Жұқпалы індеттен үрейленіп, үкілеген ұлттық мерекемізді ұмыт қалдыруға болмайды. Қостанай полицейлері Наурыз қарсаңында Рудный балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балғындарға мерекелік тарту-таралғы тапсырды.
ПД кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Бұлтаев бастаған бірнеше полицей балалар үйіне доп, үстел теннисі, хоккей, шахмат, тағы да басқа толып жатқан спорттық құрал-жабдықтарды тарту етті. Сақшылардың сый-сияпатын мекеме директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елена Спасюк қабылдап алып, меймандарға ақжарма көңілмен шынайы алғысын білдірді.
Полиция департаменті 10 жыл бойы балалар үйіне үзбей қамқорлық жасап, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Бүгінде балалар үйінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі 227 бала тәрбие алып жатыр. Полицейлер оларға жыл он екі айдағы әрбір маңызды мейрам қарсаңында алуан түрлі бағалы бұйымдар тарту етуді дәстүрге айналдырған.
ҚОСТАНАЙ