Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібінде коронавирус инфекциясына байланысты жүзеге асатын профилактикалық шаралар туралы айтылды.
Жиында аймақ басшысы қала және аудан әкімдіктері, облыстық кәсіпкерлік және туризм, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, полиция департаменті және "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау палатасымен бірлесіп ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап көпшілік іс-шараларға тыйым салып, адамдар көп шоғырланатын нысандарда санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау қажеттігін тапсырды.
- Бұл бағыттағы тапсырма мен талап бәріңізге белгілі. Бізге ең бірінші халықтың амандығы керек. Алгоритм бар. Мемлекет басшысы тапсырма берді, Үкіметтің тарапынан тиісті тапсырмалар келіп отыр. Енді біз әр сала осыны өз дәрежесінде орындауымыз қажет. Сенбі күні қаланың үлкен және әлеуметтік дүкендерін аралап көрдім, азық-түлік қоры жеткілікті. Тұрғындар тұтынатын 19-дан аса өнімнің барлық түрі бар, - деді облыс әкімі.