Коронавирус індетін жұқтырған науқаспен байланыста болған Жамбыл облысының 10 тұрғынының қан талдауы теріс нәтиже көрсетті. Осы уақытқа дейін хабарланғандай, 20 наурыз күні Алматы облысының тұрғыны «коронавирустық инфекция» диагнозымен Қарасай аудандық ауруханасына жатқызылған болатын.
Науқаспен бұған дейін байланыста болған Жамбыл облысының 10 тұрғыны анықталып, карантинге жатқызылды. Ал, Жамбыл облысының әкімдігі олардан коронавирусқа алынған қан талдаулар қорытындысы теріс нәтиже көрсеткенін мәлімдеді.
«Карантиндегі адамдардың ешбірінен шағым жоқ. Жағдайлары қанағаттанарлық. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Сонымен қатар коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында қоғамдық орындарға барудан бас тартудың, жеке гигиена шараларын сақтаудың, қол алысып амандасудың және басқа да жақын қарым-қатынастарда болмаудың маңыздылығын ескертеміз. Тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, жалған ақпараттар мен хабарламаларды таратпауға шақырамыз. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қаралғанын жеткіземіз», делінген Жамбыл облысының әкімдігі таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысы