Наурыз айы Кино орталығының қызметкерлері мен киножобаларды түсіріп жатқан топтардың да талай жоспарын түпкілікті өзгертіп отыр.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жарияланған карантин кезеңінде Кино орталығы командасы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысты. Жоспарланған кездесулер мен мәжілістер әдеттегі кестемен, бірақ онлайн режимде өткізілуде.
Қазіргі күндері Кино орталығының наурыз айындағы жаңалықтары төмендегідей болып тұр.
Ең басты оқиға онлайн режимінде өткізілген киножобалардың екінші питчингі болды. Сарапшылар кеңесі оған дейін 4 ай ішінде 223 өтінімді қараған болатын. Енді іріктеп алынған жобалар Ведомствоаралық комиссияға жіберіліп, комиссия мемлекет тарапынан қаржыландыруға үміткер фильмдердің ең соңғы тізімін бекітеді.
70-ші Берлин кинофестиваліне қатысып, Kazakh Сinema стенді алғаш рет көрмеге қойған Кино орталығы еліміздің кино өнерін беделді деген кино форумдары мен коно алаңдарына шығаруды жоспарлап отырған-ды.
Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты карантин жариялануы салдарынан жуырда өткізілуі керек болған кинофестивальдер кейінге қалдырылды. Қазақстан бірнеше кино жобасын ұсынған Канн фестивалі де жоспарланған уақытта өткізілмейтіні белгілі болып отыр.
Сонымен қатар коронавирус пандемиясы мен Қазақстанда енгізілген ТЖ тәртібіне байланысты Кино орталығы қаржыландырып отырған бірқатар фильмдерді түсіру уақытша тоқтатылды. Олардың қатарында Қанағат Мұстафиннің «Қажымұкан» фильмі, Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмі және Эмир Байғазиннің «Таңдау» фильмі бар.
Дегенмен, оқшаулануға мәжбүр болғанына қарамастан, «ҰКҚМО» ҚЕАҚ төрайымы Гүлнар Сәрсенова бастаған Кино орталығының қызметкерлері орталықтың ең басты міндеті – қазақстандық киноны әлемге танытуға және көрермендердің мүдделерін ойлауға назар аудару деп біледі.
Карантин кезеңінде бос уақытты қолайлы әрі пайдалы өткізу үшін, Кино орталығының веб-сайты мен әлеуметтік желі парақтарынан қарауға мүмкіндік беретін белсенді әрекеттер іріктеліп, қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, онлайн-кинотеатрлар мен киноплатформалар қазақстандық фильмдердің арнайы топтамасын ұсынып отыр. Сонымен бүгінде үйде өткізіп жатқан каникулымыз – отандық кинематографқа баға беретін кезең сияқты.