• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2020

Ақтаулық мұғалім биологияны Youtube арқылы оқытады

374 рет
көрсетілді

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі Салтанат Унбаева төрт жылдан бері биология пәнін Youtube желісіндегі өз каналы арқылы оқытып жүр. Он төрт мыңнан аса көрермені бар мұғалім, биология әлемінің қызықты сабақтарын балаларға барынша қысқа әрі қызықты етіп беруге тырысады. Бұл туралы аталған мектептің баспасөз қызметі хабарлады.

– Каналды 2015 жылы жүргізе бастадым. Заманауи білім беру әдісін қолдана отырып, өзімді мұғалім ретінде жаңа қырымнан танығым келді. Басында видеосабақтарды түсіру техникалық тұрғыдан қиындықтар тудырғанымен, кейін үйреніп кеттім. Оқушыларым да каналдың тиімділігін айта бастады, дейді жас мұғалім.

Бүгінде ұстаздың арнасында жануарлардың жүйке жүйелерінің типтерінен бастап бұлшық еттер арасындағы байланысқа дейінгі тақырыптардағы видеосабақтар бар. Мұғалімнің айтуынша, сабақтар оқушылардың ұсынысы мен зияткерлік мектептің оқу бағарламасының аясында түсіріледі. Десе де, өзге де жалпы білім беру мектептерінің оқушылары видеосабақтар аясында түсінбеген сұрақтарына жауап алып жататын көрінеді.

– Қазіргі таңда жаратылыстану бағытындағы пәндерді қазақ тілінде оқытатын онлайн-каналдар өте аз. Сондықтан арнамдағы сабақтар мен тақырыптар легін көбейтуді жоспарлап отырмын. Биологияның қыр-сырын қысқа әрі нұсқа түрде жеткізу арқылы оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырғым келеді, - дейді Салтанат.

Сонымен қатар, жас мұғалім видеосабақтар негізінде іс әрекетті зерттеу жұмысын жасаған.

 

Маңғыстау облысы