Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация еліміздің батыс облыстарына жұмыс сапарымен барды.
Маңызды мәселелер Президенттің тұрақты бақылауында
Делегация құрамында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрлері бар.
Делегация Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында болды. Содан кейін Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына барады.
Жұмыс сапары барысында Е.Тоғжанов батыстағы үш аймақта облыс әкімдері мен мұнай-газ секторы өкілдерінің қатысуымен мұнай және мұнай саласындағы қызмет көрсету компанияларының проблемалық мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ел экономикасына әсері, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. «Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе – мұнай бағасының төмендеуі. Сонымен қатар коронавирустық індет экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК + мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта бір баррель үшін 20-40 доллар деңгейінде экономикалық дамудың сценарийі және бюджеттік параметрлердің есебі бар», – деді Е.Тоғжанов. Вице-премьер жиналысқа қатысушыларды әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселелері ел Президентінің тұрақты бақылауында және Үкімет қазірдің өзінде қажетті шараларды қабылдауда деп сендірді. «Біріншіден, барлық әлеуметтік міндеттемелер уақтылы орындалады. Екіншіден, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін елді мекендерді жөндеу және абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін арнайы жол картасы жасалуда. Бұл ретте жұмыстан босатылатын жұмысшылар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді», деді ол. Азаматтардың әл-ауқатын сақтаудың маңызын атап өткен Е.Тоғжанов жергілікті билік органдары мен жұмыс берушілерді әр аймақта әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды. «Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ саласы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Халықтың әл-ауқаты үшін ең бастысы – жұмыспен қамту. Сондықтан бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақтылы төлеу өте маңызды», деді Е.Тоғжанов. Кездесулер барысында облыс әкімдері Үкімет мүшелеріне өз аймақтарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы туралы толық ақпарат берді. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, 9 банкроттық кәсіпорында 127 қызметкерге 75,9 миллион теңге көлемінде жалақы қарыздары бар. Олардың қайтарымы банкроттық рәсімдер аясында жүзеге асырылады. Жалпы облыста 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, ал 293 726 теңге көлеміндегі жалақы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмекті 2,5 мың отбасы алады. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек 1200 отбасына көрсетіледі. Жалпы облыста әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін барлық шаралар қабылдануда. Атырау облысында жалақы 334 583 теңгені құрайды. Бұл да республикадағы орташа айлық көрсеткіштен асады. Бүгінгі таңда барлық республикалық мұнайдың 52%-ы Атырау облысында өндіріледі. Ірі өндіруші компаниялар – «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК», «ҚазМұнайГаз» АҚ. Қазіргі уақытта мұнай өндірісі саласында 15 мыңға жуық жұмысшы, ал 80 мыңға жуық адам мұнай сервистік компанияларда жұмыс істейді.
Президент көмекшісі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мемлекет мұнай бағасының құлдырауы және пандемиямен байланысты дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бойынша жоспар әзірлеуде.
Кездесуге қатысқан ТШО-ның бас директоры Имер Боннер «Теңізшевройл» компаниясының мұнай өндіру мен оны қайта өңдеу жұмыстары қалыпты жағдайда жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мұнай бағасының төмендеуі экономикалық қиындық тудырмайды
«ТШО мұнай бағасының төмендеуіне байланысты күрделі экономикалық жағдайдан шыға алады. Себебі компания тарихында осындай кезең болған. Сонымен қатар жұмысшылардың қысқаруы болмайды. Біз өзіміздің бизнес-шешімдерімізді қарап жатырмыз және барлық міндеттемелерді орындаймыз», деді ТШО бас директоры.
Сондай-ақ үкіметтік делегация Ақтөбе облысына келді. Өңірдің белсенділерімен және аймақтағы ең ірі мұнай-сервистік компаниялар басшыларымен кездесу барысында Ақтөбе облысының әлеуметтік-еңбек саласындағы ағымдағы жағдайы егжей-тегжейлі сөз болды. Мұнай-газ саласы өңірдің өнеркәсіп құрылымында ең үлкен үлеске ие. Яғни 35%-дан асады.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, мұнай-газ саласы кәсіпорындарында 15 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Жұмыс орындарын сақтау аясында барлық компаниялармен ұжымдық шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылдың басынан бері мұнай-газ саласында жалақының өсуі орта есеппен 15% немесе 11 мыңға жуық қызметкерді құрады, ал басқа кәсіпорындарда жалақыны көтеру мәселесі құрылтайшылардың қарауында. Тұтастай алғанда, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және кәсіпорындарда ағымдағы және мерзімі өткен жалақы бойынша берешектің жоқтығын ескере отырып, өңірлерде тұрақты әлеуметтік жағдай байқалды.
Кездесуден кейін Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов Энергетика министрлігіне және облыс әкімдіктеріне бірқатар түйткілді мәселелерді шешуде мұнай-газ саласының өкілдерімен ынтымақтастықты нығайтуды тапсырды. Біріншіден, өндіріс жоспарларын қайта қарау және мұнай бағасының өзгеруіне байланысты дағдарысқа қарсы жол карталарын жасау тапсырылды. Еңбек міндеттемелерін орындау аясында Е.Тоғжанов еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорындардың жұмысшыларына уақтылы жалақы төлеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Оның орындалу барысын бақылау Энергетика министрлігіне жүктелді.
Батыс өңірлерде коронавирус тіркелген жоқ
Үкімет делегациясының Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, облыс әкімдеріне жергілікті жерлерде коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
«Елімізде коронавирустың таралуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданғанын білесіздер. Өкінішке қарай, елде коронавирус қаупі туралы ақпарат расталды. Біздің алдымызда коронавирустық пневмонияға қарсы тұру маңызды міндет болып тұр», деді Е.Тоғжанов.
Сапар барысында Е.Тоғжанов коронавирустық инфекциясы бар науқастарға медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдардың дайындық деңгейімен және облыстық туберкулезге қарсы диспансерлерінде және жұқпалы аурулар ауруханаларында болды.
Аурудың алдын алу үшін оқшаулауға арналған ауруханалар белгіленген. Маңғыстау облысында: 60 төсектік Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімі, 280 төсектік облыстық туберкулезге қарсы диспансері (фармацевтикалық аурухана), 70 төсектік Жаңаөзен қаласындағы көпсалалы аурухананың инфекциялық бөлімі. Облыста 7 санитарлық карантин пункті бар.
Атырау облысында барлық медициналық нысандар іске қосылды, шекаралық карантин бекеттері орнатылды, медицина қызметкерлері оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аймақта желдетудің 12 механикалық құрылғысы және 100 орындық оқшауланған ғимарат бар.
Ақтөбе облысында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары аясында да қажетті шаралар қабылдануда. 130 төсектік орынға арналған, модернизацияланған материалдық-техникалық базасы бар инфекциялық аурухана, 200 орындық фармацевтикалық аурухана, 500 орындық обсервация жасалды. Мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлері оқытылды.
Вице-премьер қажетті дәрі-дәрмектердің қорын сақтау және медициналық ұйымдарды қажетті медициналық жабдықтармен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ инфекциялық ауруханалардың пациенттерді қабылдауға ертерек дайындығы мен қажет болған жағдайда қосымша орындармен жедел қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударылады.
Үкімет делегациясының жұмыс сапары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жалғасады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-Министрдің басшылығымен елдегі экономикалық жағдайдың дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін жедел әрекет ету штабы құрылды.
Мемлекет басшысы Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен орындауды, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.