Қостанай облысы Ресейдің Челябі, Қорған облыстарымен шектесіп жатқандықтан, екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынас жиі, келімді-кетімді жолаушы көп. Шекара бекетінен тәулігіне төрт мыңдай адам өтеді. Оның үстіне Ресейден Орталық Азия мемлекеттеріне бет алған көліктің көбі Қостанай облысын кесіп өтеді. Сондықтан облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі мемлекеттік шекарадағы уақытша шектеуге байланысты түсінік беріп, облыс тұрғындарын орынсыз дүрлігуден сақ болуға шақырды.
Шекара асуға, біріншіден, шетелге емделу үшін баратындардың құқығы бар. Бірақ олар шекарашыға тиісті құжаттары мен қабылдаушы тараптағы медициналық мекеменің арнайы шақырту қағазын көрсетуі тиіс. Шетелге шығуға сонда ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ Қазақстанда тұруға құқылы және Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетел азаматтарына да шекарадан өтуге рұқсат бар.
- ТЖ режимі алынғанға дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, паспорт алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті шамалы. Өйткені жеке мәселелер, туристік турлар, вахталық әдіспен жұмысқа аттану сияқты барлық сапар шектелген. Барлығыңыздан қабылданып жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Күрделі жағдайдан күрмелмей шығу үшін бәріміз әр қадамды ақылмен өлшеп, аңдап басуымыз керек, - деді Қайрат Дүтбаев.
Қазіргі таңда Қостанай облысының Ресеймен шекаралас аудандарында 8 санитарлық-карантиндік пункт құрылған. Бұл өңірлерде дәрігерлер, эпидемиологтар мен шекара қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
ҚОСТАНАЙ