Үстіміздегі жылдың 22 тамызында елорда вокзалынан «Астана – Атырау» бағытындағы №19/20 жаңа жүрдек пойызы сапарға аттанды. Көлік және коммуникация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жүрдек пойыздың сапардағы уақыты 22 сағат 57 минөтті құрайды.

Еліміздің болат жолына алғаш шыққан бұл жүрдек пойызы толықтай «Тальго» вагондарынан тұрады. Желмен жарысқан жайлы да жүрдек пойыз төрт күнде бір рет сапарға шығатын болады.
Астана вокзалынан алғаш рет Атырауға бағыт алған бұл жүрдек пойыздың құрамында 27 вагон бар. Оның 22-сі жолаушылар тасымалдайтын жайлы вагондар болса, оның ішінде 2-уі «Гранд» класындағы (екі орындық люкс), 2-уі «Бизнес» класындағы (екі орындық) және 18-і «Турист» класындағы (төрт орындық экономкластар) вагондар болып табылады. Сонымен бірге, жүрдек пойыз құрамына 3 техникалық вагон, 1 вагон-бар, 1 вагон мейрамхана тіркелген. «Гранд» класындағы вагондардың бірі мүмкіндіктері шектеулі мүгедек жолаушыларға лайықталып жабдықталған.
Сонымен бірге, 25 тамызда «Астана – Семей» бағытында тағы да бір жүрдек пойыз жасақталып, сапарға аттанады. Бұл пойыздың сапардағы уақыты 12 сағат 45 минөтті құрайды. Бұрын жол азабын тартатын Атырау және Семей бағытына қатынайтын жолаушылар енді жайлы да жүрдек пойыздармен сапарға шығатын болады. Еске сала кететін болсақ, қазіргі уақытта Қазақстанда тұтастай «Тальго» вагондарымен жасақталған 5 жүрдек жолаушылар пойызы сапарға шығады.
Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.