• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Наурыз, 2020

Басты шарт – талапқа бағыну

519 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібі негізінде үндеу жариялады.

Үндеуде Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясына байланысты елдің бүкіл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске сала отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2020 жылғы 19 наурыздан бастап карантин режімі енгізілгені, сондықтан бірқатар шара мен уақытша шектеулер белгіленгені, оларды орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратыны (ӘҚБтК-нің 476-бабы – 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу) атап көрсетілген.

Сондай-ақ үндеуде: «Төтенше жағ­дай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін түсіндіреміз (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК айып­пұлдан 2 жылға бас бостандығынан айы­руға дейін). «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 90-бабына сәйкес азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексеруден және емделуден өтуге міндетті. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен стационарлық және үй карантині енгізілді. Оларды іске асыру мақсатында уәкілетті ор­ган­­дар эпидемиологиялық жағдайы қо­лай­сыз елдерден келген адамдарды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша іс-шараларды қамтамасыз етуде», деп жазылған.

Бұдан бөлек, үндеуде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин тұрғындардың және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті екені айтылған. «Каран­тиннен жалтару, шетелге шығу туралы мәліметтерді және бай­ла­ныста болған адамдар туралы ақпа­ратты жасыру фактілері бар. Халық­тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында азаматтардан өткізілетін іс-ша­раларға түсіністікпен қарауды, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды, оларға инфекцияны анықтау мен алдын алуға көмек көрсетуді сұ­раймыз. Полицияның осындай талап­тарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделгенін атап өтеміз (ӘҚБтК-нің 667-бабы – 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамаққа алу).

Сондай-ақ санитариялық-эпидемио­логиялық қадағалау органдарының нұс­қа­маларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұз­­ғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауап­тылық белгіленген.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қыл­мыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін). Сонымен бірге шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз.

Қазіргі жағдай туралы шынайы ақпарат уәкілетті мемлекеттік орган­дардың ресми Интернет-ресурстарында орналастырылады», делінген.