Төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру атқарушы биліктің басты міндеті болып отыр. Алайда, жекелеген дүкендер мен сату орындарындағы бағаның өсуі Алматы облысының аумағында да байқалып отыр.
Бұл туралы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста айтылды. Аймақтағы ахуал жайында есеп берген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне мониторинг жүргізу және бағаны ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл мақсатта облыста қажетті резерв бар, қажетті азық-түлікпен қамту үшін ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткіп жатыр. Сауда орындарында да тұрғындар сатып алатын қажетті заттар қоры жеткілікті. Осыған қарамастан бірқатар аудандарда көкөніс пен жеміс-жидек түрлеріне және ұн, жарма өнімдерінің бағасына зерделеу жұмысы жасалмаған. Нәтижесінде, алып-сатарлар арасында бағаны заңсыз көтеру фактілері орын алған екен.
Селекторлық жиында облыс әкімі Амандық Баталов барлық аудан бойынша азық-түлік бағасына бақылауды күшейтуді тапсырып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жолдарын нақтылады. Қазір аймақта Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, эпидемиологиялық жағдайға байланысты уақытша пайдаланылмайтын алаңның жалдау ақысын кейінге қалдыру немесе толықтай алып тастау үшін келіссөздер жүргізу басталды.
Алматы облысы