Қостанай облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны тұрақтандыру шарасы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукеновтің айтуынша, облыстағы сауда орындарында жалпы көлемі 64 мың тоннадай азық-түлік бар. Бұдан өзге өңірлік тұрақтандыру қорында 9,1 мың тонна азық-түлік сақтаулы. Әлеуметтік маңызы жоғары 19 азық-түлік түрінің екеуі ғана облысқа сырттан әкелінеді. Қант пен тауық жұмыртқасынан өзге азық-түліктің барлығы жергілікті кәсіпорындарда өндіріледі.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тиісті сала басшыларына уақытша жағдайды пайдаланып, азық-түлік бағасын негізсіз көтеріп жіберген кәсіпорындар мен сауда орталықтарына қатысты қатаң шара қолдануды қадап тапсырды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департамент басшысының айтуынша, қазір облыста қарақұмық пен ет бағасын негізсіз көтерген екі кәсіпкерге қатысты тергеу жүріп жатыр.
Тұрақтандыру қорына жауапты «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы келісімшарт арқылы барлық ірі елді мекендердегі 120 сауда орнын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 15 түрімен қамтамасыз етіп келеді. Алайда бұлардың ішінде елдегі жағдайды желеу етіп, бағаны негізсіз қымбаттатып жіберген дүкендер анықталып отыр. Мәселен, Тобыл қаласындағы «Эмма» дүкені тұрақтандыру қорынан арзанға алған жұмыртқаны 26 теңгеден сатқан.
– Біз олармен әрі кеткенде 10 пайыз үстеме қосу туралы меморандумға қол қойдық қой. Қазір уақыт басқа, мұндайларға неғұрлым қатаң шара қолданбаса болмайды. Кеше облыс орталығындағы негізгі сауда орталықтарына барып көрдім. Кезек бар, бірақ қоймадағы азық-түлік қоры да жеткілікті. Бүгін орынбасарларым мен Қостанай қаласының әкімі бірқатар көтерме сауда орнын аралайды, - деген Архимед Мұхамбетов, - бастысы, елді ең қажетті азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз етіп, бағаның тұрақтылығын сақтау қажет екендігін қадап айтты. Аймақ басшысы жиын соңында бағаны тұрақтандыру шараларына салғырт қараған сала басшыларын сынап, қатаң ескерту жасады.
Облыста бағаны тұрақтандыру шаралары әлі де күшейтіліп, сауда орындары жіті бақылауға алынатын болады. Жыл басынан бері бұл мақсатта 66 жәрмеңке ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпорындар өндірген 451 тонна азық-түлік нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан саудаланған.
ҚОСТАНАЙ