Жұмыстың оңайы жоқ. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Алайда, әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Сондай қызығынан гөрі қиындығы басым жұмыстың бірі – кеншілік. Қиындығы, жер астында жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жерде еңбек ету үшін ең әуелі темірдей төзім қажет. Қызығы, қатарлас құрбыларыңмен бірге ел игілігін еселеуге үлес қосасың.
Жұмыстың оңайы жоқ. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Алайда, әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Сондай қызығынан гөрі қиындығы басым жұмыстың бірі – кеншілік. Қиындығы, жер астында жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жерде еңбек ету үшін ең әуелі темірдей төзім қажет. Қызығы, қатарлас құрбыларыңмен бірге ел игілігін еселеуге үлес қосасың.
Кезінде Елбасымыз еңбек жолын бастаған тау-кен саласында бүгінде абыроймен қызмет атқарып, ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген қазақ жастары да аз емес. Сондай жалынды жастың бірі – Ерлат Молдаханов. Ерлат бүгінде «Қазақмыс» компаниясына қарасты Ертіс кенішінде учаске бастығы қызметін атқарып жүр.
Күршім ауданының Қаратоғай ауылында дүниеге келген Ерлат қазіргі уақытта кен игеру ісінің кәнігі маманы болғанын айтады.
– Бұл жерде 2006 жылдан бері еңбек етіп келемін. Әрине, ең алғаш жұмысқа орналасқан кезімде оңай болған жоқ. Біраз қиналғаным да рас. Алайда, жанымдағы әріптестерім жаңадан келдің деп жатсынбай білгендерін айтып, білмегенімді көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар нұсқап, кеншіліктің қыр-сырын үйретті. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз, – дейді Ерлат.
Кенші болу ауылда туып-өскен қара сирақ қазақ баласының өңі түгілі түсіне де кірмегені рас. Алайда, мұндай жұмысты бұрын-соңды атқарып көрмесе де еңбекқор жас жаңа жұмысына бірден бейімделіп, ұршықша иіріп әкетеді. Мұны байқаған басшылық Ерлатты 2009 жылы кен игеру шебері (мастер) қызметіне тағайындайды. Қазіргі уақытта жалынды жас учаске бастығы қызметін жауапкершілікпен атқарып жүр.
– Алты күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз. Жұмыс уақытымыз өнім өндірудің көлеміне де байланысты. Негізінен техникамен жұмыс істейміз, руданы вагондарга тиейміз. Қызметкерлерге өзім бағыт-бағдар көрсетіп отырамын. Мұндағы жұмыстың дені техника күшімен жүзеге асады. Қол жұмысы әжептәуір жеңілдеді деуге болады. Қазіргі уақытта басшылық техникамен жабдықтау жағына ерекше мән беруде. Алатын жалақымыз да жаман емес. Жалақы көлемі жоспардың орындалуына байланысты. Жоспарды асыра орындасақ, сыйақы аламыз. Сондықтан қай кезде де аянбай жұмыс істеуге талпынамыз, – дейді Ерлат.
Ерлаттың айтуынша, мұнда еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлердің жайлы жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, қауіпсіздік табысты жұмыстың кепілі.
Ерлат жетекшілік ететін учаскеде алты бригада бар. Әр бригадада он тоғыз адамнан. Қысқасы, Ерлат жас болса да қол астындағы 80-90 адамды ортақ жұмысқа жұмылдырып, ұжымда беделі артып келеді.
– Ұжымдағы қызметкерлердің барлығы өте ұйымшыл. Әрдайым бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыстың нәтижелі болуы жолында ешқайсысы аянып қалған емес. Әрқайсысы бір біріне айрықша құрметпен қарайды. Қазіргі уақытта әжептәуір тәжірибе жинақтап, жұмыстың қыр-сырына қанығып қалдым. Мұнда жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін, – дейді Ерлат Молдаханов.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Ерлаттың бұл жұмысқа келуіне әкесі себепші болыпты. Әкесі Болатхан үш жылдай кызмет істеген көрінеді. Бүгінде еңбекқор Ерлат әке жолын абыроймен жалғастырып, кен игерудің нағыз маманына айналды...
Азамат Әбілұлы.
ӨСКЕМЕН.
Суретте: Ерлат МОЛДАХАНОВ озат кеншілер бригадасымен.