Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған жаңа сыртқы саяси тұжырымдамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Орталық Азия аймағында көпжақты диалог пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Тұтастай алғанда, жаңартылған Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көпвекторлы, теңдестірілген сыртқы саясатын жалғастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл оның Орталық Азиядағы аймақаралық қатынастардың сипатын айқындайтын саясаты болды. Ал жақын көршілермен достық және өзара тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз етуге деген ұмтылыс біз бүгін куә болып отырған сындарлы аймақтық диалогқа негіз болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тек Орталық Азия аймағында ғана емес, сонымен бірге бүкіл посткеңестік кеңістіктегі тәжірибелі және беделді халықаралық қайраткерлердің бірі. Оның стратегиялық көзқарасы мен дипломатиялық ерекше тәжірибесі Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің қағидаттары мен тәсілдері, мақсаттары, басымдықтары мен міндеттері туралы түбегейлі көзқарастар жүйесі ретінде жаңа сыртқы саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан.
Осы орайда ерекше назар аударатын мәселе, сыртқы саясат стратегиясының басты мақсаттарының бірі – негізгі позицияларды нығайту және Қазақстанның Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді мүдделерін ілгерілету. Бұл саяси бағыттар мен әлемдік тенденцияларды нақты түсінудің айқын көрінісі, нағыз көшбасшылар мен көреген стратегтерге ғана тән.
Әлбетте, Еуразияның орталығында негізгі геостратегиялық позицияны алатын Қазақстан, негізінен, Орталық Азиядағы аймақаралық қатынастардың сипатын айқындайды. Бұл сөзсіз экономикалық тиімді басқаруға, ішкі саяси тұрақтылыққа, жалпыға бірдей мойындалған халықаралық беделге, сондай-ақ әлемдегі ең ірі елдермен тұрақты және жүйелі қатынастарға тікелей байланысты.
Сонымен бірге Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі бірнеше жыл ішінде ішкі жанжалдар мен қайшылықтар көбінесе аймақтық процестердің маңыздылығын әлсіретті, дәлірегі, Орталық Азия аймағының жалпы дамуына, оның инвестициялық тартымдылығына, көші-қон ағындарының өсуіне және басқа да факторларға кері әсерін тигізді. Мұның бәрі Орталық Азия елдері басшыларының назарын, ең алдымен, ішкі мәселелерді шешуге аударды.
Алайда, соңғы жылдары Орталық Азиядағы жағдай өзгере бастады: бүгінде аймақішілік мәселелердің едәуір бөлігі іс жүзінде шешілді, ал қалған, яғни аймақтың жекелеген елдері арасындағы қақтығыстар толығымен шешілген сияқты. Мұндай оң үрдістер, сөзсіз, аймақтық диалог атмосферасын және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты жақсартудың нәтижесі болып табылады.
Сонымен қатар жекелеген республикалардың, атап айтқанда Өзбекстанның сыртқы экономикалық белсенділігі Орталық Азия аймағының танылу деңгейінің өсуіне объективті ықпал етті. Ташкент әлеммен сыртқы байланыстардың тереңдеуіне байланысты инвестициялар ағынын едәуір арттырып, сыртқы сауданы күшейтті. Осылайша, Өзбекстанның мысалы ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттің жабық немесе тіпті оқшаулайтын сыртқы саяси моделі тиімді бола алмайтындығын көрсетеді. Ел бірнеше жылдың ішінде белсенді сауда-экономикалық саясат жүргізе бастағаннан кейін бірден нақты нәтижелерге қол жеткізді. Бір қызығы, Ташкент, сонымен бірге Орталық Азия елдерін сыртқы саясаттың басымдығы ретінде белгілеген.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдері сыртқы ойыншылардың қолдауы және модерациясынсыз өз бетінше диалог алаңын ұйымдастырып, аймақішілік мәселелерді шеше алатындығы белгілі болды.
Қазақстанның барлық қажетті тәжірибесі, беделі, инфрақұрылымы және өзіндік ұстанымы бар. Біздің елордамыз бірнеше рет көптеген ел үшін түрлі мәселелер бойынша диалог алаңы ретінде әрекет етті: соғыс қимылдарын реттеуден бастап бейбітшілік келісімдері мен жаһандық бастамаларға дейін.
Осыған орай, Орталық Азияның басқа елдерінің аймақаралық диалогты дамытуда Қазақстанды қолдауға ұмтылуы өте дер кезінде жасалған қадам болып көрінеді, сонымен қатар біздің аймақ үшін көптеген мүмкіндік пен перспективалар ашады.
Әлемдік экономикада аймақтандырудың маңызды тенденциясы мен сауда ағындарын әртараптандыруды қамтамасыз ету қажеттілігі жағдайында аймақтық ынтымақтастықты нығайту Орталық Азия елдері үшін қисынды қадам бола алады. Оның ішінде қаржылық ынтымақтастық, инвестициялар тарту, туризмді дамыту және т.б маңызды.
Қазіргі таңда Қазақстанда қажетті жағдайлар мен тиімді құралдар бар: Нұр-Сұлтан қаласында болашақта бүкіл Орталық Еуразияның қаржылық хабы болатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды. Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум, «Астана» клубының сарапшылық кездесулері және тағы басқалар сияқты сұхбат алаңдары бұрыннан өздерін беделді алаң екенін дәлелдеген. Біздің халықаралық серіктестеріміз, оның ішінде Орталық Азия республикаларының өкілдері көптеген жыл бойы осы платформаларға белсенді қатысып келеді. Мұндай ауқымды жобалар мен бастамалар тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың әлемге танылуына ықпал етеді.
Біздің еліміздің алдында халықаралық аренада өзінің сәтті қадамын дәлелдей отырып, Орталық Азия елдерінің қатысуымен жүйелі бесжақты форматты қамтамасыз ету мақсатында көрші мемлекеттердің қолдауымен аймақтық диалогты орнату міндеті тұр.
Қазақстанның бай тәжірибесін, орта және ұзақ мерзімді стратегияларын, сондай-ақ елдің жоғары басшылығының саяси ерік-жігері мен қолдауын ескере отырып, бұл мақсатқа қол жеткізу әбден мүмкін. Мемлекет басшысы қабылдаған жаңа Тұжырымдама, өз кезегінде, Қазақстанның сындарлы және сонымен бірге прагматикалық сыртқы саясатының мызғымастығының кепілі болып табылады.
Нұрбах РҮСТЕМОВ,
Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елшісі