• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Наурыз, 2020

Коронавирус атақ пен шенге қарамайды

191 рет
көрсетілді

Әлемді әбігерге салған қытай індеті атақтыларға да жетті. Олардың ішінде әйгілі актердан бастап, саясаткер, спортшы, шенеунік, генерал да бар.

Коронавирус жұқпасы Қытайдан әрі асып, Еуропаға жеткенде алғашқы болып жұқтырған атақтының бірі – әйгілі америкалық  актер, «Форрест Гамп» «Жасыл миль», «Шоушенктен қашу» сынды небір бірегей фильмдердің басты рөлдерін сомдаған Том Хэнкс. Ол Австралияға белгілі кинорежиссер Баз Лурманның Элвис Пресли туралы фильмінің түсіріліміне барған екен. Том Хэнкспен ере келген әйелі де вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Қазір екеуі де Австралияның ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Осыдан бір аптадай бұрын әлемдік ақпарат құралдары «Челсидің» шабуылшысы Каллум Хадсон-Одои да коронавирус жұқтырғанын жарыса жазып жатты. Ағылшын футбол клубының мүшесі өзінен суық тию белгілерін байқаған. Вирусты анықтайтын жедел тест тапсырған кезде оның ағзасында вирустың бар екені анықталған. Қазір ойыншы өзін жақсы сезінеді және жақын арада жаттығу алаңына қайта оралатынына сенімді.

Індет құрығына алғаш іліккен футболшы  –Даниэле Ругани. Ем алып жатқан «Ювентустың» қорғаушысы Португалиядағы үйінде карантинге оқшауланған. Қазіргі таңда оның бойында ешқандай вирус белгілері жоқ. Көңіл-күйі де, жағдайы да қалыпты. «Менің денсаулығым үшін алаңдаған баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе, белгісіз аурумен күндіз-түні күресіп, адамдарды аман алып қалу үшін барын салып жатқан дәрігерлер мен медбикелерге ризашылығым шексіз», деп жазды футболшы Инстаграмм парақшасында.

Коронавирус билік басында жүрген шенділерді де айналып өтпеді. Аурудың таралуы жағынан алғашқы бестікте тұрған Иранда қарапайым адамдар ғана емес, депутаттар, үкімет мүшелері де вирус жұқтырған. Кейін басқа елдердің шенеуніктерінен де вирус табыла бастады. Мысалы, Американың екі бірдей конгресмені, Австралияның ішкі істер министрі, Францияның мәдениет министрі, Польшаның генералы,Канада премьер-министрінің әйелі Софи Грегуар Трюда...

Қуаныштысы, жоғарыда аты аталғандардың бәрі өздерін жақсы сезінеді, сырқаты жеңіл. Ал олармен жақын байланыста болғандар оқшауланып, карантин тәртібінде жатыр.

Иә, ауру ұлтқа бөлінбейді, атақ пен шеніңе қарамайды. Қазіргі індет адамзатқа белгісіздігімен қауіпті болып тұр. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының оны пандемия деп жариялауы да бекер емес. Сондықтан әркім өзіне жауапкершілікпен қарап, сақтанып жүргені абзал.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ