арғынбаев, Марат Сәбитұлы Мұқанов сынды мықты этнограф ғалымдардың ұлттық мәдениетке деген зор махаббатын шәкірттеріме ерекше мақтанышпен айтып жүруге тиіспін. Мысалы, Әлекеңнің жеріне жеткізіп айтатын мол білімін мақтан тұтуымыз керек. Ол кісі кірмеген архив жоқ та шығар, археологиялық-этнографиялық қорлардың қайсысын қарасаңыз да міндетті түрде Әлекеңнің қолы тұрғанын көресіз. Өйткені сізден бұрын алған адамның қашан қарап, пайдаланғаны туралы мәлімет жазылып тұрады. Тіпті, ол кісінің кереметтігі – Ленинградтың пәлен мұрағатының, пәлен бөлімінде, пәлен деген бумада деп тұрып мәліметті жатқа айтады. Біз көрген мектеп осындай!
– Сіз археология мен этнографияны тел алып жүрсіз. Қайсысына басымдық берер едіңіз?
– Қиын сұрақ, иә, ескерткіштер бұған дейін мың жыл тұрған, ол тағы да мың жылдап тұра беруі мүмкін. Ал этнография олай емес, қайталап айтайық, ол – халықтың жады. Ұрпақ алмасады, демек архаика азая береді. Ескерткіштер де екіге бөлінеді: қозғалатын және қозғалмайтын. Бір кезде ақша қозғалмайтын ескерткіштерге ғана жататын. Ол кезде ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы Әнуар аға Әлімжанов еді. Сол кісіге бардым. Орынбордағы қазақтардың арасынан этнографиялық материалдар жинау керектігін айттым. Халық арасынан қазына іздеу – қозғалатын ескерткіштерді екшеу, яғни халық ауыз әдебиетінен бастап есте жоқ ескі әңгімелерді тарих таспасына түсіру. Ақыры 1983 жылы 20-дай студентпен Орынборға бардым. Үш ауданын аралап, онда 120 мыңдай қазақ тұратынын білдік. Өкінішке қарай тұрғындар «Сәулем, сәулем, сәулемсіңнен» басқа қазақтың кейінгі өлеңдерінің бірін де білмейтін болып шықты. Сөйтсек оларға бізден ешбір газет-журнал бармайды екен. Ақтөбедегі Қарабұтақ ауданынан бір транслятор қойса, радио да, бәрі барар еді, соны жасамағанбыз... Алайда тарихи бір ерекшелік, заңдылық та болуы керек, мәдениеттің өзін-өзі сақтауының ішкі құпиясы ма, сондай ортада керемет архаикалық дүниелер бәрібір сақталып қалады. Кейде ойлаймын, осы күнгі ұрпақтың аузынан да, тұрмысынан да жазып алып қалатын дүниелер көп. Айталық, анау Тибет қыратындағы Ақсай қазақтарының жайы мен ондағы мұражайды және Қытайдағы музейлерді көргенде, осындай ойға келдім. Мен сол жерден біраз дүниені қолға түсірдім, бұл Шіліктіден тапқан олжамнан еш кем емес еді...
– Археологияға шындап ден қойған кезіңіз 1988 жылдан бергі уақыт екен.
– Негізінен Шығыс аймақты зерттедім. Аспирант кезімнен бастап аталған өңірді көп араладым. 2003 жылы үшінші Шілікті Алтын адамын ашуыма осы сапарлар алғаш жол салды деуіме болады.
Ақсуат пен Шіліктінің арасы тура жүрген адамға 150 шақырым. Кішкене күнімде әкеме ілесіп, Шіліктіге бардым. Сонда тау-тау обаларды көргенмін. Жыпырлаған көп оба... Кейін осы жерге қазба жұмысын жүргіздім. Шіліктіні қазу үшін көп қаржы, техника керек. Біздің институттың азғантай қаржысы оны көтере алмайды. Содан бірнеше жыл жоба ұсынып, оны игеретін қаржыны жеңіп ала алмай жүрдік. 2002 жылы жүректен қатты сырқаттанып, бір жарым ай төсек тартып жаттым. Тіпті мамыр айына дейін солай қайта-қайта жансақтау бөліміне түсе бердім. Бірақ оған да үйренеді екенсің... Түнде қасыңда біреу жатады, таңертең бетін жауып алып кетеді. «Алла, алла!» деп аман қалдық... Бір күні Шіліктіге арналған жобамды мақұлдаған «Қазмұнайгаздың» қағазы университетке келді деген сүйінші хабар жетті. Бес миллион теңге береміз деген қолдау хат қуанышымызды еселей берді. Ол кезде бұл қомақты қаржы.
Қазба жұмыстарын сол жылы дереу бастап кеттік. Мен таяқпен жүремін. Ауданның белді деген адамдары күтіп алды, өзара ақылдастық. Бір-бірімізді қолдап, көмектесетін болып уағдаластық.
Ал Шіліктінің өзі оңтүстіктен солтүстікке 6-7 шақырым, ені 1 шақырым, ал ұзындығы 6 шақырымдай аумақта 200-дей оба бар. Соның 40 шақтысы ірі обалар. Менің «Бәйгетөбе» деген обаға ерекше көңілім түсті. Әркім әр түрлі ойларын айтты, бірақ мен осы обаға тоқтадым. Қазу процесі ұзақ әрі тиянақты жүргізілді. Әр жарты метр сайын топырақтың түсін мұқият қарап отырдық. Сөйтіп 1 жарым айда тас обаға жеттік. Тас обаның биіктігі 5 метр 50 сантиметр болды, ал жалпы обаның биіктігі – 8 метр. Самырсын ағашынан салынған қабырғаларға жеттік. 7 қабат бөрене қабырға. Жуандығына құшақ әрең жетеді. Ұзындығы – 15 метр. Обаның шығыс жақ беті қиық пирамида сияқты болып келтірілген. Алдындағы дәлізбен патшаның қабірханасына барады. Қабірхананың батыс жағын қиып алып, кішкене сыпыртқылармен, қалақшалармен тазалап отырып, 1 ай 20 күнде еденіне жеттік. Ауданы – 17 шаршы метр. Ішін толық зерттеп біткен кездегі табылған қазбаларға таңырқайсыз, ғажап еді дейсіз.
Мұнда да тонаушылардың ізі жатыр. Әйтсе де одан 4303 дана алтын шықты. Табылған әшекейлердің бәрі не сырға, не сақина емес, түгелі киімге тағатын түймелігі бар құйма алтындар. Осылардың технологиясын зерттеген маман ғалымдар бұл дүниелерге қатты таңғалды. Көлемдері тарыдай ғана түймелер. Ең қызығы, мамандардың айтуынша, алтын дәнекерлейтін аспаптар бұл түймелерден кейін шыққан делінеді және алтынды алтынға дәнекерлеу үшін оның еру температурасы төмен болуы керек. Оған мыс қосу қажет. Сонда 650Со-та алтын ериді. Ал табылған түймелердің дәнекері – 930-960-шы сынама. Мұның еру температурасы – 1100Со. Оны дәнекерлеу үшін иненің ұшындай ғана қыздырғыш керек. 1100Со жылуды қазіргі жетілген технологияның өзімен шығару мүмкін емес. Мені қуантқан жайт осы болды.
– Қазба кезінде табылған Бесжұлдыз нені білдіреді?
– Бесжұлдыз – ең көне символ, сақ дәуірінен де бұрын болған. Бесжұлдыздың түпкі семантикасы, ішкі мәні екі қолын екі жаққа жайып жіберіп талтайып тұрған адамның бейнесінен келіп шығады. Мұны ғылымда «символ всемогущего человека» дейді. Адамның керемет қасиетін, артықша қабілетін білдіретін белгі. Бұл он сегіз мың ғаламды жаратқан құдайдың бір мақұлығы, табиғат әлемді билеуші деген мағынаны да білдіреді. Тіпті осы ой Құранда да бар. Жалпы адамзатқа тән символды кейін массондық ұйымдар, еврейлер өздерінің символы етіп алған. Бертінде пролетарлық диктатура бесжұлдызды басқа таптарға үстемдік деп те белгіледі. Бұл негізі бір өзі жеке тақырып деуге болады.
– Енді әшекей бұйымдар жайлы кеңірек айтып өтсеңіз. Қазба жұмыстары кезінде екі таутекенің тұмсығы түйісіп тұрған мүсіндер жиі кездеседі. Қырынан қарасаңыз – қалқып келе жатқан құс. Демек, бір формаға үш түрлі мағына беруі сақтардың аң стиліндегі ең көне заманына тән дүние ме?
– Қазақстан жеріндегі сақтардың ең көне ескерткіші басы қасқырдікі, денесі аюдікі сияқты алтын бұйым, ол да сақтардың синтездік өнеріне жатады. Бұлардың көбі құйма алтын. Шілікті «Алтын адамының» (киімінің) 80 пайызы құйма алтын. Салыстырмалы түрде біздің брендімізге айналған Есік алтынының көпшілігі қаңылтыр. Бедерлеп салған. Фольгадан сәл ғана қалың. Ал құйма алтынның технологиясы әлдеқайда күрделі. Және жоғарыдағы аталған үлгілерден бөлек Алтын арқар әшекейі табылды. Ол да құйма алтын. Жалпы, табылған алтын 1 килоға жақындады. Ғалымдар мұндай әшекейленген алтындар (көзіне бирюза қондырылған) б.з.д. VІ ғасырдан арыға бармайды дейді. Ал мынау VIII ғасырға жататындығы және сол кездің өзінде бізде бирюзаның кеніші болғаны анықталды. Біз оған дейін асыл тастарды Үндістаннан, Пәкістаннан әкелді деп келген болатынбыз. Сол сияқты екі бұғының мүйіздесіп тұрғаны, ол өмір бәйтерегі, өсіп-өнуді білдіреді, оның семантикасы қызық, бұл енді ұзақ әңгіме. Бесжұлдыз жайлы жоғарыда айтып кеттік. Мен бұны алғаш көргенде қазба орындарында совет офицерлерінің гимнастеркаларынан түсіп қалған әшекей болуы керек деп те ойладым. Өйткені алғашқы кезде олар осындай ескерткіштерді көп тонаған. Алып қарасам, құйма алтын, артында түймелігі бар. Көне мысырлықтар мен вавилондықтарда екі аяғын талтайтып, екі қолын екі жаққа керіп, басын тік ұстап тұрған адам – оның маңайына деген билігін, құзыретін білдіреді. Ең бастысы, бесжұлдыз белгісі патша киімінің көрнекті жерінде тұрған, демек қабірханадан табылған адамды біз патша деп таныдық. Алғашында көбісі бұл тұжырымымызды мойындағысы келген жоқ, өзім сыйлайтын Карл Байпақов ағамыз да бұл тұжырымыма күмәнмен қарағанын жасырмаймын. Бірақ кейін өзі мақала жазып, мойындады. Айтайын дегенім, массондықтар мен коммунистік жүйе осы бесжұлдызды пайдаланған, ал арғы түбі қайда жатқанын біздің қазба көрсетіп тұр, осыдан 2800 жыл бұрын сақтар қолданған ерекше белгі біздің тарихтың тым тереңде екенін анық аңғартқандай.
– Өлім алдындағы айқасқан грифон, құстың аяғына оралып жатқан жылан сюжеті, бұл жер мен көк күресі деп түсінеміз. Одан бөлек қазба жұмысы кезінде қоңыраушалар таңбасы да табылыпты. Осылар туралы айтып берсеңіз?
– Түркі дәуірінен, қола дәурінен бізге жеткен мерзімдеуші құрал – қос қырлы жебенің ұшы. Оның салмағы әр кезде өзгеріп отырған. Шіліктіден аталған жебе де табылды. Бұл ескерткіштің көнелігін көрсетеді. Біздің алдымызда Черниковтың қазбасынан осындай 7-8 жебе ұшы шыққан. Ол кісі бұның бәрін Алғазияға, алғазия мәдениеттеріне жатқызды, теліді... Шіліктіден тақтайшаға бұғының суреті салынған бұйым да шықты. Сақ-скиф мәдениетіндегі алғаш бояуы бар ескерткіш. Жалпы, Шіліктінің Алтын адамын қалпына келтіру өте күрделі болды. Оны 2009 жылы бір-ақ қалпына келтірдік. Өйткені бізге жеткені тек алтын, оның өзі әр жерде шашылып жатты. Оны жинақтауда Түркілердің, Орталық Азия, Сібір, көне Орта ғасыр, сақ-скиф киімдері туралы еңбектер маған көп көмектесті. Мен оған бешпент кигіздім. Бұл сақтарға тән сыртқы киімнің бірі. Сақтар киімдерінің түсі көбінесе қызыл-күрең түс. Содан соң шапан жаптым. Министрлер шапанды қабылдамай қойды. Шешіп таста, Есіктің алтын адамымен бірдей болу керек деп қоймады. Мен Есіктің Алтын адамы ол жас бала, ал мынау патша деп шыр-шыр етемін. Және, бір нәрсені айтуымыз керек, Есіктің Алтын адамы орталық қабірден шыққан жоқ, ол толық тоналған. Ол шеткі қабірден еш тоналмай шыққан жас ханзада. Шапан кию жасына жеткен жоқ. Ал мен шапанды ойлап тапқаным жоқ, ар жағында «Қатынды» деген жерден тоң басқан обада киімнің текстилі сақталып қалған. Сол киім үлгісі Шіліктіден шыққан. Астарлы, жібектен жасалған шапан.
Ал бет пішінін Мәскеудегі Герасимов лабораториясына жібердік. Патшаның бүкіл сүйегі түгел шықты. Олардың жіберген гипс-нұсқасы маған ұнаған жоқ. Алтын адамды европеоид қылып жіберген. Сенімді адамдарымды жіберіп, тексерсем, мүлде келмейді. Сөйтіп оның нағыз бет пішінін қайта жасадық. Бұл европеоид, бірақ көне европеоид. Оның құрамында 30-40 пайыз монголоидтік пішін де бар. Ал бас киімі кәдімгі Есіктен шыққан Алтын адамның, тигрохауд сақтарының шошақ бөрігі. Бұл – тымақтың прототипі. Біз ата-бабадан келе жатқан дүниені сақтаған екенбіз. Бесжұлдыз тура маңдайында тұр. Кейбір жолдастар сен оны қызылармияшылар қылып жібердің ғой деп күлді. Бойы – 179-182 сантиметрдің арасы, зерттеген антропологтер оның ет пен сүтпен тамақтанған және солақай адам екенін анықтады. Жамбас сүйектің белгілеріне қарағанда, ат үстінде көп жүрген адам екені және анықталды. Жасы 37-42-нің арасы деп топшыланды. Нағыз ел басқаратын кезі және сол жаугершілік замандағы олардың өмір сүру ықтималдығына сәйкес келіп тұр.
– «Қара археологтер» әлі де бар. Бұл – біздің ұлтымыздың, мәдениетіміздің трагедиясы.
– Жалпы, «қара археологтер» әлі де бар, былтыр Елеке сазын қазғанда, Зейнолла Самашев бір Алтын киімді адам тапты. Қыстай сол жерде облыс әкімі қарауыл қойса да бәрібір екі обаны қазып, алтынын алып кетіпті. Ондай жағдай Қазақстанда көп, бұл – біздің еліміздегі басты трагедиялардың бірі. Тарихқа зиян, қып-қызыл қиянат. Заңға өзгеріс енгізу керек, үлкен айыппұл салса, тоқтар еді деп ойлаймын. Бірақ қалай екені белгісіз, осы ұсыныс қабылданбайды, 3-5 миллионға дейін айып салу, соттау туралы Заң жобасын ұсынғанбыз. Бірақ сонымызға селт еткен тірі жан көргеніміз жоқ.
Біздің Зекең (Самашев) екеуіміздің ерекшелігіміз, қазба жұмыстарын жүргізгенде табылған дүниелерді зерттеу үшін арнайы түрлі сала мамандарын аттай қалап, шақырып аламыз. Олардың да көзқарасы керек. Палеоботаник, палеозолог деген мамандар бар, соларға материалдарымызды береміз. Қазір жан-жақты қарастырмасаң, бұрынғыдай таза тарихи, этнографиялық пайым жеткіліксіз.
Ең басты айтарым, біз Сақ, Үйсін мәдениетін шатастырмауымыз керек. Екеуі жеке-дара екі үлкен мәдениет. Жинақтап келсем, Шілікті туралы 600 бетке жуық ғылыми еңбек жаздым, демек айтар нәрсе көп. Кейбір айтылмай қалған ақпараттар болса, сол кітапта және осыған дейінгі жазған ғылыми мақалаларым мен еңбектерім де бар, сондықтан ұзақ әңгімені осылай қысқа қайыруға тура келіп тұр.
Әңгімелескен
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ