Тобыл өңірінде дәл керек кезінде полицияға қол ұшын созып, көмекке келушілердің саны жыл санап еселеніп келеді. Тұрғындардың қоғамдық жауапкершілігі мен құқықтық сауатының артып келе жатқанын сақшылар да айтып отыр. Мәселен, өткен жылы облыстағы тәртіп сақтау шараларына мыңнан астам ерікті қатысып, 12 қылмыстың ашылуына, 517 әкімшілік құқық бұзушының ұсталуына атсалысқан.
Еріктілердің көмегімен ұшты-күйлі хабар-ошарсыз кеткен жүзге жуық азамат табылған. Полиция департаменті қоғам тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, дер кезінде тәртіп сақшыларына көмек қолын созған 255 еріктіге бір жылдың ішінде 5 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлық тағайындаған.
Бірнеше әлеуметтік желілерде тікелей байланыс арқылы тұрғындарға есеп берген облыстық Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов осы және бұдан басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
– Мен бұл есептік кездесуді азаматтарды қабылдау, олардың өзекті мәселелерін шешу алаңы ретінде қарастырамын, – деген өңірлік полиция басшысы бүгінде құқық қорғау органдары халыққа қызмет көрсетудің жаңа үлгісіне көшіп жатқанын айта келіп. – Соңғы жылдары халықтың полицияға деген сенімі артып келеді. Бұл өз міндетін мүлтіксіз атқаратын антына адал тәртіп сақшыларының жұмыс нәтижесінде қол жеткен табыс. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында бірнеше пәтер тонау қылмысы тіркелген болатын. Бүгінге дейін солардың барлығы ашылды. Қылмыскерлер жазасын алып, 1 миллион теңгеден астам қолды болған қаржы иелеріне қайтарылды. Полиция қызметкерлері өткен жылы сот пен тергеуден қашып жүрген 104 қылмыскерді іздеп тауып, әділетті заңның үстемдік алуына қол жеткізді, – деді.
Генералдың айтуынша, облыстың іргелі елді мекендеріндегі тұрғын үй аулаларын биыл екінші жыл жаяу патрульдік қызмет күзетеді. Осының арқасында көше қылмысы 22%, ал қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі екі есе азайған. Өңірде, әсіресе, адам өлтіру, зорлық-зомбылық жасау, ұрлық, тонау, бопсалау сияқты ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері едәуір азайғаны байқалады.
Биыл ақпан айының басында облыс полицейлері ішімдік ішіп алып рульге отырған жүргізушілерге қарсы ымырасыз күрес бастаған. Бас полицей бұл жөнінде де ақпар берді. Бір ай ішінде тәртіп сақшылары масаң күйінде көлік жүргізген 197 адамды ұстаған. Оның 138-і 7 жылға автокөлік жүргізу құқынан айырылыпты. Қалғандарының ісі сот қарауында жатыр.
Қостанай