• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2020

Ақтөбеде медицина қызметкерлерін ынталандыру шаралары белгіленді

564 рет
көрсетілді

Тас түскен жеріне ауыр дегендей, бүгінгі таңдағы коронавирус індеті бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне атан-түйе тарта алмайтындай зіл батпан ауыр салмақ түсіруде. Яғни, қазіргі күрделі жағдайларға байланысты оларға түсетін жүктеме бірнеше есе түсіп отыр. Осыған орай Ақтөбе аймағында медицина қызметкерлерінің қызметін қолдау мен ынталандыруға қатысты бірқатар іс-шаралар кешені белгіленді.

Бұл үшін бірінші кезекте жедел-жәрдем бригадаларының іс-қимылдарын жүйелі жолға қою жөнінде арнайы шешім алынып, саладағы сақтық шаралары күшейтілді. Соған сай қажетті медициналық құрал-жабдықтар қоры жасақталды. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша мұндағы медицина қызметкерлерінің бәрі  56 мың бір рет пайдаланылатын бет-пердемен және 500 дана арнайы киім үлгілерімен қамтылған. Бұған қоса қосымша көп реттік киім қорлары да әзірленген.

Қазіргі күні облыстың барлық аудандарында қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жасақталған жедел жәрдем бригадалары жауапты жұмыстардың бел-ортасында жүр. Соның ішінде облыс орталығындағы жедел жәрдем бригадалары шақырылған жерге кешікпей тез жету режиміне көшірілген. Бұлардың құрамы біліктілігі мен кәсіби деңгейі жоғары медицина қызметкерлері қатарынан іріктеліп алынған.

«Жергілікті денсаулық сақшылары вирустық белгілері бойынша күдік туғызған азаматтарды оқшаулау мәселесінде де белсенді іс-қимыл танытып жүргендерін айту парыз. Бұл бағыттағы әзірленген төсек орындардың мөлшері күннен күнге көбейіп келеді. Таяу арада оның санын кем дегенде үш мыңға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Бұған қажетті мүмкіндіктер де бар» деп мәлімдеді Ә.Қалиев.

Өңірде қазіргі күрделі кезеңде уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс жасауға бір кісідей жұмылған медицина қызметкерлерін материалдық және моралдық тұрғыдан ынталандырудың бірнеше жолдары қарастырылуда. Әрине олардың жалақыларын көтеру жөніндегі тетік пен өкілеттілік мүмкін жергілікті атқарушы органдардың немесе облыс басшысының қолында тұрмаған да шығар. Соған қарамастан облыста бұл үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат көздері қарастырылып жатқаны қолдауға әбден тұрарлықтай.

Түйіп айтқанда бүгінгі күні Ақтөбеде жасақталған 840 бақылау орны көз ілместен қызу іс үстінде.

АҚТӨБЕ