Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қорға түскен түсім 363,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 37,8%-ға немесе 220,7 млрд теңгеге төмен.
Ұлттық қорға айлар бойынша түсімдер, млрд теңге:
Оның ішінде салықтық түсімдер 358 млрд теңгені құрап, 2019 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 37,1%-ға төмендеді. Түсімдердің ағымдағы серпіні сақталған жағдайда, 2020 жылы қордың пайдасына жиынтық салық төлемдері 2 147,8 млрд теңгені құрауы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Ұлттық қорға түскен жиынтық салық көлемі 2 837,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар салық төлемдерінің барлық түрі бойынша азайғаны байқалады. Ағымдағы жылдың екі айында корпоративті табыс салығы бойынша түсімдер көлемі 121,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9 млрд теңгеге немесе 45,3%-ға төмен. Мұнай секторы ұйымдарының өнімдерін бөлу бойынша түсімдер 43,7%-ға немесе 92,4 млрд теңгеге, 119,0 млрд теңгеге дейін азайды. Ағымдағы жылы пайдалы қазбаларды өндіру салығы 16,7%-ға төмен, ал ренталық салықтан түскен түсімдер 10,4%-ға кем. Бұл ретте есепті кезеңде мұнай экспортының айтарлықтай төмендеуі байқалған жоқ. Осылайша 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Новороссийск портында «Каспий құбыр консорциумы» теңіз терминалы арқылы мұнай тиеу көлемі 10,48 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 0,2%-ға төмен (10,50 млн тонна). Айта кету керек, КҚК құбыр жүйесіне қазақстандық мұнай экспортының 75%-дан астамы келеді.
Айлар бойынша түсімдерді бөлу кезінде, ағымдағы жылдың қаңтарында Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 53,3%-ға азайып, 51 млрд теңгені құрады, ал ақпан айында түсімдер 33,3%-ға, 307 млрд теңгеге дейін азайды.
2020 жылдың екі айында 838,1 млрд теңге қор қаражаты пайдаланылды. Оның ішінде, 838 млрд теңге республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт түрінде аударылды, ал 140,5 млн теңге қор шығындарын жабуға бағытталды. Осылайша Ұлттық қордың активтері 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 474,9 млрд теңгеге, 26 565,6 млрд теңгеге дейін төмендеді. Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020 – 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңымен Ұлттық қордан 2020 және 2021 жылдары 2,7 трлн теңге мөлшерінде бюджетке кепілдендірілген трансферт қарастырылған, бұл 2022 жылы 2,6 трлн теңгеге дейін төмендейді.
Депозиттің сыйақы мөлшерлемесі қайта қаралды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты теңгедегі депозиттер бойынша 2020 жылдың наурыз бен сәуір айларына ұсынылған ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін қайта қарады. Биыл 10 наурыздан бастап Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жылына 12 пайыз деңгейінде бекітілді.
Еске сала кетсек, жеке тұлғалардың қайтадан тартылған депозиттері бойынша максималды сыйақы мөлшерлемесін анықтау және бекіту әдістемесіне сәйкес ұсынылған мөлшерлемелер базалық мөлшерлеме өзгергенде қайта қаралып, бекітілген күннен бастап күшіне енеді.
Өзгерістер мерзімсіз салымдарға қатысты орын алды. Өйткені бұл салымдар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі негізінде есептеледі. Яғни мөлшерлемелер 9,8 пайыздан 12,5 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар 3 және 6 айлық мерзімді депозиттер және 3 айлық жинақ ақша салымы бойынша мөлшерлемелер де 13 пайызға дейін жоғарылады.
Ақылы жолдардан 600 млн теңге жиналды
2020 жылдың екі айы ішінде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол учаскесінен түскен қаражат 643,1 млн теңгені құрады. Қазақстандықтар республикалық маңызы бар «Нұр-Сұлтан – Теміртау» тасжолымен жүріп өткені үшін 215,5 млн теңге төлесе, «Нұр-Сұлтан – Шучинск» тасжолынан түскен қаражат мөлшері 167 млн теңгені құрады. «Алматы-Қапшағай» жолынан 140,1 млн теңге, «Алматы – Қорғас» жолынан 120 млн теңге жиналған. Айта кету керек, былтыр ақылы жол учаскелерінен жиналған қаражат мөлшері 5,4 млрд теңгені құрады. Оның 3,8 млрд теңгесі – ақылы жолдарды күтіп ұстау шараларына, 1,6 млрд теңгесі төлем алу жүйесіне қызмет көрсету шараларына жұмсалған болатын.
2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл реконструкциядан өткен 5,7 мың шақырымдық жолдардың учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарлануда. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін реконструкциялау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы болмақ. Осылайша жүйе ақылы жолдардың күтіміне жыл сайын бюджет қаражатының бөлінуін болдырмайды.