«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне қарасты облыс орталығындағы 62 станцияның 23-і қайта жаңғыртылып жатыр. Жобаның келесі кезеңінде тағы 31 станция жаңарады.
Қала әкімі бағдарлама шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар сапасын көріп, мердігерлерге өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Жалпы қаладағы 62 станцияның 8-і ғана жаңа, қалғаны өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. Осыған дейін ағымдағы жөндеуден өткені болмаса, көбінің тозығы жетіп тұрған еді.
2016 жылы қала әкімдігі жоба жасап, келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөліне бастады. Соңғы үш жыл бедерінде осы мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралды.
– Көнерген станциялардың кесірінен қаланы жағымсыз иіс жайлап алғаны жайлы тұрғындар шағымын жиі естиміз. Тіпті, былтыр жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан бірнеше азаматтың газға тұншығып қайтыс болғанын да білесіздер. Сондықтан да, ел қауіпсіздігі үшін кәріз сорғы станцияларын жаңартуға баса мән беріп отырмыз. Жиырма үш станция биыл мамыр айында толық жаңартылып бітеді, –деді қала әкімі.
Оларға Швецияда жасалған жарық үнемдегіш сорғылар мен қатты қалдықты ұнтайтын автоматты қондырғылар орнатылады. Ал желдеткіш сүзгі көміртек тотығы газын атмосфераға тазартып шығарады.