• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2013

Ливанда жарылыстан 42 адам мерт болды

281 рет
көрсетілді

Ливанның Триполи қаласында 23 тамызда, яғни, жұма күні сүнниттердің екі мешітінің жанында мина орнатылған екі автокөлік жарылып, оның салдарынан 42 адам көз жұмды. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.

Бүгінге дейінгі мәліметке қарағанда, қаза тапқан 42 адамнан бөлек, 500-ден аса адам жарақат алған. Олардың басым бөлігі ауыр халде көрінеді. Бұл жарылысты әзірге ешкім мойынына алған жоқ.

Жалпы, Ливан жерінде 1975-1990 жылдар аралығында өткен азаматтық соғыстан кейін осыншама адам құрбан болған оқиға тіркелмеген көрінеді.

Кейінгі уақытта Ливанда түрлі деңгейдегі қақтығыстардың орын алуына Сириядағы жағдай әсер етіп отыр. Өйткені, аталмыш елдегі шиитік «Хезболла» радикалды тобының қарулы өкілдері Сирияға барып, Башар Асадты қолдап, оның қарсыластарына қарсы тұруда. Бұл жәйт Асадтың Ливандағы жақтастары мен дұшпандары арасындағы қақтығыстардың жиілеп кетуіне соқтырып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, яғни, 16 тамызда Ливанның бас қаласы Бейрутте «Хезболла» нысандары орналасқан ауданда жарылыс болып, соның кесірінен 22 адам өлген болатын. Мұның өзі Асадтың Ливандағы тілеулестері мен дұшпандары арасындағы шиеленіс күрделене түскенін аңғартады.

Жолдыбай Базаров.