Қостанай облысында бірнеше ауыл бүгінге дейін Ресейдің ұялы байланысын пайдаланып отыр. Мәселен, Қарабалық ауданына қарасты Приречный ауылында қазақстандық байланыс операторлары атымен жоқ.
Тұрғындар бір-бірімен ресейлік МТС арқылы хабар алысады. Бұл ауылда «Ксеll»-ге кеңістік, «Асtiv»-ке ауа жоқ. Сырттан келген жолаушының телефоны тұншығып, тілсіз қалады. Қайтар жолға шығып, Қарабалыққа жақындаған соң ғана қайта тірілген ұялы телефонға «Әлемдегі ең алып ел – Ресейге қош келдіңіз! Роумингке тіркеліңіз. Арзан тариф!» деген хабар түседі. Одан Қостанайға жете бергенде «Үйіңізге оралуыңызбен! Шетелге жиі саяхаттайсыз ба? Біз арқылы арзан әуе, ТЖ билеттеріне тапсырыс беріңіз!» деген хабарлама тағы түседі. Осылайша Приречныйдан қайтқан жолаушы шекара аспай-ақ шетелге шыққандай күйге түседі.
Қарабалықтан 80 шақырым қашықта орналасқан Өрнек ауылдық округі әр жерден шоқтанып келіп, тұтасып кететін сыңсыған қайыңды орманды көркем табиғат аясында жатыр. Осыдан бір ғасыр бұрын Троицкіде «Айқап» журналын ашып, ұлттың жоғын жоқтап, елді ғылым мен техника тілін игеруге үндеген тұңғыш кәсіби журналист Мұхаметжан Сералин осы өңірде туған. Бейіті де осы Өрнектің маңында. Бұл жаққа баратын адам алдымен күн райын аңдап алады. Өйткені жаңбырлы күні онсыз да оңып тұрғаны шамалы, жол ми батпақ болып, межелі мекенге жету мұңға айналады.
Жаздың жайдары күндері Қарабалықтан асқан соң, күре жолдың үстінде көліктен гөрі елік көп кездеседі. Жануарлар таңғы алагеуімде жол бойында өріп жүреді. Тұмса табиғаттың ғажайып көрінісіне тамсанып, жан рақатына бөленген жанның асқақ көңілі жұрт ауып жартылай бос қалған бұйығы Өрнектегі жұпыны тіршілікті көріп, сап басылады. Топжарған қаламгер туған мекендегі мектепте төрт-ақ бала қалған. Білім ошағы биыл оқу жылы аяқталса, жабылып қалуы мүмкін. Мектеп жабылса, ауыл да алысқа ұзамайды. Қараша ауылдағы 20 шақты үй интернет деген игіліктен мүлдем мақырұм.
Жалпы, Өрнек ауылдық округіне Приречный, Қарақопа, Первомай, Өрнек елді мекендері қарайды. Төртеуі де көрші елдің байланысына байланып отыр. Ауылдық округтің орталығы – Приречный. 500-ге жуық тұрғыны бар берекелі ауыл Тоғызақ өзенінің бойында Қостанай мен Челябі облысының шекарасына жайғасыпты. Отандық байланыс аясынан шет қалғандықтан, шекара түбіндегі ағайын ұялы телефондарына Ресейдің нөмірін салып алған.
– Мұны ауылдың ішінде ғана қолданамыз. Ал Қостанай жаққа шығуға келмейді. Ақшамыз кетіп қалады. Роуминг кіреді де бүкіл тиынымызды қағып алады, – дейді ауыл тұрғыны Серік Қостанов.
Бұл ауылда ресейлік рубль теңгемен тең сұранысқа ие. Жергілікті тұрғындар тұрмысқа қажет бұйым түрлері мен азық-түлікті шекараның арғы бетіндегі Варна ауданынан тасиды. Өйткені қарсы бет аудан орталығы саналатын Қарабалыққа қарағанда қатынасқа қолайлы. Тұрғындардың айтуынша, Варнаның жолы тақтайдай теп-тегіс асфальт. Кәдімгідей рахаттанып отырасың. Бізде жол жаман. Жаңбырда жету қиын. Жай күннің өзінде, байқап отырмасаң, доңғалағын жолойыққа ұрған көлік тегершігі кетіп істен шығады.
Өрнек ауылдық округі тірек ауылдар тізіміне енбегендіктен табиғи газ, орталықтандырылған ауыз су жүйесінен де қағылып отыр. Ал ұялы байланыстың орнатылмауын отандық операторлар адам санының аздығымен түсіндірген.
– Олардың талабы бойынша ауыл тұрғындарының саны 500-ден төмен болмауға тиіс. Бізде қазір 700-дей адам тұрады. 70-ке жуық бала мектепте оқып жатыр. 2020-2021 жылдары бұл мәселе шешіледі деп отыр. Интернет қоямыз деп жатыр. Енді соны күтеміз, – дейді ауылдық округ әкімі Оразхан Қалдаманов.
Дәл мұндай жағдай Ұзынкөл ауданында да бар. Бұл ауданда шекара бойына орналасқан шет ауылдарды көрші елдің операторлары еркін билеп-төстеп алған. Ұзынкөлге қарасты бірден-бір қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл Обағанда бүгінде 105 үй түтін түтетіп отыр. Ауыл тұрғындарының саны шекарашылармен қосқанда 400-ден асып кетеді. Округ орталығы Тайсойғанда «Ксеll» операторының байланыс мұнарасы бар. Қуаты 2 G ғана. Сондықтан оның күші 18 шақырым қашықтықтағы еңіске орналасқан Обағанға әбден әлсіреп жетеді. Байланыс мұнаралары Обағаннан 25 шақырым жердегі Меңдіқара ауданына қарасты Красная Пресня елдімекені мен төтелей есептегенде 29 шақырым қашықтықта жатқан Қараталда да бар. Бірақ одан Обағанға келер пайда жоқ.
Ұялы байланыс аясынан тыс қалған жалғыз ауылға «Қазақтелекомның» телефондары үйге қойылған. Интернет сол арқылы келеді. Бірақ оның интернет деген аты ғана. Жылдамдығы өте баяу, тіпті жоқ деуге болады.
Обағанда орыс мектебі жоқ. Қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектепте 78 бала оқиды. Электронды күнделік толтырамын деп әбден қиналған мектеп мұғалімдері уақытының көбін компьютер алдында жоғалтып алады.
– Шекара түбіндегі Обағаннан 19 шақырым жерде Ресейдің Звериноголов ауданы орналасқан. Ол жерде 5-6 байланыс түрі бар. Арзан әрі қуатты. Мәселен, 350-400 рубльге ресейлік Роутер-Чип сатып алсаң, шексіз тариф береді. Онысы бір айдан артылады. Интернет желісін пайдалануға да сол жетеді. Бірақ біздің қазақстандық сайттарға кіре алмаймыз, – дейді ауыл тұрғындары. Тұрғындардың дені роутерді Ресейде тұратын тамыр-таныстарының атына тіркеп, үйлеріне қойып алған.
Обағанға отандық оператор байланысын орнатамын деп он шақты жылдан бері шырылдап жүрген азаматтың бірі – ауылдық округ әкімі Марат Нұржанов.
– 2013 жылы «Beeline», «Ксеll»-ге «Бізде қашан ұялы байланыс орнайды?» – деп сауал жолдадым. Одан кейін Теле-2-ге жаздым. Барлығының жауабы біреу-ақ: «Сіздің сауалыңызды қарап жатырмыз», дейді. 2017 жылы ауданға Мәжіліс депутаттары келді. Біз ол кісілердің алдында да осы мәселені көтердік. 2017 жылы Nur Otan партиясы аудандық филиалының жетекшісі екеуміз Ақпарат және коммуникация министрлігінің онлайн қабылдауында болғанда 2018 жылы ұялы байланыс орнатамыз деп уәде берген еді. Ақыры, міне, 2020 жылға кіріп кеттік. Енді осы жыл қайырлы болса екен деп үміт етіп отырмыз. 2019 жылы «Beeline» мен «Ксеll»-дің Қостанайдағы филиалына хат жаздым. «Activ» пен «Ксеll»-дің техникалық қолдау бөліміне барып, мамандармен сөйлестім. Олар «2020 жылдың аяғына дейін 250 адамнан артық тұрғыны бар елдімекендерге орнатамыз, біздің осындай лицензиялық міндеттемелеріміз бар. Бұл біздің мойнымызда. Қойып береміз» деген уәде берді, – деді әкім.
Осылайша обағандықтар биыл бесінші жыл отандық операторлардың «Орнатып береміз» деген уәдесіне сеніп, үміттеніп отыр. Бұл ауылдың тұрғындары да еліміздің өзге өңірлеріндегі отандастары сияқты интернет игілігін көргісі келеді.
– Дүкендерге терминал қойғымыз келген. Бірақ қазақстандық байланыс болмағандықтан, оны да орната алмай отырмыз. Отандық интернет байланысы келсе, қариялар да зейнетақысын терминалдан алып жетісіп қалар еді. Электр қуаты мен телефонға, несие төлеуге терминал ыңғайлы. Оларға хабарлассақ, сендерде қазақстандық байланыс жоқ дейді. Шынын айтқанда, бұл мәселені айта-айта шаршадық. Жұрт түңіле бастады. Шекараның түбінде орналасқан қазақтың қараша ауылы дауыл соқса, шекараның ар жағынан бірақ шықпасына кім кепіл, біз өзі қай мемлекеттікіміз? Кімге керекпіз? – дейді ашынған ауыл тұрғындары. Бұл мәселе туралы құзырлы органдардан сұрап білмек мақсатта Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасына хабарластық. Осыдан үш ай бұрын тағайындалған басқарма басшысы Азамат Қашиев:
– Біріншіден, отандық байланыс операторлары бізге бағынбайды, жеке меншік компаниялар. Сондықтан байланыс нарығында дербес жұмыс істейді. Қазір отандық операторлардан ұялы байланыспен қамтылмаған немесе интернет әлсіз елдімекендер туралы ақпарат сұратып жатырмын. «Алдағы жоспарлары қандай, байланысты күшейту үшін қандай шаралар жоспарлап отыр?» деген сауал жолдадық. Бірақ олардың барлығы филиал. Орталығы Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Бұл мәселені бірден шеше қою қиын. Сіздің сауалыңызды орталыққа жібердік, деп отыр. Өкінішке қарай, дәл қазір бізде бұған қатысты нақты ақпарат жоқ. Шекаралық ауылдарда неге интернет жоқ деген сауалға операторлар техникалық мүмкіндігіміз жоқ деп жауап береді. Оларға халық саны аз шағын елдімекендерге қуатты интернет базасын салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сайда тұрған ауылдар бар. Оларға биік мұнара орнату керек. Оған да үлкен қаржы керек. Операторларда қазір мұндай қаражат жоқ, – деді.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір бірден-бір мемлекеттік реттеуші саналатын «Қазақтелеком» «Ксеll» мен «Activ»-тің 75% акциясын сатып алған көрінеді. Сондықтан көңілге алдағы уақытта мемлекет тарапынан бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, шекара түбіндегі жоғары стратегиялық маңызға ие мекендер қуатты интернетпен қамтыла бастайды деген сенім ұялайды.
Әзірге шекаралық ауылдарда ұялы байланыс жоқ. Бар болғанның өзінде, тұрақты емес. Анда-санда әр жерден байланыс орнай қалса, оған сұғанақ роуминг қосылып кетіп, телефон теңгерімін жеп қоя береді. Жалпы, отандық операторлардың қызметіне зар болып отырған Өрнек ауылдық округі мен Обаған ғана емес. Ішкі аудандарды айтпағанда, шекараға жақын Ұзынкөл ауданындағы Варваров, Суворов, Ақбалшық, Сатаев елдімекендері мен Меңдіқара ауданына қарасты Балықты ауылы да байланыс аясынан тыс қалып қойған.
Қостанай облысы