Қазақ радиосының «Мың алғыс» бағдарламасына Өскемен қаласынан арнайы келген бір үйдің бес баласы қатысты. Көмекке мұқтаж екендерін білгеннен кейін Қазақ радиосы оларды арнайы шақырып, жағдайын көпке жеткізуді мақсат еткен еді.
Үйдің тұңғышы Жанбота – 19 жаста. Өзінен кейінгі төрт бауырын жетектеп, мектеп бітірген соң білім алуға мұршасы да, құжаттары да болмаған. Әкеден тірідей айырылса, анасы 2019 жылы қатерлі дерттің салдарынан көз жұмған. Қос қанаты қайырылып, панасыз қалған балапандар қазір өз күндерін өздері көріп жүр. Жалдамалы пәтерде тұрады. Жанбота уақытша жұмыс істегенімен, күнделікті тапқан 2-3 мың теңгесі азық-түліктен артылмайды.
Қайырымды істерімен көпшілікке үлгі болып жүрген «Харекет» қайырымдылық қоры эфир барысында балаларға тосынсый жасап, баспана кілтін табыс етті. Бұл тосынсый Қазақ радиосының идеясымен, «Харекет» қоры, Өскемен қаласы әкімдігі, Өскемен қаласы білім бөлімінің қолдауымен жүзеге асты. Осы ретте Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлына, Қалқаман Айымғазыұлына, Ақерке Абылайханқызына, Әділ Сайлаубекке, Гүлмира Мұханқызына ерекше алғысымызды білдіреміз!
Еске сала кетсек, «Харекет» қоры «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде екі жыл қатарынан 6 отбасына баспана кілтін табыс етіп, қуанышқа бөлеп еді. Бұл өнегелі үрдіс Қазақ радиосының студиясында жалғасын тапты.
«Мың алғыс» хабары мен қайырымдылық кеші аясында бүгінге дейін 120 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Көңілдері мейірім мен қамқорлыққа жүдеген балаларға баршамыз қолдау көрсетейік!