Ұлттық Академиялық кітапхана «Айттым сәлем, Қаламқас» атты хакім Абайдың әндерінен жаңа акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында мекеме қызметкерлері елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, ақынның елге әйгілі әндерін орындады.
– Кітапханамыздың қызметкерлері Абайдың шығармаларын насихаттау үшін қарапайым елдің арасына шықты. «Шапағат» коммуналдық базарында бірлігі жарасқан халықтың да бізбен қосыла шырқағандарын көріп, бір марқайдық. Олардың арасында басқа ұлт өкілдері де бар. Осы іс-шара барысында көрермен қауымға әдеби кітаптарды сыйға тарттық. Бір ел, бір жер, бір мекенде тұрып жатқан халықтың Абайды және оның туындыларын сүйіп оқитындарына көзіміз жетті. Дәл осындай жоба біздің халқымыздың рухани өсуіне оң ықпал етері сөзсіз, – деді Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева.
Акция кезінде қала тұрғындары да кітапхана ұжымымен бірге қосыла ән шырқады. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған челленджде көрермендерге әдеби кітаптар сыйға тартылды.
Руханият ордасының оңды ісі өрелерге өнеге болары анық.