Наурыз айында республика деңгейінде #adaldyqjolymen челленджі басталды. Белсенді әлеуметтік желі қолданушылары адалдық, парасаттылық, әділдік тақырыптарында видеороликтер түсіріп, адамгершілік құндылықтарын алдыңғы орындарға шығарды. Республикалық эстафетаны Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаменті қолдады, деп хабарлайды аталған департаменттің баспасөз қызметі.
Челлендж аясында Ақтау қаласының 21мектебінің оқушысы Жанерке Жолдас өзінің «Сүйіспеншілік жүректен» деп аталатын авторлық туындысын арнады. Өлең жолдарында рух пен жігер, еңбекқорлық, нұрлы ақыл , таза жүрек принциптерін алға тартқан туынды көпшіліктің көңілінен шықты. Бұдан бөлек, эстафетаға қала және аудандардағы мектеп оқушылары мен студенттер өз үлестерін қосып, челленджге қатысты. Облыстағы телеарна қызметкерлері, мәдениет саласының мамандары мен еріктілер де #adaldyqjolymen челленджінен қалыс қалмай, парасаттылық пен еңбекқорлық, мейірімділік тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Тіпті, адалдық құндылықтарын кішкентай балақайлар да тәтті тілдерімен түсіндірді. «Өтірік айтпау, үлкенді құрметтеу, адамдарға көмектесу керек» деген олар Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың» өлеңін оқып, барша адамзат баласын халқына адал қызмет етуге шақырды.
Маңғыстау облысы