• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Наурыз, 2020

Түркістанда коронавирусқа қарсы шаралар пысықталды

283 рет
көрсетілді

Беті аулақ, дегенмен сақтанған жөн. Бұл орайда Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек-орын дайындалған.

Коронавирустық инфекцияға ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек-орынға провизорлық стационарлар қарастырылған. Барлығы – 340 орын. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 орынға обсервациялық госпитальдар жоспарланған.

Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректер келтірді. Бүгінге дейін облыс аумағына келушілер арасында КВИ-ға күдікті науқастар тіркелмегенін мәлімдеді.

Брифингте, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев өңір тұрғындарын көпшілік жиналатын жерлерде сақтық шараларын сақтауға шақырды. Жиын, кездесулерді азайтып, даурықпау керектігін айтты. «Бүгінгі таңда облыстық тұрақтандыру қорында 6546,6 тонна тауар өнімдері бар. Облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 11 атаулы тауардан 18 567 тонна өнім бар. Яғни, азық-түлік қоры жеткілікті, базарлар мен сауда орындарынан көптеп алып, дүрбелең туғызуға негіз жоқ»,– деді Ж.Аманбаев.

Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде 13 наурыздан бастап  өткізілетін барлық мерекелік, спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар тоқтатылатынын жеткізді.  «Әлеуметтік желілерде алып-қашпа қауесет сөздер көп таралуда. Бұл ретте барлық азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуді өтінемін», – деді Сәкен Амангелдіұлы.