Қостанайдағы ірі сауда орындары мен дәріхана, пошта, банк, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы дезинфекциялық режім қатаң бақылауға алынды. Қалада қоғамдық ғимараттардың кіре берісіне арнайы санитайзерлер ілініп, келушілерге қол тазалап кіру талап етіледі.
Әр сағат сайын есік тұтқалары сүртіліп, баспалдақ, лифтілер арнайы санитарлық тазалаудан өтуде. Шағын ғимаратқа орналасқан қоғамдық мекемелер де екі сағат сайын үзіліс жасап, есік-терезелерді ашып, тазалық шараларын жүргізіп жатыр. Кезек күтуге тура келсе де, тұрғындар бұған түсіністікпен қарайтынын айтады. Қазір Қостанайдағы аһуал тұрақты. Сауда орындарында бұрынғыдай кезек жоқ. Азық-түлік дүкендерінің қоймасы тоқ, сөресі тауарға толы. Таяуда ғана құрылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тұрақтандыру жөніндегі комиссия мүшелері қаланың ірі сауда орындары мен өндіруші кәсіпорындарға мониторинг жүргізуді жиілетті.
Кеше ғана облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған комиссия мүшелері сауда орындары мен өндіруші кәсіпорындарды аралап, әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу жөнін түсіндірді.
Қостанай