Кеше Арал қаласының тұрғынынан аудандық полиция бөліміне үй жанында оның 7 жасар ұлын ит қауып алғандығы туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері алабай тұқымды иттің үйден ешкімді шығармай тұрғанын көріпті.
Тіпті шақырумен келген «Жедел жәрдем» дәрігерлерінің де баланы алып кетуіне қабаған ит кедергі келтіріпті. Полицейлер итті ауладан қауіпсіздеу жерге шығарып, оған табельдік қару қолдануға мәжбүр болды. Бала шұғыл түрде аурухананың травмотология бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып отыр.
Қазір аталған факті бойынша иттің иесін анықтау үшін тексеру шаралары жүргізілуде. Ал табельдік қаруды қолдану фактісі бойынша жүргізілген тексеру полиция қызметкері азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жануарды залалсыздандыру үшін заң шеңберінде әрекет еткенін көрсетті.