Маңғыстаудың ащы шөбіне жусап, шөл даласында жетілген Адай жылқылары соңғы жылдары ел мерейін өсіріп, спорттағы жеңісті жолды жалғастырып келеді. Шілде айының ыстығында Маңғыстаудан жолсоқты боп сонау Мәскеуге жеткен жылқыларымыз Ресей елінің таңдайын тағы да қақтырып оралды.
Маңғыстаудың ащы шөбіне жусап, шөл даласында жетілген Адай жылқылары соңғы жылдары ел мерейін өсіріп, спорттағы жеңісті жолды жалғастырып келеді. Шілде айының ыстығында Маңғыстаудан жолсоқты боп сонау Мәскеуге жеткен жылқыларымыз Ресей елінің таңдайын тағы да қақтырып оралды.
Табиғатынан жүйрік жаратылған бұл жылқы тұқымының қасиеті ертерек мойындалғанмен, олардың небір додаларда жүлде салған жеңісі халық арасында аңыздай таралғанымен, соңғы 50-60 жыл бойы жабулы қазан жабулы күйінде келген. Ауыл арасында бірінен-бірі озып иесін қуантқаны болмаса, ел үшін сынға түсудің ауылы алыс қалды. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында сүліктей сұлулары мен тұяғының желі бар жүйріктері топ-тобымен майданға алынып, тоз-тоз болғаны да бар. Адай жылқыларының қайтадан бой көрсетіп, бауыр жазуы соңғы 1-2 жылдықта бой көрсете бастады. Бірақ, осы аз уақыт көп жүлде әкелді. Өткен жылдары алыс қашықтықта ТМД кубогын, Қазақстан Республикасы Президенті кубогын жеңіп алған жылқылар биыл тағы да ТМД кубогы үшін Мәскеуге аттанған болатын.
Маңғыстаудан барған алты жылқының төртеуі 80 шақырымдық, екеуі 160 шақырымдық бәйгеде Ресей, Белоруссия, Украина елдерінің жүйріктерімен жарысқа түсті.
Бұл жолы Қазақстанның мерейін көтеру тағы да «Ойлы» атты тұлпарға бұйырыпты. Бұған дейін қатарынан екі рет Ресей елінен жүлдемен оралған «Ойлы» 160 шақырымдық жарыста алдына қара салмай, мәре сызығын дара кесіп өткен.
Бұрын бір емес бірнеше рет еліне, жанкүйеріне жүлде сыйлаған тұлпарлардың иелері мен шабандоздарын облыс әкімі А.Айдарбаев қабылдап, марапаттады.
Маңғыстау мақтанышына айналған жылқылардың бабы келіссе, бағы жанып, жұлдызы жарқырай түсетіні анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.