• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Наурыз, 2020

Құрылысшы беделін көтеру қажет

484 рет
көрсетілді

Бүгінде қайсыбір қалаға бара қалсаңыз, алдымен жаңа салынып жатқан зәулім ғимараттарды, оны айнала қоршаған керік мойын крандар мен күртесі күнге шағылысып әр жерде әр нәрсені шұқылап жүрген құрылысшыларды көзіңіз шалады.

Сәл аялдап, сырттай қызыға қарайсыз. «Заман осылардікі ғой. Жұмыс көп. Үйден үй, қаладан қала тұрғызып жатыр, күреп тауып жатқан шығар» дегіңіз ке­ле­ді де, оны сол сәтте-ақ ұмы­тып, жө­­ніңізге кете барасыз. Сырт көз­ге барлығы жақсы ғой. Бірақ елі­мізде жыл санап қарқын алып келе жатқан құрылыс сала­сын­да да қордаланып қалған мә­селе көп. Ең әуелі сапалы кадр аз. Құрылысшы даярлайтын кәсіби оқу ошақтары сапалы маман шығара алмай отыр. Құ­ры­лыс­шының айлығы төмен, та­бысы тұрақсыз, қыста көбіне жұ­мыссыз отырады. Тендер ба­ры­­сында жергілікті құрылыс ком­панияларына басымдық бе­рілмейді. Нәтижесінде, оны ірі қалалардағы алпауыт компаниялар ұтып алып, жергілікті кәсіпорын жиі үлестен қағы­лады. Жергілікті жерде құ­ры­­лыс тауарларын өндіруге әкім­ші­лік кедергі көп. Осы жә­не құ­рылыс саласындағы басқа да күрмеулі мәселелердің шет жа­ғасы Қостанайда өткен «Қа­зақстан құрылысшылар одағы» облыстық филиалының есептік-сайлау конференциясында сөз болды.

Бүгінде одақтың облыстық фи­лиалында 20 шақты құрылыс компаниясы, сондай-ақ құрылыс материалдарын шығаратын, сау­далайтын, тасымалдайтын он шақты кәсіпорын бар.

– Біздің құрылғанымызға көп бола қойған жоқ. Басты мақ­сатымыз – құрылыс компа­ния­ла­рының басын біріктіру. Сол арқылы бә­рімізге ортақ күрделі мәселе­лердің шешілу жолдарын бірлесе іздестіру, өзара тә­жірибе алмасу, құрылыс саласына маманданған шағын және орта кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Қазір негізінен құрылыс компанияларының басшыларымен кездесулер өт­кізіп, түсіндіру, насихат­тау жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір елімізде жүріп жатқан құ­рылыс көп, бірақ құрылысшы аз. Біз көп болып бірігіп, осы мә­селені көтеруіміз керек. Ірі құ­рылыс компанияларының жанынан құрылысшы даярлайтын оқу ошақтары, тіпті болмаса шағын оқу сыныптары ашылуы керек. Кезінде болған, ал бүгінде ұмытылған бір жақсы дәстүр бар. Бұл құрылысшының мәртебесін көтеру мәселесі. Қа­зіргі құры­лысшының жағдайы мәз емес. Олардың жұмысы жа­уапты әрі ауыр. Сондықтан әлеуметтік жеңілдіктер қарас­тырылуы керек. Бұрынғы «Ең үздік тас қа­лаушы», «Ең үз­дік сылақшы» де­ген сияқты байқаулар ұйым­дас­тырып, ынталандыру шараларын тірілткен дұрыс. Құ­рылыс компаниясында жұмыс істейтін қарапайым маман ертең осы кәсіпорын өзін баспа­­намен қамтитынына се­нім­ді болуы керек. Сонда ғана жас­тар құрылыс саласына шынайы қызығушылық білдіре бастайды, – деді облыстық филиал директоры Уәлихан Нысанов.

 

ҚОСТАНАЙ